22 маусым күні адам құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық Amnesty International (AI) ұйымы Қазақстан билігін азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевке қатысты үкімі үшін сынады. Алматы сот дәл сол күні Ильяшевтің бас бостандығын үш жылға шектеп, қоғамдық-саяси іспен айналысуын бес жылға тыйды. Ильяшев үкіметті сынағаны үшін “төтенше жағдай жалған ақпарат таратты” деп айыпталған болатын. Құқық қорғаушылардың айтуынша, сот үкімін бұзу белсендіні бас бостандығынан айыруы мүмкін.
“Қазақстан билігі COVID-19 пандемиясы үшін жарияланған төтенше жағдайды ұялмастан қарсылық білдірушілердің үнін өшіруге пайдаланып жатыр. Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның “эксперттері” мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды” деді Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хеза Макгилл (ханым).
Полиция Ильяшевті 17 сәуір күні ұстап әкетті. Ол Facebook-те “Нұр Отан” партиясын жемқорлық жайлады деп жазып, биліктің коронавирус эпидемиясына қарсы әрекетін сынға алған болатын. Осы сөздері үшін 43 жастағы белсенді екі айдан астам уақыт бойы қамауда болды.
Онлайн өткен сот отырысында айыптау тарапының куәгерлері Ильяшевтің әлеуметтік желідегі жазбалары “қоғамға қауіп төндіруі” мүмкін еді деді.
Хеза Макгилл Ильяшевтің үкімі қисынға келмейді дейді. Оның айтуынша, осы арқылы билік үкіметті сынауға жол бермейміз деген сыңай танытып отыр.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын адамдардың үнін өшіру үшін пайдаланып отыр деп бірнеше рет айтқан.
Билік коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай тәртібін енгізетінін 15 наурызда айтқан болатын. Тәртіп 16 наурызда басталып, 11 мамырға дейін жалғасты. Алайда карантин шектеулері төтенше жағдай аяқталса да, өз күшінде қалды.
ПІКІРЛЕР