Голливуд актері Джордж Клуни мен әйелі, заңгер Амаль Клуни негізін қалаған Клунидің әділет үшін қоры "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыпталып, бас бостандығы шектелген алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевке шығарылған үкімнің күшін жоюға шақырды.
7 қыркүйекте қордың ресми сайтында Ильяшев ісіне байланысты мәлімдеме, бұған қоса алдағы уақытта белсендінің апелляциялық шағымын қарайтын Алматы облыстық сотына арналған консультативтік қорытынды жарияланды.
Ильяшев ісін сараптаған Клуни қорының пікірінше, белсенді "заңды түрде пікірін айтқаны үшін" қудаланған, оның әрекетінің "қоғам тәртібіне қауіп төндіргені" дәлелденбеген.
Ұйым Қазақстан Ильяшевтің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабында қарастырылған әділ сотталу құқығын бұзды деп есептейді. Мәлімдеме авторлары онлайн түрде өткен алғашқы инстанциядағы сот тергеу изоляторында отырған белсендінің "құқықтарын таптады", оның адвокатпен жеке сөйлесу мүмкіндігінен айырды деп санайды.
Клуни қоры Ильяшевтің билікті сынаған жазбасы үшін қудалануын "пікір айту құқығына тікелей қол сұғу" деп атап, Алматы қалалық сотын үкімнің күшін жойып, Ильяшевті ақтауға шақырған.
Алматы соты 22 маусым күні 42 жастағы қазақстандық белсенді Әлнұр Ильяшевті Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпты деп тауып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және қоғамдық қызметпен айналысуын бес жылға тыятын үкім шығарды.
Ильяшев Facebook-тегі жазбасы үшін "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыпталған. Белсенді жазбасында биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынаған. Сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын да сынға алған.
АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан үкіметін белсенді Әлнұр Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырған болатын.
Бұған дейін штаб-пәтері Лондонда жайғасқан халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да Әлнұр Ильяшевке шығарылған үкімді сынаған. "Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны - өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның "сарапшылары" мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды" деп мәлімдеді ұйым өкілдері. Human Rights Watch ұйымы белсендіге шыққан үкімді айыптады.
Сарапшылар Ильяшевке қойылған кез келген шектеуді бұзу үкімді қатайтып жіберуі мүмкін дейді.
Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай режимі күшінде болды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын адамдардың үнін өшіру үшін пайдаланып отыр деп бірнеше рет мәлімдеген.