Қазақстандық азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевке соттың шығарған үкімі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аумағындағы сыни пікірді тыюға бағытталған көптеген талпыныстың ең кейінгісі” деді ЕҚЫҰ демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Ингибьёрг Сольрун Гисладоттир (ханым).
Гисладоттир Twitter-дегі аккаунтына ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бәрін адам құқықтарын қорғаумен айналысатын азаматтарды "қорғауға және әрбір адамның құқығын құрметтеуге" шақырды.
Алматы соты 22 маусым күні қазақстандық белсенді Әлнұр Ильяшевті Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыпты деп тауып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және қоғамдық қызметпен айналысуын бес жылға тыятын үкім шығарды.
Ильяшев Facebook-тегі жазбасы үшін "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыпталған. Белсенді жазбасында биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынаған. Сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларында сынға алған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша бюросы Қазақстан үкіметін белсенді Әлнұр Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырған болатын.
Бұған дейін штаб-пәтері Лондонда жайғасқан халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да Әлнұр Ильяшевке шығарылған үкімді сынаған. "Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны - өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның "сарапшылары" мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды" деп мәлімдеді ұйым өкілдері.
Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай режимі күшінде болды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын адамдардың үнін өшіру үшін пайдаланып отыр деп бірнеше рет мәлімдеген.
ЕҚЫҰ мүшелігіне 1992 жылы өткен Қазақстан 2010 жылы бұрын Совет одағы құрамында болған елдер арасынан алғаш болып осы ұйымға төрағалық еткен. Қазақстан астанасында ұйымның саммиті өткен. Құқық қорғаушылар Қазақстан ұйымға төрағалық жасағанымен ел ішінде адам құқықтары мен бостандықтарын шектеуді тыйған жоқ деп сынаған.
ПІКІРЛЕР