27 мамырда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысының жетекшілері мен адвокаты қозғалысты "экстремистік ұйым" ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсіргендерін хабарлады.
Шамамен бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы соты "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын.
Қозғалыс жетекшілерінің бірі Асхат Жексебаевтың мәлімдеуінше, тіркелмеген қозғалыстың қатарында қазір 7000 адам бар және 22 сәуірде олар оны ресми тіркеуге құжат тапсырмақ болған.
- Біз Есіл аудандық сотының шешімін бас прокуратура сайтынан кездейсоқ көрдік. Бұл шешіммен үзілді-кесілді келіспейміз. Себебі бұл бейбіт қозғалыстың бірде-бір жетекшісі ресми түрде құқық қорғау органына шақырылған жоқ, біз конституциялық құқымызды қорғай алған жоқпыз. Сондықтан сот шешіміне апелляциялық шағым түсірдік,- деді ол баспасөз мәслихатында.
Сәрсенбі күні онлайн өткен баспасөз жиынына Асхат Жексебаевтан бөлек, қозғалыс жетекшілерінің бірі Болат Смағұлов пен олардың адвокаты Ғалым Нұрпейісов және құқық қорғаушылар Маржан Аспандиярова, Бақытжан Төреғожина, Дана Жанай қатысты.
Асхат Жексебаевтың айтуынша, белсенділер «Көше партиясы» қозғалысын құру туралы шешімді 4 ақпанда өзара қабылдап, 10 ақпанда әлеуметтік желілерде чаты пайда болған.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов тіркелмеген қозғалыстың бастамашыл мүшелерінің өзіне сенімхат бергенін, соның негізінде 25 күні Нұр-Сұлтан қалалық апелляциялық сотына шағым түсіргенін айтты. Қозғалысты құру бойынша бастама топтың құрамында Асхат Жекебаев, Болат Смағұлов, Сұлтан Абайбеков, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Нұрсұлтан Тастаев, Асқар Қайырбек, Айдос Өмірбек, Қайрат Сыздықов, Айбар Мүбарак, Айбек Сәбитов бар.
- Сот кабинетінде Есіл аудандық сотының шешімі жоқ. Сондықтан мен арызды Egov электрондық порталы арқылы жолдадым. Заңды құрылымы жоқ, өздерінің сенімі мен пікірлері бойынша біріккен адамдар тобын «экстремистік ұйым» деп атау және оны «ҚДТ қозғалысынан трансформацияланды» дегені - нағыз абсурд жағдай. Бұның ар жағында саяси астары бар,- деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Ал Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі тіркелмеген «Көше партиясы» қозғалысына қатысты апелляциялық шағым түспегенін айтады.
Дегенмен адвокат Ғалым Нұрпейісов шағымның қабылданғаны туралы электрондық үкіметтің түбіртегі қолында екенін айтады.
Өткен апта соңында бірнеше ұйым сот шешімін айыптап, мұны "саяси алаңды тазарту" мақсатында жасалған билік әрекеті деп бағалаған. Құқық қорғаушылар Қазақстан соты мен құқық қорғау органдары әрекетін заңсыз екенін айтқан.
Оқи отырыңыз: Қоғамдық ұйымдар "Көше партиясына" тыйым салынуына реакция білдірді
Қозғалыстың жұмысына тыйым салған сот шешімінде "ҚДТ/"Көше партиясы" ұйымының қызметіне кез келген түрде қатысуға, идеяларын насихаттауға, ақпараттық материалдарын жариялауға және таратуға, бұл ұйымның атынан кез келген акция өткізуге, оған қаржы жинауға я сыйға тартуға, өзге де қызметтер көрсетуге тыйым салынатыны" айтылған. Соттың айтуынша, бұл шешімді бұзған азаматтар қылмыстық жауапқа тартылады және оларға шартты жаза, қамаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны өтеуін кейінге қалдыру және жеңілдету қолданылмайды, рақымшылық пен кешірім жасалмайды.
Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Бұл қозғалысты 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Ол ҚДТ туралы сот шешімнің саяси астары бар деп санайды.