Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды деп хабарлайды Vesti.kz спорт сайты. Ильин екі жаттығуда жиынтығы 380 (172+208) келі салмақ көтерген.
Бұл Ильиннің 2015 жылдың желтоқсанынан бері қатысып отырған алғашқы жарысы. Сол жылдың соңында Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиада ойындарының сынамаларын қайта тексерген. ХОК Ильиннің осы екі олимпиададағы анализдерінен допинг табылғанын хабарлап, екі алтын медалін қайтарып алған. Кейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Ильинді екі жылға спорттан шеттеткен.
Ильин тек Олимпиадада ұтқан медальдарынан айырылған, ал өзге жүлделері – 2005, 2006, 2011 және 2014 жылдардағы әлем чемпионаттарының төрт алтыны мен Азия ойындарында 2006 және 2010 жылдары алған екі алтынын сақтап қалған.
Ильиннің жазасы биыл 10 маусымда аяқталған.
IWF Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мүшелігін қалпына келтіргеннен кейін, 2018 жылғы қазанның 19-ынан бастап Илья Ильин халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.