Accessibility links

Қытай қазағы Өзбекстан президентінен көмек сұрайды


Ташкент әуежайы.
Ташкент әуежайы.

Қытайда туған этникалық қазақ Ғалымбек Шағыман Ташкент әуежайынан шыға алмай отыр. Бизнеспен айналысатын Қытай қазағы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке өтініш жасап, Қытайға экстрадицияламауды сұраған.

Ғалымбек Шағыман ақпанның 7-cі күні Ташкент әуежайында отырғанын хабарлады. Ол Facebook желісіне бірнеше рет видео жариялап, өзбек билігіне көмек сұрады.

Видеоүндеуде ол “Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев мырза, отбасыңызға амандық тілеймін. Біз салт-дәстүріміз ұқсас түркі тілдес халықпыз ғой. Мұсылманбыз. Маған көмек беріңізші. Әсте Қытайдың қолына ұстата көрмеңіз” дейді.

Өзбекстан билігі Ғалымбек Шағыманды экстрадициялау туралы Пекин тарапынан өтініш түскен я түспегенін ресми растаған жоқ. Қытай тарапы да ешқандай мәлімдеме жасамады.

Ғалымбек Шағыман
Ғалымбек Шағыман

Human Rigths Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлоудың айтуынша, Шағыманды Қытайға экстрадициялау – оны қара қапасқа тығумен тең.

“Халықаралық ережелерге сай, өз еліне барса қысым мен өлім жазасы күтіп тұрған адамдарды әуежайдағы транзит аймағында отырса да Өзбекстанның экстрадиция жасамауға құқығы бар” деді ол Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Шағыман ақпанның 7-сі күні жариялаған тағы бір видеода Қытайға барса жауапқа тартылып, өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін айтады. Шағыманның сөзінше, "Қытайдың Өзбекстандағы елшілігінің өкілдері бірнеше рет әуежайдан шығаруға тырысқан, бірақ ол сыртқа шығудан бас тартқан".

Шағыман қытай әйелмен отбасын құрған. Ол Facebook желісіне жариялаған видеоның бірінде АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания және Канада билігінен көмек сұрайды.

Facebook желісінде Ғалымбек Шағыманның (құжаттағы аты - Halemubieke Xiaheman) паспортының суреті жарияланды. Төлқұжаттағы деректерге сай, 41 жастағы Шағыманның Шыңжаң өлкесінде туған, паспортты 2018 жылы қыркүйекте Гуандун провинциясынан алған.

Төлқұжатта Шағыманның Ташкентке Таиландтан ұшып келгені туралы мөр басылған.

Қытай қазағы Ғалымжан Шағыманның төлқұжаты.
Қытай қазағы Ғалымжан Шағыманның төлқұжаты.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Батыс елдері және БҰҰ Қытай Шыңжаңдағы аз ұлттарға, соның ішінде қазақтар, ұйғырларға қысым жасап жатыр деп айыптайды. Шыңжаңда тұратын кейбір ұйғырлар мен қазақтар Орталық Азия елдерінен босқын мәртебесін сұраған. Бірақ Қытаймен сауда-саттық байланысын орнатқан Орталық Азия елдері қазақтар мен ұйғырларға босқын мәртебесін беруден сескенеді.

2018 жылы Шыңжаңда туған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай Қазақстан мен Қытай шекарасын заңсыз бұзып өтіп, Алматы облысына келген. Пекин Астанадан Сауытбайды экстрадициялауды талап еткен.

Кейін Қазақстан Сайрагүл Сауытбайды қамауға алып, сотқа тартқан. Сотта ол Қытайға қайта оралса өлім жазасы күтіп тұрғанын айтқан. Жаркенттегі сот отырыстарына Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысқан. Сот Сауытбайға алты ай шартты жаза кесіп, Қазақстанда қалдырған. Бірақ Қазақстан билігі Сауытбайға әлі босқын мәртебесін берген жоқ. Қаңтардың соңында Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы Сауытбайдың “пана іздеуші куәлігінің” уақытын үш айға созған.

БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.

Қазақстандағы қазақтар да Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.

Былтыр желтоқсанның соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де бар. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.

Мақалада Reuters ақпарат агенттігінің деректері пайдаланылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG