Accessibility links

Елді 14 жыл басқарған президент наразылықтан соң отставкаға кетті


Эво Моралеске қарсы наразылық. Ла-Пас, 9 қараша 2019 жыл.
Эво Моралеске қарсы наразылық. Ла-Пас, 9 қараша 2019 жыл.

Боливияны 2006 жылдан бері басқарып келген Эво Моралес елдегі жаппай наразылықтан кейін президенттіктен кететінін мәлімдеді.

Елде билікке қарсы наразылық 20 қазаннан кейін, президент сайлауының нәтижесі жарияланған тұста басталды. Орталық сайлау комиссиясы Эво Моралесті жеңімпаз деп таныды. Ресми дерек бойынша, Моралес – 47 пайыз, оның негізгі қарсыласы – журналист, тарихшы Карлос Меса 36 пайыз дауыс жинаған. Заңға сай, президент сайлауында қарсыласынан он пайыздан артық дауыс жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады.

Меса "сайлау нәтижесі бұрмаланды" деп ресми қорытындыны мойындамады. Оның жақтастары елде наразылыққа шығып, екінші тур өткізуді талап етті. Ел әскері мен полициясы Месаның жағына өтті. Көтеріліс кезінде үш адамның қаза болғаны хабарланды.

Эво Моралестің отставкасын талап еткен наразылық. Санта-Круз, Боливия. 23 қазан 2019 жыл.
Эво Моралестің отставкасын талап еткен наразылық. Санта-Круз, Боливия. 23 қазан 2019 жыл.

Моралес басында наразылардың талабына құлақ аспай, оппозицияны төңкеріс жасамақ болды деп айыптады және елде төтенше жағдай жариялады. Кейін Моралес дауыс беру нәтижесін жойып, қайта сайлау өткізетінін мәлімдеді. Бірақ халықтың наразылығы толастамаған соң Моралес 10 қарашада оставкаға кететінін жариялады. Онымен бірге вице-президент Альваро Гарсия Линера мен сенат басшысы Адриана Сальватерра да қызметінен кетті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мария Эугения Чокера қамауға алынды.

Моралес телеарна эфирінде "елдегі тұрақтылықты сақтау үшін биліктен кетіп бара жатқанын" айтты. Моралес наразылардан көтерілісті тоқтатуды сұрады.

10 қараша түні наразылар Боливиядағы мемлекеттік телерадионың ғимаратын қоршауға алды. Radio Patria Nueva және Bolivia TV телеарнасы эфирден хабар таратуды тоқтатып, тек музыка мен фильм берді. Халықаралық агенттіктер "Моралес 11 қарашада елден қашып кетуге талпынды" деп хабарлады.

Эво Моралес жұрт алдында сөйлеп тұр. Ла-Пас, 10 қазан 2019 жыл.
Эво Моралес жұрт алдында сөйлеп тұр. Ла-Пас, 10 қазан 2019 жыл.

Халық Моралестің отставкаға кеткенін тойлап жатыр. Венесуэла президенті Николас Мадуро, Аргентина президенті Альберто Фернандес, Никарагу және Куба билігі Боливиядағы жағдайды "мемлекеттік төңкеріс" деп атады.

БҰҰ мен Еуропа одағы Боливия билігінен "ел тұрақтылығы үшін" президент сайлауының екінші турын өткізуді сұраған.

Моралес 2002 жылы президент болып сайланған. Ол кандидат кезінде фермерлерге субсидия беріп, әлеуметтік көмек уәде еткен. Моралес кейін берген уәдесінің біразын жүзеге асырды. Ол елдегі мұнай секторын жекешелендіріп, уақытша инвестиция тартты. Тұрмысы төмен халыққа көмектесу үшін орта тап пен бизнес өкілдеріне салықты көбейтті. Моралестің салық реформасы бай аймақтарда тұратын халық тарапынан қарсылыққа ұшырады.

Ел конституциясына сай, бір адам екі реттен артық президент сайлауына түсе алмайды. Бірақ 2016 жылы ол референдум өткізіп, Конституциядағы осы ережені өзгертпек болды. Сол кезде халықтың көбі Моралестің сайлауға қайта түсуіне қарсы шыққан. Алайда Моралес пен Орталық сайлау комиссиясы "референдумда халықтың 60 пайызы Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдады" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG