Израиль денсаулық сақтау министрлігі ХАМАС мүшелерін емдеуден бас тартты
Израиль денсаулық сақтау министрлігі осы елге шабуыл жасаған ХАМАС радикал тобының мүшелерін мемлекеттік ауруханаларда емдеуге тыйым салды. Бұл жөнінде The Jerusalem Post басылымы жазды.
Израиль денсаулық сақтау министрі Моше Арбель бұйрық шығарған.
"Ел басына күн туғанда денсаулық сақтау жүйесі қанды қырғынның құрбандары, Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сарбаздарын емдеуге толық көңіл бөлуі керек" деді Арбель.
Кейін Тель-Авивтегі ірі үш аурухананың бірі ХАМАС мүшелерін қабылдамай қойған белгілі болды. Оларды Рамледегі түрме клиникасына жіберген.
12 қазанда таңертең Израиль қорғаныс армиясы ХАМАС-тың тағы екі мүшесі – әскери теңіз күштерінің жоғары лауазымды өкілдері Мұхаммед Әбу Шамалы мен Мұстафа Шахинді өлтіргенін хабарлады. Шахин 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан тікелей эфирде хабар таратқан. Израиль армиясының мәліметінше, Газа секторына түнгі шабуылдың нәтижесінде ХАМАС-тың арнайы күштеріне тиесілі ондаған нысан жойылған.
ЦАХАЛ таратқан мәліметте ХАМАС тұтқиылдан шабуыл бастаған сенбіден бері Израильде ХАМАС-тың 1500-ден астам мүшесі өлтірілгені айтылған.
- ХАМАС – Израильді мойындамайтын палестиналық радикал топ. Ол Израиль мен Египет арасындағы палестиналық анклав – Газа секторын бақылауда ұстайды. АҚШ пен Еуроодақ оны террор ұйымдар тізіміне енгізген. 7 қазанда ХАМАС тобы Израильдің оңтүстігіне тұтқиылдан шабуыл жасап, салдарынан Израильдің 1300-ден астам тұрғынын өлтіріп, жүзден астам адамды кепілге алған. Құрбан болғандар саны күнде өзгеріп жатыр, кепілге нақты неше адам алынғаны белгісіз. Бұған дейін бейбіт адамдар (арасында балалар да бар) ерекше қатігездікпен өлтірілгені жөнінде ақпарат тараған.
Египет Газа секторынан келетін босқындарға гуманитарлық дәліз бермейтінін айтты
Египет Газа секторындағы босқындарға гуманитарлық дәліз ашудан бас тартты, бірақ гуманитарлық көмек жеткізу үшін өз шекарасын пайдалану жайын талқылады. Бұл туралы Египет қауіпсіздік органдарындағы дереккөзге сүйеніп, Reuters агенттігі жазды.
Агенттікке сұхбат берген адамның айтуынша, Египет Газа секторының бейбіт тұрғындарына қауіпсіз дәліз ашудан бас тарту себебін "палестиналықтардың өз мәселесі мен жерін қорғау құқығын қорғау үшін керек" деп түсіндірген. БҰҰ-ның 12 қазан таңертеңгі мәліметінше, Газа секторында 339 мың адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған, басым бөлігі мектептерді паналап жатыр.
Бұған дейін АҚШ мұндай дәліз ашу идеясы Израиль мен Египет арасында талқыланғанын айтқан еді. Дәліз ашуға гуманитарлық топтар мен Еуропа Одағының ресми өкілдері үндеген.
Сәрсенбі, 11 қазанда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш "Газаға жанармай, азық-түлік пен су жеткізілуі керек" деді. Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, гуманитарлық дәліз идеясы Египет, АҚШ, Қатар мен Түркия арасындағы келіссөзде талқыланған. Кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған көмекті жеткізу бойынша жұмыс басталғанын айтты, бірақ нақты қандай көмек екені белгісіз.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "тағы бір үлкен соғысқа жол бермес үшін" Таяу Шығыс аймағына барды. CNN жазуынша, ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және Палестина президенті Махмуд Аббаспен кездесуге барған.
ХАМАС радикал тобының тұтқиылдан жасаған шабуылынан кейін Израиль Газа секторына қарымта шабуыл жасап, электр, жанармай және су беруді тоқтатты. Газа секторындағы жалғыз электр станциясы жанармай жоқтығынан істемей қалды. Сенбіден бері Палестина ауруханаларында жараланғандар саны көбейіп жатқаны айтылды.
Кейінгі мәлімет бойынша, ХАМАС-тың Израильге шабуылы салдарынан елде 1300-ден астам адам қаза тапқан. ХАМАС шабуылына Израильдің қарымта соққысынан Газа секторында қаза тапқан адам саны 1200-ден асқан. Екі жақтан 9 мыңнан астам адам жараланған.
ХАМАС тобы 130 адамды кепілде ұстап отырғанын айтты. Израиль энергетика министрі ХАМАС ұрлап әкеткен израильдіктер үйіне қайтпайынша "бірде-бір сутартқыш ашылмайды" деп мәлімдеді.
X әлеуметтік желісі ХАМАС пен Израильге шабуыл туралы жүздеген аккаунтты жапты
X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісі палестиналық ХАМАС радикал тобына қатысы бар жүздеген аккаунт пен осы топтың 7 қазанда Израильге жасаған шабуылы туралы ондаған мың хабарламаны платформасынан алып тастады. Бұл туралы әлеуметтік желінің бас директоры Линда Яккариноның Еуропа Одағының сауалына берген жауап хатында жазылған.
Биыл 25 тамызда Еуропа Одағында әлеуметтік желілерді контентті жарияламас бұрын мұқият тексеріп алуға міндеттейтін цифрлық қауіпсіздік туралы заң күшіне енген. 10 қазанда Еуроодақтың ішкі сауда жөніндегі комиссары Тьерри Бретон X әлеуметтік желісінің меншік иесі Илон Маскке жолдаған хатында, Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға қатысты контенттер жариялағанда осы заңның талаптарын орындауды талап еткен.
Шенеунік хатта Еуропа одағында Х әлеуметтік желісі "заңсыз контент пен жалған ақпарат тарату үшін қолданылады деп айтуға негіз бар" деп жазған. Бұл заңды бұзғандарға кіріс айналымының 6 пайызы көлеміне дейін айыппұл салынады, ал X жағдайында бұл көрсеткіш жүздеген миллион долларға дейін барады.
Яккариноның жауабында Израильге шабуылдан кейін әлеуметтік желіде жағдайға реакция білдіру үшін жедел штаб құрылғаны айтылған. Олар аккаунттар мен хабарламаларды жойып қана қоймай, ондаған мың твитті жалған ақпаратпен күресетін контекспен толықтырған.
"Х желісінде террор ұйымдарына немесе күш көрсететін экстремистік топтарға орын жоқ" деп жазылған хатта.
ХАМАС Еуроодақ пен АҚШ-та террор ұйымы деп танылған. Десе де, бұл ұйым Палестина аумағындағы негізгі екі саяси күштің бірі және де-факто Газа секторында билік соның қолында.
Кейінгі мәлімет бойынша, Израильде ХАМАС шабуылынан 1300-ден астам адам қаза тауып, 3300 шамалы адам жараланған. Газа секторында жергілікті биліктің хабарлауынша, Израильдің қарымта шабуылы салдарынан 1400-ден астам өлтірілген, жараланған адам саны 6,2 мыңнан асқан.
HRW: Израиль Газа мен Ливанда ақ фосфорлы бомба қолданған
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Израиль армиясы қазанның 10-ы мен 11-інде Газа секторы мен Ливанды бомбалағанда құрамында ақ фосфор бар қару қолданғанына айғақтары барын мәлімдеді.
Куәгерлердің видеожазбалары мен сөздеріне сүйенген ұйым осындай тұжырым жасады. Мысалы, AFP агенттігінің Газадан жариялаған суреттерінде әуеден ақ жолақ көрінеді.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, Газада ақ фосфорлы бомба қолдану халық өміріне қауіп төндіріп, халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын бұзады.
Ақ фосфор ауада жанып, әппақ із қалдырады. Оны әскери мамандар кейде аймақты белгілеу үшін пайдаланады, алайда ол адамды қатты күйдіруі мүмкін. Оны жұрт көп жүретін жерде қолдану өте қауіпті. Халықаралық құқық оны қолдануға тыйым салмайды, бірақ оның зиянды әсеріне байланысты қолдану шарттары қатайтылған.
Израиль әскері Reuters агенттігіне "Газа секторында ақ фосфоры бар қару қолданылған я қолданылмағаны белгісіз" деп айтқан.
Ресейдің Израильдегі елшісі Александр Бен Цви Израиль армиясының ақ фосфорлы бомба пайдаланғанын жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР