Израильдің Ашелон қаласында бірнеше рет жарылыс дауысы естілді
Бүгін, 10 қазанда ХАМАС қозғалысы Ашелон тұрғындарын жергілікті уақытпен 17:00-ге (Алматы уақытымен 20:00) дейін қаладан шығып кетуді ескерткен. ВВС сайтының жазуынша, ХАМАС белгілеген бұл уақыт өте сала қалада жарылыс дауыстары естіле бастады.
Ашелон ХАМАС бақылауындағы Газа секторына жақын орналасқан.
Тель-Авивтен 124 қазақстандық арнайы рейспен Алматыға оралды
Израильден оралғандарды әуежайдан жақындары күтіп алды.
Air Astana компаниясының ұшағы Израильден Астана уақытымен 16:45-те ұшып шыққан. Ұшақ алдымен Ақтауға қонып, кейін Алматыға келді.
Air Astana әуе компаниясының өкілі қазақстандық ұшақ Израильге барғанда "жағдай айтарлықтай қиын болғанын" айтады.
"Бұл өте қиын қадам болды, бірақ біз бұл рейсті орындағанымызға қуаныштымыз" деді компанияның маркетинг және сату бойынша вице-президенті Әділ Дәулетбек.
9 қазанда Қазақстан қақтығыс болып жатқан Израильден азаматтарын шығарып алу үшін арнайы рейс дайындап жатқаны белгілі болған.
Израиль арнасы Газа маңындағы кибуцта қатыгездікпен өлтірілген тұрғындар табылғанын, арасында нәрестелер барын хабарлады
Шетелдік және израильдік журналистер сейсенбіде Газа секторы шекарасына жақын орналасқан Кфар Аза кибуцына барды. Бұл кибуцты палестиналық ХАМАС радикал қозғалысының қарулы адамдары сенбі күні бірнеше сағатқа басып алған. Олардың айтуынша, кибуцта ондаған бейбіт тұрғын өлтірілген, 70-тен 200-ге дейін адам қаза тапқан деген ақпарат тарады.
i24NEWS кибуцта кісі қолынан өлген 40 бала табылған, арасында жантүршігерлік азаптау көрген нәрестелер де бар деп хабарлады. The Independent басылымы да Израиль армиясының өкіліне сүйеніп, өлтірілген балалар туралы ақпарат таратты. Әзірге кибуцта қанша адам қаза тапқаны ресми түрде айтылған жоқ.
Израиль генералы Итай Верув журналистерге берген сұхбатында өмірінде мұндай зорлық-зомбылықты ешқашан көрмегенін айтты. Оның сөзінше, шабуыл жасағандар кибуцтағы тұрғындарды бүкіл отбасымен, сәбилерімен қоса қырып тастаған. "Бұл соғыс емес, бұл – қырғын, бұл – террор" деді ол.
Бұған дейін бірнеше куәгер шекара маңындағы Израиль жерінде бейбіт және қарусыз адамдар қырғынға ұшырағанын айтқан еді. 10 қазанда Беэри кибуцында ХАМАС шабуылынан қаза тапқан 100-ден астам адам табылғаны хабарланды. Ең көп құрбан саны ашық аспан астындағы SUPERNOVA музыка фестиваліне келгендер арасында болуы мүмкін. Ол жерде 250-ге жуық адам өлтірілген деген болжам бар. Олардың ішінде түрлі елдің азаматтары бар, кейбіреуі кепілге алынған.
7 қазаннан бері ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылынан осы елдің кемінде мың тұрғыны қаза тауып, үш жарым мыңнан астам адам жараланған. Израиль билігі қатаң қарымта қайтаратынын, Газа секторындағы ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын түбегейлі жоятынын мәлімдеді.
Газа секторындағы денсаулық сақтау мекемесі "сенбіден бері 830 палестиналық қаза тауып, 4250 адам жараланды" деп хабарлады.
АҚШ президенті Байден: ХАМАС-тың әрекеті – нағыз зұлымдық
АҚШ президенті Джо Байден 10 қазан кешке Ақ үйде Палестинаның ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылына және Израиль мен Газа секторындағы ұрыс қимылдары туралы сөз сөйледі. АҚШ президенті ХАМАС-тың әрекетін "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремист тобы жасаған ең қанқұйлы терактілерді еске түсіретін "нағыз зұлымдықтың өзі" деп сипаттады.
АҚШ президентінің сөзінше, "ХАМАС Палестина халқының құқығын қорғамайды, оның алға қойған жалғыз мақсаты – еврейлерді өлтіру".
Байден шабуыл салдарынан мыңға жуық адам қаза тапқанын айтып, оның ішінде 14 АҚШ азаматы барын мәлімдеді. Шабуыл жасаған жиһадшылар бейбіт адамдарды, соның ішінде балалар мен қарттарды, Холокост кезінде аман қалған адамдарды өлтірген деді АҚШ президенті. Ол ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды еске салды, олардың арасында Америка азаматтары бар екені айтылды.
Байден сөзінде АҚШ-тың Израильді қолдайтынын бірнеше мәрте айтты. Оның сөзінше, Израильдің өзін қорғауға "құқығы ғана емес, міндеті де бар". Байден Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаняхуды "соғыс заңын сақтауға" шақырғанын мәлімдеді.
Байден Израильді қолдауға қосымша қаражат бөлу мәселесін, Израильдің қорғанысын қажетті құралдармен қамтамасыз ету жайын Конгреспен бірлесіп қарастыратынын айтты. Ол көбіне әуе қорғанысы құралдары туралы сөйледі. Қажет болса АҚШ аймаққа қосымша әскери күш жіберуге дайын деді Ақ үй басшысы. Байден АҚШ кез келген үшінші мемлекет немесе ұйымдарға қақтығыстың ушығуын пайдаланбау туралы алдын ала ескертетінін мәлімдеді. Президент Америка халқын бірлікке үндеп, қазіргі сәтте Израильді қолдау саясат мәселесі емес, ол әлем бойынша, соның ішінде АҚШ-та қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі екенін айтты.
Сейсенбі күні кешке АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің жақын арада Израильге баратыны белгілі болды. Ол ХАМАС тобы Израильден кепілге алынған адамдарды босату мәселесін талдайды.
7 қазаннан бері ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылынан осы елдің кемінде мың тұрғыны қаза тауып, үш жарым мыңнан астам адам жараланған. Газа секторындағы денсаулық сақтау мекемесі "сенбіден бері 830 палестиналық қаза тауып, 4250 адам жараланды" деп хабарлады.
ПІКІРЛЕР