КУКА-мен алғаш танысқан 1984 жылы ол Өзбекстан суретшілер одағынан қуылып, кемсітуге ұшырап, ресми орталарда мойындалмаған суретші болып жүрген еді.
Совет үкіметі жылдары испан суретшісі Пикассоның туындыларынан шабыт алып, модерн стилінде картиналар салатын өзбек формалист-суретшісі жайлы аңыз ауыздан-ауызға тараған болатын.
ВИДЕО: КУКА-ның сұхбаты (орыс тілінде)
КГБ-НЫҢ АҢДАУЫ
Ол жылдары КУКА СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) бақылауында жүрді.
КУКА деген лақап есіммен жұмыс істеген Хикмат Гулямов 1975 жылы Островский атындағы Ташкент мемлекеттік театр-көркем институтын бітірген. Арнайы қызмет оны советтің бейнелеу өнері мен бүкіл совет режимін жақтырмайтынын ашық білдірген «диссидент» ретінде бақылауға алды. Бірақ бұл оған формалистік бағыттағы ізденістерін жалғастыра беруге бөгет болған жоқ.
1976 жылы КПСС орталық комитетінің «Мәдениет және өнер саласының жас қайраткерлерін көтермелеу туралы» шешімі негізінде Хикмат Гулямов Ташкентте енді ғана ашылған «Ильхом» театры фойесінде картиналарының көрмесін ұйымдастырды. Әлгі көрме Орталық Азиядағы авангардист суретшілер картиналарының алғашқы көрмесі болды. Бірақ көрме екі күн ғана тұрды. Ол заманнның идеологиясы әлгі картиналарды «социалистік өмір салты үшін қауіпті» деп санап, оларды көрсетуге тыйым салды. Хикмат Гулямовтың картиналарын көрген шенеуніктер суретші ақылынан алжасты деп ойлады. Ақыры Хикмат Гулямов психиатриялық клиникада мәжбүрлі түрде «емделді». Советтің жазалау психиатриясы ақыл-есі дұрыс емес деп танып, КУКА-ны біраз уақыт қоғамнан оқшаулады. Ол Өзбекстан суретшілер одағынан қуылды. Суретшіге арнайы дүкендерден қылқалам, бояулар сатып алуға тыйым салынды.
КУКАНЫҢ КАРТИНАЛАРЫ
Өзбекстанның батысындағы мұражайда Хикмат Гулямовтың екі картинасы ғана сақталған. Қалғандары жоғалып кеткен. 1984 жылы Өзбек ССР-і мәдениет министрлігі маған Үргеніште картиналар галереясын жинақтауды тапсырып, Хикмат Гулямовты іздеуге кірістім. Өзбекстан суретшілер одағының кадр бөліміне кіріп, суретші жайлы сұрадым. Маған«КУКА психиатриялық ауруханада баяғыда өліп қалған» деді. Енді біреулер КУКА нашақорға айналған, қазір «ломкада» жүр деді. Тағы біреулер «КУКА тауға кетіп қалған, сол жақта шамандармен бірге Дзэн-буддизм ілімін зерттеп, шұғылданады» деді. Бірақ нақты жауабын ешкім айта алмады.
Суретші Бахадир Жалалдан да сұрап көрдім. Ол «КУКА жайлы Марина Соколова біледі» деп жөн сілтеді. Марина Соколова суретші Шыңғыс Ахмаровтың көршісі болатын. Пәтерінің есігін қақтым. Есікті өңі жүдеу әйел ашты, оның бұрынғы Марина екенін үлкен көздерінен ғана таныдым.
КУКА жайлы естігенде ол шошып кетті. «КУКА-ны қайтесіз? Мені жайыма қалдырыңыздаршы» деді ол бетін қолымен жауып. КГБ Соколованы КУКА-ға қатысты тергеуге бірнеше рет шақырғанын кейін таныстар айтты. Сондықтан әйел үлкен күйзелісте жүр екен.
Мен «КУКА-ның картиналарын сатып алайын деген ем» дедім. Совет кезеңінде мұндай сөз көп айтыла бермейтін. Қысқасы, Марина екеуіміз Ташкенттің бір түкпірінде орналасқан Қарасу ауданындағы көпқабатты үйлердің біріне бардық. КУКА-ны сол жерден таптық.
ЖАРҚЫРАҒАН КҮН
Ол түрі моңғол тектес, денесі кішкентай жігіт болатын. Өмірдің талай ауыртпалығын тартса да, көздерінде кекесін тұнып тұратын. Ол сол жылдары сұраныс көп болған джинсы шалбар тігіп, сатумен айналысқан. Марина оған мені таныстырды. Психиатриялық клиникадан босап шыққаннан кейін онымен жолығып тұрған алғашқы мұражай қызметкері мен болып шықтым. КУКА бөлме ішіне картиналарын қойып шыққан кезде түнерген бұлттан сансыз күн сәулесі жарып шыққандай сезімге бөлендім. Оның картиналарынан, әсіресе автопортреттерінен тараған сәулені жарығы күшті прожектормен салыстыруға болады. Олардың бірінде КУКА өзін клоун образында бейнелеген. Қысқасы, мен КУКА-ның (Хикмат Гулямовтың) 10 картинасын мәдениет министрлігі жанындағы мемлекеттік сараптама комиссиясына (МСК) апарып бердім.
КУКА картиналарын жіппен байлап, арқасына асып алып жүрді. Революция саябағы (қазіргі Әмір Темір саябағы) жанында орналасқан көркем көрмелер дирекциясы ғимаратындағы холл КУКА-ның картиналарынан тараған сәуледен тіпті жарқырап кеткені әлі есімде. Әлгі картиналар МСК мүшелерінің мұз болып қатып қалған жүрегін де жібітіп жіберді. Социализм тақырыбында салынған арзан қол картиналардан шаршаған комиссия мүшелері көз алдарында нағыз шебердің қолынан шыққан өнер туындылары тұрғанын сезді.
МСК төрағасы, мәдениет министрлігіне қарасты бейнелеу өнері басқармасы бастығы Маргарита Соколова жымиып, мені ризалықпен қолдағаны есімде. Комиссия төрайымы Маргарита Соколова «Бұл не?» деп сұрады. КУКА ыңғайсызданып, «Шухрат қой, мені болмай көндірген» деп абыржып, маған қарады. Мен «Үргеніш картина галереясына жаңа топтама қажет» дедім нықтап. МСК мүшелері «Не үшін?» деп сұрады. «Үргенішке шетелдік туристер өте көп келеді. Оларға арнайы модерн-коллекция керек» дедім. Ақыры олар Хикмат Гулямовтың екі картинасын сатып алуға рұқсат берді. Қазір Хикмат Гулямовтың «Кактус. Натюрморт» картинасы мен «Автопортреті» Үргеніш картиналар галереясында сақтаулы тұр. Ал нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қорда. Хикмат Гулямовты әлгі кездесуден кейін ешқашан көргенім жоқ.
Суретшінің 500-ден аса картинасының кейінгі тағдыры не болғаны белгісіз. Таныстарымнан Хикмат жайлы сұрағанымда олар суретші «Тибетте шарық пайдаланбай қыш құмыра жасайды екен» деді. Енді біреулер КУКА-ны «Бразилия аборигендері жеп қойыпты» деген аңызға сенеді.
«САҒЫМДЫ СЫНДЫРА АЛМАДЫ»
Екеуіміздің алғашқы кездесуімізге 33 жыл өткенде Хикмат Гулямовке телефон соқтым.
– А, Шухратжан, қалайсыз? Марк Твен айтқандай, мен әзірше тірімін, мені өліп қалды деген қауесет онша дұрыс емес. 1976 жылы олар менің сағымды сындыруға тырысты, бірақ қолдарынан келмеді, - деді Хикмат Гулямов.
Суретші екеуміз тура бір жарым сағат бойы әңгімелестік. Ол шығармашылығына тыйым салынған 1976 жылдан кейін көрген қуғын-сүргін мен азаптары туралы айтып берді. Бұл өнер идеясына кәміл сеніп, әсемдікті өмірлік ұстанымы деп таныған дәруіштің әңгімесі болды. Формализмнен басталып, реалистік көркемөнер стилінде жалғасқан шығармашылық жолы туралы әңгімесінің орта шеніне қарай суретші қыш құмыраларды шарықсыз қалай жасағанын еске алды.
Қарлығаштар мен КУКА құмыраны шарықсыз жасай алады. Әдетте қыш құмыраны сазды шарыққа қойып, айналдырып отырып жасайды. Бірақ қарлығаш ұясын сабан қосып, саздан шарықсыз жасайды. Бұл жұмыс кезінде адам жаны тыныштықта болып, жаратқан иесін тынымсыз мадақтауы тиіс. Бұл КУКА-ның қолынан келген. Бірақ кейін жұрт «КУКА өзі жасаған құмыралардың ішіне түсіп, ғайып болыпты» деген аңыз шығарып алды. Суретшінің пікірі басқаша:
– Стилімді өзгерттім. Реализм жанрына оралдым. Білмеймін, мүмкін мен болмысты бейнелеудің жаңа құралын тапқан шығармын. Бірақ бұл жаңалығымды да ешкім елеген жоқ. Мұным да уақыт ағымына іліге алмады. Бірақ жоқтан бар жасау немесе керісінше болуы мүмкін емес, - дейді суретші.
Шындығында, мәскеулік арт-бомонд Хикмат Гулямовтың көрмесіне селқос қарады. Белгілі сыншылар мен арт-басылымдар көрме жайлы тым болмаса шағын мақала жазу қажет деп санамады. Кейінгі 40 жыл бойы жоқшылықтан көз ашпаған Хикмат Гулямов:
– Картиналарым сатылмайды, қаржылай демеуге зәрумін, - дейді.
Ол дүниеге келген кезде саясаттан хабары бар ұлты өзбек атасы оған қарап тұрып, «Мао-Цзедунға ұқсайды» деген екен. Бірақ ұлты қазақ атасы «Жоқ, Мао Цзедун емес, бұл Көке (Қазақстанның оңтүстігінде жасы келген ер адамды «Көке» дейді – авт.)» деп таласқан екен. Әлгі сөзден кейін жақындары Хикмат Гулямовты «Көке» деп атай бастаған. Кейін ол лақап есімге айналған.
КУКА-ның картиналары Үргеніш мұражайына қабылданған 1984 жылдан бері ондаған жыл өтті. Совет Одағы ыдырап, совет режимінің заманы келмеске кетті. Кезінде оның картиналарын қабылдамай қойған шенеуніктер де қартайып, қайтыс болды.
Бірақ ташкенттік суретші Хикмат Гулямовтың картиналары әлі күнге дейін өзектілігі мен жалынды ұшқынын жоғалтқан жоқ.
Әңгіме соңында суретшіден «Егер Өзбекстан үкіметінен тапсырыс түссе, картина салар ма едіңіз?» деп сұрадым.
– Ол, әрине позитивтік сарындағы картина болып шығар еді. Суретші Сарян елін бейнелеген ашық реңкті түстер болуы мүмкін. Мүмкін, лирика (терең күрсініп). Шіркін, ондай картина сала алсам ғой! Дүниеге келген отанымды қатты жақсы көретінім соншалық, оны бейнелеу қиын. Ондай картина салу қолымнан келер ме екен деп ойлаймын, - деді қазір Мәскеуде тұратын суретші Хикмат Гулямов.
Азаттықтың Өзбек қызметінің журналисі Шухрат Бабажановтың блогы орыс тілінен аударылды.