Accessibility links

Оралдағы жөндеуге жабылған "Шаңырақтан" шығып қалған балалар үйі түлектерінің күдігі мен қорқынышы


"Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің тұрғыны Константин Киндиров күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ғимараттың ішін көрсетіп тұр. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 27 қыркүйек, 2023 жыл.
"Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің тұрғыны Константин Киндиров күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ғимараттың ішін көрсетіп тұр. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 27 қыркүйек, 2023 жыл.

Оралдағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйі жөндеуге жабылып қалған. Апат қаупі төнген ғимараттан тұрғындарды – балалар үйінің түлектерін көшірудің арты шуға ұласты. Баспанасына қайта оралуға биліктен кепілдік сұраған бірнеше адам шатырға шығып алып, секіреміз деп қорқытты. Жазбаша шарт жасасуға уәде берген шенеуніктер екі жарым апта өтсе де, айтқанын орындаған жоқ. Ал жетімдерді жағдайы мәз емес жерге уақытша орналастырған.

"ШАҢЫРАҚ" ТҰРҒЫНДАРЫН КӨШІРУ

"Шаңырақ" ғимараты көптен жөндеу көрмеген. Сыры түскен жұпыны қабырғалар, қараусыз қалған санитарлық желілер, қыста жел үрлейтін терезелер, кетілген еден... Балалар үйінің жүздеген түлегі, көпшілігі бала-шағасымен заң бойынша тиесілі үйдің кезегін күтіп, осындай жағдайда тұрып жатыр.

Олардың ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу мәселесін көтергеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Міне, сол күн де келіп жетті. Алайда қуанудың орнына, олардың көңілі күпті. Себебі балалар үйінен шыққандар күрделі жөндеуден кейін өздерін "Шаңыраққа" кері кіргізетініне сенбейді.

– Олар (ғимаратты балансына алған әкімдік, білім басқармасы – ред.) әрқайсымызбен жөндеуден кейін осында оралатынымыз туралы шарт жасасамыз деп уәде етті. Қазір қолымызға бір жапырақ қағаз ұстатып шығарып жіберіп жатыр. Бұл "хабарлама" кейін білгеніміздей, заңды күші жоқ, тек ескерту ретінде жүреді екен, – дейді "Шаңырақ" тұрғындарының бірі Константин Киндиров.

Киндиров ғимараттың шатырына шығып алып, Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдері келмесе, жоғарыдан секіремін деп қорқытқан. Оған тағы бірнеше әйел ілесті. Олар тіпті "Шаңыраққа" Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов келсе де, түспей қояды.

Сол кезде шенеунік наразы тұрғындарға "шарт жасасып, қол қоямыз" деп уәде берген. Шарттың талаптарын әкім сол жерде түлектермен бірге талқылап, құжат бірнеше сағатта дайын болатынын айтып, кетіп қалды. Бірақ одан бері екі жарым апта өтсе де, жатақханадан шығып қалғандар әкім уәде еткен құжатты сол күйі ала алмаған.

"ШАҢЫРАҚТЫҚТАР" ҚАЗІР ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР

"Шаңырақ" тұрғындарының бір бөлігін Орал қаласының маңында орналасқан "Самал" жазғы демалыс лагеріне көшірген. Жалғызбасты аналар мен олардың балалары – барлығы 46 адам лагердің бір корпусына орналасқан. Оларға тіпті тамақ әзірлейтін пеші мен ыдыс жуатын шұңғылшасы бар асхана да бөлген.

Әйелдер қыста тұруға жарамайтын бөлмелерде тұруға қорқады. Суық түскен кезде лагерьдің іші де азынап кете ме деп уайымдайды.

– Түнде бөлме суық, бірақ "Шаңырақтан" алып келген жылытқыш пешімізді қосып отырмыз. Бұл жазғы лагерь ғой, қыста суық болады. Ол кезде қалай тұратынымызды білмейміз. Лагерь директорымен сөйлестік, бізге барынша қол ұшын созып жатыр, – дейді Кристина Арыстанғалиева.

Кристина Арыстанғалиева балалар лагеріндегі асүйде ыдыс-аяқ жуып жатыр. Орал, 14 қыркүйек, 2023 жыл.
Кристина Арыстанғалиева балалар лагеріндегі асүйде ыдыс-аяқ жуып жатыр. Орал, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Лагерь басшылығы тұрғындардың электр жылытқыш пеш қосуына рұқсат етіп, қосымша төсек, матрастар берген.

Корпусқа көшіп келгеннен кейін бірнеше күннен соң бойлер (электр су жылытқыш) бұзылып қалды дейді Антонина Кузнецова. Қазір жуыну, кір-қоңы мен ыдыс аяқты жуу мұңға айналған.

– Бір отбасының бойлерін іліп қойдық, бірақ ол кішкентай, әлсіз. Бір адамның душқа түсуіне де жетпейді. Лагерь директоры жаңасын алып бермейміз, өздерің табыңдар немесе сатып алыңдар деді. Өзімдікін алып келгім келген. Бөлмемде ("Шаңырақта") ілініп тұрған. Бірақ көшкен кезде біреу алып кетіпті, – дейді Антонина Кузнецова.

39 жастағы Антонина үш ұлымен бөлек бір бөлмеде тұрады. Балалардың екеуі – колледж студенті, біреуі мектепте оқиды. Басқаларға екі отбасына бір бөлмеден берілді дейді ол. Корпустағы тағы бір бөлме үйленбегендер мен баласы жоқтарға берілген.

Антонина Кузнецова жергілікті билік "Шаңырақ" жасөспірімдер үйін жөндеу жұмысы аяқталғанға дейін балалар үйінің түлектерін уақытша орналастырған жазғы лагердегі бөлмені көрсетіп тұр. Орал, 14 қыркүйек, 2023 жыл.
Антонина Кузнецова жергілікті билік "Шаңырақ" жасөспірімдер үйін жөндеу жұмысы аяқталғанға дейін балалар үйінің түлектерін уақытша орналастырған жазғы лагердегі бөлмені көрсетіп тұр. Орал, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Күнде таңертең балаларды балабақша мен мектепке білім басқармасы бөлген автобус алып кетеді. Кейбір ересектер мен Кузнецованың ұлдары сияқты студенттер де қалаға сол автобуспен жетіп алады екен.

– Көшіп келгеннен кейін бастапқы күндері оқушылар мектепке бармады, оларды уақытша оқудан босатты. Студент балаларым өзі баратын. Айналма жолмен жаяу жүретін. Қалаға қалай жетеді деп уайымдап отыратынмын, өйткені маңайдың бәрі орман, арлы-берлі жүйткіген көлік, жол-жөнекей неше түрлі адамды кездестіресің, – дейді Антонина Кузнецова.

Қазір лагерьде аналар мен балаларға барынша жағдай жасаған: кір жуатын машинаға орын бөлген, ұзартқыштар берген. Бөлмелерге автономды жылытқыш қосамыз деп уәде беріп отыр. "Шу шығарғаннан кейін бар жағдайымызды жасады", – дейді ол.

Коридор корпуса детского летнего лагеря, который выделили выпускникам детдомов на время ремонта дома юношества «Шанырак»
Коридор корпуса детского летнего лагеря, который выделили выпускникам детдомов на время ремонта дома юношества «Шанырак»

Ал Орал қаласының №12 колледжінен орын алған отбасы жоқ ер адамдар жағдайымыз нашар деп шағымданды. Ол жақта тұрып жатқан шаңырақтықтардың бірі Абылай бөлмелердің терезесі ескі, жел ұрып тұрады дейді. Әзірге күн жылы болғанымен, түнде суып кететін көрінеді. Тұрып жатқандардың біразы кетіп қалған.

"ШАҢЫРАҚТЫ" ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

Жасөспірімдер үйінің ғимаратын бөлшектеп үлгеріпті. Құрылыс алаңының басшысы Ербол Қарағұшаев тек тірек қабырғалар қалады дейді. Олардың да жағдайы мәз емес. Қабырғаларды бойлай металл құрсаумен қоршап, қатайтып бекітпекші. "Қанша дегенмен 1958 жылғы ғимарат. Ұзақ тұру үшін солай істеу керек", – дейді құрылыс бастығы.

Антонина Кузнецова кейде жұмыстан кейін жөндеу жұмыстарының барысын көру үшін жасөпірімдер үйіне барып тұрады. Константин Киндиров та күн сайын барады. Ол ғимаратты жөндеуге бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқанын көргісі келеді.

– Бәрі дұрыс істелсе екен деймін. Тұрғындардың өзі салып алған аралық қабырғаларды алып тастаса. Қандала, тарақан жайлап алған одан құтылған жөн. Оның үстіне, бәрі ескі, алмастыру керек, – дейді Киндиров.

"Шаңырақ" жасөспірімдер үйі ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орал, 27 қыркүйек, 2023 жыл.
"Шаңырақ" жасөспірімдер үйі ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орал, 27 қыркүйек, 2023 жыл.

Ғимарат пен оның айналасындағы аумақты күрделі жөндеуге 730 миллион теңге бөлінді дейді құрылыс басшысы Қарағұшаев. Бұл ақшаға ғимараттың есік-терезелерін, сымдарын, сантехникасын, өртке қарсы жүйесін, шатырын – бәрін жаңартып, ауланы абаттандырамыз деп уәде берді ол.

– Тірек қабырғалардан басқасының бәрі ауысады. Тек қабырғалар қалады, қалғаны жаңарады. Ғимарат өте ескі, салынғанына 60 жыл болған. Ештеңеге жарамайды. Жағдайы орташа, бірақ оны мықтап күшейтіп, ішін жөндеп шығу керек. Бұл ғимарат ешқашан күрделі жөндеу көрмеген, 1999 жылы ғана ағымдағы жөндеуден өткен, – дейді Ербол Қарағұшаев.

Ол сонымен қатар Жасөпірімдер үйінің ауласына шағын балалар алаңын салып, ағаш отырғызамыз деді.

Рабочие в коридоре дома юношества «Шанырак» во время ремонта. Уральск, 27 сентября 2023 года
Рабочие в коридоре дома юношества «Шанырак» во время ремонта. Уральск, 27 сентября 2023 года

БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ БҰРЫНҒЫ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНІҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Антонина Кузнецова "шаңырақтықтар" жөндеуден кейін үйіне орала алмай ма деп қорқады. Оның үстіне, қала әкімі Миржан Сатқанов уәде еткен келісім шартты әлі алмаған.

– Күмән бар. Себепсіз емес. Өйткені бұған дейін ешкімнің "Шаңырақта" ісі болмаған. Қолын бір сілтеп, бізді ұмытып та кеткен. Ал енді аяқасты бәрі жанашыр бола қалыпты. Байғұстар, жағдайларың мүшкіл екен деп. Оның бәрі тегін емес. Басқа-басқа, біздің билікке сенуге болмайды. Ол рас, – дейді Антонина Кузнецова.

Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдердің бәрі оның сөзін қолдап отыр. Тіпті білім басқармасынан кепілдік алғандардың да айтары осы.

– Бізге бастапқыдағы хабарламадан кейін қағаз берді. Ол құжатты "кепілхат" деп атады. Бірақ оның сол хабарламадан ешқандай айырмасы жоқ. Тек төменгі жағына бізді үш-төрт айға ғана көшіріп жатқанын жазыпты. Мұндай қағазды бәріне емес, шу шығарғандарға ғана берген. Оның өзінде наразылық танытып, айқайлай бастаған соң берді. Оған дейін құрғақ уәдемен құтылатын. Біз шулай бастаған соң, осындай құжат әкелді, – дейді Кристина Арыстанғалиева.

Азаттыққа Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай Миржан Сатқанов "Шаңырақтағы" күрделі жөндеуге тапсырыс беруші, Жасөспірімдер үйін балансында ұстап отырған "білім басқармасымен сөйлескен".

– Әрбір тұрғынға олар (білім басқармасы – ред.) жөндеуден кейін қайта кіресіңдер деген кепілхат берді. Әкімнің өзі "Шаңыраққа" барып, жұмыс барысын көрді. Жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстап, әрбір тұрғынның үйіне оралғанын қадағалайтын болады, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз хатшысы Данияр Оспан Азаттық тілшісіне телефонмен.

"Шаңырақ" жасөспірімдер үйін жөндеуге әкелінген кірпіштердің үстіндегі ойыншық. Орал, 27 қыркүйек, 2023 жыл.
"Шаңырақ" жасөспірімдер үйін жөндеуге әкелінген кірпіштердің үстіндегі ойыншық. Орал, 27 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстанның басқа аймақтарындағы жетімдер де тұрғын үй проблемасына жиі тап болады.

– Мұндай жағдай Оралда ғана емес, Қазақстанның солтүстігі Қостанайда да, оңтүстігі Алматыда да бар. Айтайын дегенім, 30 жастан асқан қыз-жігіттердің көпшілігі тұрғын үй проблемасымен бетпе-бет келеді. Бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрғандар бар. Өйткені бізде оған [тұрғын үйге] тек 2011 жылдан бастап белсенді түрде кезекке тұра бастады. Қазір жағдайға қарасақ, балалар үйіндегі балалардың өзі пәтер алған. Олар балалар үйінен шыққаннан кейін далада қалмайды. Тек ересек түлектерге қиын, – дейді Балалар үйі түлектері қауымдастығының жетекшісі Рафаэль Хасанов.

Ол мұндай проблемалар жетім балалардың құқығын қорғамайтын "шенеуніктердің жауапсыздығынан" шығып отыр деп есептейді. Тұрғын үйлер көптеп салынып жатқан мегаполистерде болмаса, көптеген қалаларда тұрғын үй кезегі жылжымайтынын айтады. Оның сөзінше, балалар үйінің мыңдаған түлегі жылдар бойы армандаған баспананы күтіп, нашар тұрғын жайды паналауға мәжбүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG