Газа секторында жүздеген үй қирап, 400 мыңға жуық адам сусыз қалды
БҰҰ-ның есебі бойынша, Израильдің қарымта шабуылдарынан Газа секторында кемінде 790 үй қирап, тағы 5 мыңнан астамы бүлінген. Инфрақұрылым бұзылғандықтан 400 мыңға жуық адам сусыз қалған, кәріз желісі істен шыққан.
Дүйсенбі күні Израиль Газа секторын толық құрсауға алатынын жариялап, электр қуаты мен судан ажыратқан. Израиль қорғаныс армиясы сенбі күні ел аумағына ХАМАС радикал тобының қарулы адамдары тұтқиылдан жасаған шабуылға қарымта ретінде Газа секторын соққының астына алды. Израильдіктер сенбіде болған шабуылды 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-қа қарсы жасалған террорлық шабуылға теңейді.
Израильден азаматтарын әкетіп жатқан елдер
Қазақстанның Air Astana әуе компаниясының ұшағы 124 қазақстандық және 42 шетелдік азаматты Тель-Авивтен алып ұшты. Ол бүгін жол-жөнекей Ақтауға бір қонып, Астана уақытымен сағат 23:45 шамасында Алматы қаласына жетпек.
Тағы қандай елдер Израильден азаматтарын әкетіп жатыр?
Еуропа елдері соғыс жағдайында екенін жариялаған Израильден азаматтарын алып кетуге асығып жатыр. Польшаның үш әскери ұшағы 250-ден астам поляк азаматын Варшаваға жеткізді, тағы 2 мыңға жуығы жақын арада ұшып шықпақ.
Албания Тель-Авивтен ондаған адамды алып шықты, арасында Косова мен Солтүстік Македония азаматтары да бар.
Венгрия өткен түні Израильден елге жеткізген 325 адамның арасында 46 бала мен 15 шетелдік бар.
Италия сыртқы істер министрі шамамен 200 италиялық мінген елдің әскери-әуе күштерінің екі ұшағы 10 қазанда Римнен 30 шақырым жердегі әуежайға келеді деп хабарлады.
АҚШ-тың Тель-Авивтегі консулдығы Палестина мен Израильде жүрген азаматтарын Лод әуежайынан америкалық ұшақтарға мінуге дайын болуға шақырды.
Үндістан Израильден шыға алмай отырған үнді студенттерін алып кетуге бар күшін салатынын мәлімдеді.
Көптеген ірі әуе компаниялары қауіпсіздік мақсатында Израильге жолаушы тасымалдауды доғара тұратынын хабарлады.
Израильге "Болашақ" бағдарламасымен барған 16 қазақстандықтың көбі қайтып келе жатыр — Ғылым және білім министрлігі
Израильге "Болашақ" бағдарламасы аясында Rabin Medical Center, Sheba Medical Center және басқа ғылыми орталықтарда білімін жетілдіруге барған 16 қазақстандық стипендианттың 14-і елге қайтарылды. Бұл туралы бүгін Ғылым және білім министрлігі хабарлады.
Ұлттық мереке кезінде Дубайға қыдырып барған тағы 2 студент Қазақстанға жақын арада қайтарылады дейді министрлік.
Газадағы денсаулық сақтау министрлігі "сенбіден бері 830 палестиналық қаза тауып, 4250 адам жараланды" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР