Accessibility links

Израиль армиясының кезекті қарымта шабуылынан кейін құлаған ғимараттың қасында ашу-ызасын айтып тұрған адам. Газа қаласы, 11 қазан, 2023 жыл.
Израиль армиясының кезекті қарымта шабуылынан кейін құлаған ғимараттың қасында ашу-ызасын айтып тұрған адам. Газа қаласы, 11 қазан, 2023 жыл.

Газа секторындағы жалғыз электр станциясы сөндірілді

ХАМАС шабуылынан Израильде қаза тапқан адам саны 1300-ге жеткен. Газа секторындағы денсаулық сақтау министрілігі 1200 палестиндік мерт болды дейді. Екі жақтан 9 мыңнан астам адам жараланған. ХАМАС тобы Газа секторынан тұтқиыл шабуыл жасаған соң Израиль кейінгі 50 жылда алғаш рет соғыс жағдайына көшкенін ресми түрде жариялады.

08:51 10.10.2023

9 қазандағы негізгі оқиғалар

  • Бухарест 245 румын азаматын Израильден жеке меншік екі ұшақпен эвакуация жасаған, арасында мінәжат етуге барған екі топ бар. Бұл туралы Азаттықтың Румын редакциясы сол елдің билігіне сүйеніп хабарлады. Румыния сыртқы істер министрлігі кейінгі екі аптада Израильден 800 румын азаматы шыққанын, әлі сол шамалы адам Израильде қалғанын айтты.
  • 9 қазанға қараған түні Венгрия 215 азаматын ұшақпен Израильден Будапешке жеткізгенін хабарлаған.
  • Украина бас барлау басқармасы АҚШ пен Батыс елдерінде шығарылған кейбір қару-жарақ түрлерін ХАМАС радикалды топ мүшелері кейінгі күндері Израильге қарсы соғыста қолданып жүр-мыс деген хабарға байланысты мәлімдеме жариялады. Онда "Ресей Украинадағы соғыста қолға түсірген қару-жарақты Украинаға жала жабу мақсатында кейін ХАМАС-қа бергені" айтылған. Мәлімдемеде нақты қандай қару-жарақ екені көрсетілмеген. ХАМАС тобына жақын ресурстар жариялаған видеода америкалық М4 әскери мылтығына ұқсас қару ұстаған адамдар көрінеді. АҚШ пен Еуропа одағы террор ұйымдар тізіміне енгізген ХАМАС радикал қозғалысы қару-жарақты Иран мен оны қолдайтын өзге топтардан алатыны бұған дейін белгілі болған. АҚШ-тағы президент Джо Байден әкімшілігін сынап жүрген, негізінен Дональд Трампты жақтайтын және Украинаға көмек беруге қарсы кейбір америкалық саясаткерлер бұған дейін Украинаға берілген қару-жарақтың біраз бөлігі ХАМАС қолына түскен болуы мүмкін деген болжам айтқан. Ақ үй әкімшілігі бұған дейін Украинаға берілген қару-жарақтың (соғыс кезінде Ресей әскерінің қолына түскендерді есептемегенде) өзге елге тарап кеткеніне ешбір айғақ-дәлел жоқ деп мәлімдеген.
  • Газа секторынан тұтқиылдан шабуылдаған палестиндік ХАМАС радикал тобына қарсы соғыс жариялаған Израильдің премьер-министр Биньямин Нетаняху халыққа үндеу жасады. Ол Израиль күштерінің дүйсенбіде Газа секторына әуе соққысын аймақтағы қуатты әскери операцияның «тек басы» екенін айтты. «Олар соғысты қалап еді, енді соны алады» деді Нетаняху. Ол оппозициялық партияларды саяси айтыс-тартысты қоя тұрып, 1967 жылы Алтыкүндік соғыс басталған кездегідей ұлттық бірігу үкіметін құруға үндеді. Израиль премьер-министрі елдің қарулы күштері жүзеге асыруға тиіс бес міндетті атады.
  1. Әлі де болса ел аумағында қалып отырған лаңкестерді заалалсыздандыру;
  2. Газа секторындағы ХАМАС тобына қарсы соғыс іс-қимылына көшу;
  3. Солтүстіктегі шекараны Ливан жақтан қатер төндіретін радикал топтардан қорғайтын қауіпсіздік шараларын күшейту;
  4. Халықаралық қауымдастықтың қолдауына сүйеніп, Израильдің еркі іс-әрекетін қамтамасыз ету;
  5. Жеңіске жету үшін Израиль халқының бірлігін сақтау.
  • Израильдің Haaretz басылымы ХАМАС шабуылынан қаза тапқан израильдіктер мен шетел азаматтарының саны, 9 қазан кешке дейін түскен мәліметтер бойынша 900 адамнан асқан деп хабарлады. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да, Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) сарбаздары мен полиция қызметкерлері де бар. 2400-ге жуық адам жараланған. Қарулы лаңкестер кемінде жүз адамды кепілге әкеткен. Олардың нақты саны беймәлім, бірақ арасында балалар мен қарттар бары белгілі. Газа секторындағы жергілікті денсаулық сақтау мекемесі шабуыл басталғалы 687 адам жараланып, кемінде 3700 адам жараланды деп мәлімдеді.

13:57 10.10.2023

Израильде ХАМАС шабуыл жасаған елді мекеннен 100-ден астам адамның өлігі табылған

Музыка фестиваліне қатысушыларға ХАМАС тобының қарулы адамдары тұтқиылдан тап беріп, жаппай атып, кейбірін кепілге алып кеткен жерде қалған көліктер. 7 қазан, 2023 жыл.
Музыка фестиваліне қатысушыларға ХАМАС тобының қарулы адамдары тұтқиылдан тап беріп, жаппай атып, кейбірін кепілге алып кеткен жерде қалған көліктер. 7 қазан, 2023 жыл.

Израиль еріктілері Газа секторына жақын жердегі Беэри кибуцында ХАМАС шабуылынан қаза тапқан 100-ден астам адамды тапқанын хабарлады. Жергілікті бір тұрғын бұған дейін мыңға жуық адам тұрған кибуцтың толық жойылғанын айтты. Қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Беэри кибуцы – 7 қазанда таңертең ХАМАС шабуылына ұшыраған елді мекеннің бірі. Мұндағы тұрғындар кепілге алынып, кейін босатылғаны туралы хабар тараған.

Бұған дейін Израиль әскери өкілдері ХАМАС лаңкестеріне қосымша күштер Газадан Беэриге дейін қазылған жерасты жолымен келуі мүмкін деген болжам айтқан. 7 қазаннан бері ХАМАС шабуылы кесірінен Израиль жағынан кемінде 900 адам қаза тауып, екі жарым мыңға жуық адам жараланған. Жүздеген адам хабар-ошарсыз кетті, тағы жүзге жуық адам кепілге алынған, олар Газа секторында болуы мүмкін.

Израиль террорлық шабуылға қарымта ретінде "Темір қылыш" әскери операциясын жүргізіп, Газа секторындағы нысандарға шабуыл жасап жатыр. Палестина тарапының хабарлауынша, Израиль қорғаныс күштерінің соққысынан 700-ге жуық палестиналық қаза тауып, Газадағы төрт мыңға жуық тұрғын жараланған.

15:08 10.10.2023

Израиль армиясы шабуыл басталғалы "1500 террористі жойғанын" айтты

ХАМАС лаңкестері Газа секторынан шекараны бұзып өтіп, қарулы шабуыл жасағаннан кейін жол бойында тұрған Израиль қауіпсіздік күштері. Израиль, Сдерот маңы, 8 қазан, 2023 жыл.
ХАМАС лаңкестері Газа секторынан шекараны бұзып өтіп, қарулы шабуыл жасағаннан кейін жол бойында тұрған Израиль қауіпсіздік күштері. Израиль, Сдерот маңы, 8 қазан, 2023 жыл.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторымен шекарадағы бақылауды толық қалпына келтіргенін мәлімдеді.

"Өткен тәулікте қоршаудан бірде-бір террорист өткен жоқ" деді ЦАХАЛ-дың ресми өкілі Даниэль Хагари журналистерге.

Израиль армиясының есебінше, ел аумағында ХАМАС тобының бірнеше өкілі жасырынып жүр. Жаңа ақпаратқа сәйкес, "Израильде шабуыл басталғалы 1500 террористің көзі жойылған".

10 қазан таңертең Израильде ХАМАС шабуылынан қаза тапқандар саны 900-ден асып, Израильдің Газа секторына жасаған қарымта соққысынан 700-ге жуық палестиналық өлген деген ақпарат тарады. Қаза тапқан адамдардың арасында Тайланд, Аргентина, АҚШ және Ресей сияқты шет мемлекеттердің азаматтары да бар.

Израиль қорғаныс армиясы офицерлерін ХАМАС тобы кепілге алған адамдардың отбасыларына сол жөнінде хабарлауға жұмсаған. Израильдің мәліметінше, 150-ге жуық адам тұтқында болуы мүмкін. ХАМАС "егер Израиль Газа секторындағы бейбіт халыққа ескертусіз соққы берсе, тұтқындарды тікелей эфирде өлтіре бастаймыз" деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Израиль армиясы түнде Газа секторындағы 200-ден астам нысанаға, соның ішінде "мешіттегі қару-жарақ қоймасы" мен "террористер бекінген биік мұнараға" шабуыл жасағанын хабарлады.

17:21 10.10.2023

Қазақстандықтар мінген ұшақ Тель-Авивтен ұшып шықты

Қазақстан азаматтары мінген ұшақ Тель-Авивтен Қазақстанға бет алды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ұшақта 124 қазақстандық және 42 шетелдік азамат бар деп хабарлады.

Ұшақ бүгін Астана уақытымен сағат 23:45 шамасында Алматы қаласына жетеді деп жоспарланып отыр.

Бұған дейін Қазақстанның Air Astana әуе компаниясы Израильден қазақстандықтарды елге жеткізу үшін сейсенбі күні таңертең, жергілікті уақытпен сағат 8-де Тель-Авивке ұшақ аттанғанын хабарлаған.

Дүйсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы бар болуы мүмкін деп хабарлаған. СІМ ресми өкілі 118 қазақстандық елге оралуды ұйғарғанын, оларды Израильден алып қайтуға арнайы ұшақ шығатынын айтқан.

.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG