Accessibility links

Әлем чемпионаты алдында бұралқы иттерді "қырып жатыр"


Зорька мен оның күшігі.
Зорька мен оның күшігі.

Жануарлар құқығын қорғау ұйымдары Ресейде әлем чемпионаты алдында қаңғыбас иттерді жою жұмыстарына наразы. Олардың айтуынша, бұл шараны министрлік қолдап, миллиондаған рубль бөлген.

Волгоградта Зорька деген аула қоритын ала төбет тура автобус аялдамасында күшіктеген. Адамдар иттерді аулаумен айналысатын қызметке телефон шалған, бірақ жануарларды қорғау қоры еріктілері Зорьканы құтқарып қалған. Енді ол «Дино» паналату орнында тұрып жатыр. Ал күшіктерін қайырымды жандарға таратып берген.

Қараусыз жануарларды паналату орны лық толы. Қазір онда 179 ит бар. Сондықтан басқа иттерді қабылдай алмайды.

"Біздің қалада өнеркәсіп орындары шоғырланған. Қаңғыбас иттер зауыт, құрылыс алаңдарын жағалайды. Біз тамақ беріп жүрген иттер - мейірімді хайуандар. Бізде кезекшілік кестесі бар, күнде таңертең кезекпен барып тұрамыз. Оларға өз ақшамызға стерилизация жасатамыз, мойнына қарғыбау тағып, "Мен жуынғанмын әрі екпе жасалған" деген жазуы бар және телефон нөмірлері жазылған жетон іліп қоямыз" дейді ерікті Надежда Сергеева.

Еріктілер Волгоградта құтқарып қалған ит.
Еріктілер Волгоградта құтқарып қалған ит.

​Бірақ қазір жағдай өзгерген. Надежда Сергеева мен оның достары қамқорлығына алған иттердің біреуі ғана тірі қалған.

"Оның өзінде әлгі ит байлаулы болғандықтан, аман қалды. Желтоқсанда зауыт, құрылыс алаңында 7-8 ит жүретін. Мойнындағы қарғыбауға қарамастан бәрін атып кетіпті. Күзетшілер қыңсылаған дауыстарын естіп, жүгіріп шықса, иттерді көлікке тиеп жатыр екен" дейді ол.

Биыл маусымда Волгоградта футболдан әлем чемпионатының төрт матчы өтеді. Жарысқа дайындық алдын ала басталған. 2017 жылы қараусыз жануарлар проблемасын шешуге 12 миллион рубль бөлінген. Тендерді Константин Епифанов басқаратын қалалық питомник (иесіз иттерге арналған орын – ред.) ұтып алған. "Дино" паналату орны еріктілері олардан жетоны бар иттерге тиіспеуді сұрағанымен нәтиже шықпаған.

"Олар иттерімізді алып кетіп, жануарларды өлтіріп тастағандарын бізге бірінші күні-ақ айтты. "Қарғыбаусыз жүр екен" дейді. Иттер алысып ойнайды, сол кезде біреуі жетонын жұлып тастауы мүмкін шығар. Бірақ жетеуі бірдей олай істеуі мүмкін емес қой?! Прокуратураға жүгініп едік, қалалық питомникке тексеру жүргізілді. Заң бұзу фактілері анықталмады деген жауап алдық. Әлгі директордың бізбен қалай сөйлескенін көрсеңіз ғой! 12 миллион рубль қолына тиді, енді айуандық жалғаса береді. Жануарларды қорғауға мүлде дәрменсіз екеніміді сеземін" дейді ерікті Сергеева.

Чемпионат Ресейдің 11 қаласында өтеді. Сондықтан олардың бәрі бұралқы иттер ғана емес, қараусыз мысықтардың да көзін күні бұрын жоймақ. Бағдарламаға допинг жанжалының кейіпкері Виталий Мутко спорт министрі болған кезде қол қойылған. 2018 жылдың басында Мемлекеттік думаның экология және қоршаған ортаны қорғау комитеті жануарларға аяушылық танытуды сұрап, жаңа министр Павел Колобковқа жүгінген.

"Бір итті өлтіруге 6-9 мың рубль алады екен. Бұл ақшаға оларға тиісті екпе жасап, стерилизация жүргізіп, жануарларды уақытша пунктте ұстай тұруға әбден болады ғой. Біз көшедегі жануарларды жаппай қырып, өлекселерінің қанын сорғалатып көлікке тиеп алып бүкіл қаланы аралап жүретін жабайы емеспіз ғой" дейді комитеті басшысы Владимир Бурматов.

Бірақ Бурматов кеш қалды. Қазір иттерді жаппай қырып жатыр. 2014 жылы Сочидегі олимпида алдында да осындай шаралар болған. Сочиде жануарларды жаппай қыра бастаған кезде халықаралық жанжал шыққаны жайлы Азаттықтың Орыс қызметі хабарлаған болатын. "Бася" фирмасының қызметкерлері мемлекет тапсырысы бойынша иттерді "Адилин-супер" және "Дитилин" деген улы дәрі қосылған оқпен атқан. Бурматовтың айтуынша, иттер тұншығып өлген. Ал қасапшылар әр өлексе үшін 500 рубльден алған. Бурматов келтірген сандарға сенсек, қазір баға біршама қымбаттаған.

Blood FIFA Russia қауымдастығының баннері.
Blood FIFA Russia қауымдастығының баннері.

BloodyFIFA 2018 қоғамдастығы мүшелері "2018 жылы Ресейдің 11 қаласы қараусыз жануарлардың қанына бөгеді. Олардың бәрін не себепті қырып жатыр? Өйткені тіршілік иелерін қырып-жоюдан басқаға құлқы жоқ көздері қанталаған шенеуніктер мен коммуналдық қызмет мекемелері жануарлар спортшылар мен жанкүйерлерге кедергі жасайды, қаланың "туристік тартымдылығына" кесірі тиеді деп санайды. Олар жапырақ пен газоннан, жануарлар мен құстардан жұрдай әлем туралы армандайды" деп жазған.

Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, иттер мен мысықтарды қыру шарасы - мемлекеттік бюджетті жымқырудың бір амалы. Қала жануарларын қорғау қоры басшысы Екатерина Дмитриева мемлекеттік сатып алу сайтын арнайы зерттеп, чемпионат өтетін аймақтарда бұралқы иттер мен қараусыз мысықтарды жоюға 100 миллион рубльден аса ақша бөлінгенін есептеп шыққан. Бұл шара Волгоград және Астраханьда "жансыздандыру", ал өзге қалаларда "өлекселерді жою" деп аталады.

Қанғыбас жануарларды жоюға арналған мемлекеттік тапсырыс.
Қанғыбас жануарларды жоюға арналған мемлекеттік тапсырыс.

​"Мысалы Екатеринбургте 32 миллион рубль бөлінген. Бұл - қыруар ақша. Бір итті "жоюға" 2000 рубль қарастырылған. Екатеринбургте бес миллион бұралқы ит жоқ екені түсінікті. Бұл ақшаға жануарларға стерилизация, вакцинация жасап, бағып-қағуды қамтамасыз етуге болушы еді, бірақ олар өлтіргенді жөн көреді" дейді Екатерина Дмитриева.

Журналист әрі "Добрый мир" хайуанаттарға деген ізгілікті дамыту қоры басшысы Андрей Тимесковтің мәлімдеуінше, Петербург билігі бұл шараға иттерді өлтіруден ләззат алатын "догхантерлерді" жұмылдырған. Осы мәселені көтерген Тимесковқа талай қоқан-лоқы жасалған. Ал 5 қаңтарда догхантерлер оның ауласындағы пошта жәшігін жарып жіберген.

Қазір Ресейдегі иттерді қыру акциясына әлем елдері де қарсы шықты. Ресейде иттерді қырып жатқаны жайлы Мексикада қазірдің өзінде жазып жатыр. Италиялық жануарларды қорғаушылар Facebook парақшасында ресейлік спорт министрлігінің жауыздығына қарсы петицияға қол қоюға шақырады.

Екатерина Дмитриева жануарларды қыру тоқтайтынына сенбейді. "Тендер өткізіліп, ақша тапсырманы орындаушыларға аударылып қойды. Қазір мен жан-жаққа хат жазып, әлгі тендерлердің күші қалай жойылады деп сұрап жатырмын. Бірақ ешқандай жауап жоқ, өйткені тендердің күшін жоятын процедура жоқ" дейді ол.

Жануарларды қорғау ұйымдары Ресейде иттерді қырып жатқаны туралы FIFA-ға хат жазған. Бірақ ол жақтан мағынасы "біз көптеген хат алдық, бірақ шаруамыз бастан асады. Бұл мәселені қаперімізде ұстаймыз, бірақ көмектесе алмаймыз. Бізді де түсініңіздер, кешіріңіздер" дегенге саятын ұзын-сонар сыпайы жауап алған.

BloodyFIFA2018 қауымдастығы үндеуінде Ресейді жануарларға арналған қасамхана елге теңеп, "біз әлем чемпионатын өткізуді жануарлардың құқығы қорғалған елге ауыстыруды шақырамыз" деп жазған.

Ал 12 миллион рубльдің тендерін ұтып алған Волгоград қалалық питомнигі жаңа қызметкер іздеп жатыр. Қараусыз жануарларды аулаушыны 18-25 мың рубль жалақыға жұмысқа қабылдауға дайын.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дмитрий Волчектің мақаласы орысшадан аударылды).

XS
SM
MD
LG