Ресей мен Иран шетелдегі азаматтарын қудалайтын елдер көшін бастады. Арасында Қазақстан да бар

Freedom House президенті Майкл Абрамовиц.

"Ресей мен Иран шетелде жүрген азаматтарын қудалайтын авторитарлы елдердің алдыңғы қатарында" дейді Freedom House ұйымының жаңа есебі.

4 ақпан күні жарияланған есепте Ресей билігінің өте агрессиялы трансшекаралық репрессиямен "айналысатыны", бұрын мемлекеттік жүйеде жұмыс істеген, Кремльге қауіп төндіреді деген адамдарды өлтіруге жиі жүгінетіні айтылған.

"Көзден таса, қолдан алыс" дейтін есебінде Freedom House 2014-2020 жылдар аралығында 26 кісі өлтіру немесе өлтіруге әрекеттену оқиғасын тіркеген. Оның жетеуі Ресей билігінің үлесінде.

Америкалық үкіметтік емес ұйымның дерегінше, Иран режимі үш елде бес рет кісі өлтіру не өлтіруге талпыну әрекетін жасаған. Одан бөлек екі кісі өлтіру жоспары жүзеге асыру деңгейіне жетпей қалған.

Бұл науқан өз елінің билігі "террорист" атаған диссиденттер мен журналистерге қарсы бағытталған.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ САЯСИ ОППОЗИЦИЯНЫ ШЕТЕЛДЕ ДЕ ҚУДАЛАЙДЫ

Шетелде жүрген азаматтарын өлтіретін, қамайтын және заңсыз депортациялайтын елдердің қатарында Қазақстан да көрсетілген.

"Қазақстанның трансшекаралық репрессия әрекеттері саяси оппозиция тұлғаларына, бұрын жүйенің ішінде болғандарға, әсіресе кең ауқымда ақша жымқырды, революциялық әрекеттерді қаржыландырды деп айыпталған бұрынғы министр әрі банкир Мұхтар Әблязовтың серіктеріне бағытталды" делінген ұйым есебінде.

Есепте Әблязовтың 2013 жылы Францияда қамауға алынғаны, әйелі мен қызының 2013 жылы Италиядан Қазақстанға күштеп әкетілгені, олардың халықаралық қысымнан кейін Италияға әкелінгені жазылған.

"Әблязовтың айналасындағы көптеген адам Еуропада ұсталып жатты. Көбі Интерпол қаулысының негізінде жасалды. Бірақ кейін босатылып отырды. Қазақстан билігі бірқатар өзге белсендіні Әблязовқа қатысы бар деп қудалады" дейді есеп авторлары.

Ұйым құжатында "белсенді әрі блогер Мұрат Тұңғышбаев 2018 жылы маусым айында Қырғызстаннан Қазақстанға заң депортацияланғаны", оның Қырғызстандағы босқын мәртебесін беру туралы өтініші әлі қаралып үлгермегені жазылған.

Әблязовтың ісі

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

Бұл тізімге Орталық Азияның Қазақстаннан өзге төрт елі де кірген. Пәкістан мен Әзербайжан да азаматтарын халықаралық деңгейде қудалайтын елдер қатарында.

Freedom House есебінде құқық қорғаушылар мен диссиденттердің өз еліндегі авторитарлы режимдердің репрессиясына шетелде жүрсе де тап болып жатқаны айтылған.

Ұйымның есебіне қарағанда, 2014 жылдан бері автотиралық режимдер 79 елде кемі 608 рет трансшекаралық репрессия әрекетін жасаған.

ҚЫТАЙ БИЛІГІНІҢ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ РЕПРЕССИЯСЫ

"Қытай әлемдегі ең озбыр әрі жанжақты трансшекаралық репрессияны жүргізіп отыр" дейді ұйым есебі.

"Қытайдың трансшекаралық репрессияны жүргізуі жаңалық емес. Ұйғырлар, тибеттіктер, Фалуньгун (Қытайдағы эзотерикалық ұйым – ред.) өкілдері, саяси диссиденттер бұрыннан шетелде жүрсе де жүйелі де қудаланып келген. Алайда бұл науқан 2014 жылдан бері ушығып кетті. ҚХР-дың жаңа халықаралық репрессия науқанына жаңа топтар тап болды" дейді Freedom House.

Ұйымның жазуынша, биліктің Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің қолына шоғырлануы, оның агрессивті сыртқы саясатқа басымдық беруі Пекиннің трансшекаралық репрессияның өршітуіне әкелген.

"Си Цзиньпин тұсында қабылданған Қытай заңдарының топтамасы Қытай билігін өз аумағынан тыс деңгейге кеңейтті. Ол заңдар қатарында Ұлттық барлау заңы, Гонконг ұлттық қауіпсіздік заңы, Ақпараттық қауіпсіздік заңының жобасы бар" деп жазылған америкалық ұйым есебінде.

Freedom House құжатында Қытай агенттерінің кибершабуылдарға, қоқан-лоқы көрсетуге, физикалық шабуылдарға жиі жүгінетіні айтылады.

"Бұл процестегі маңызды қадам – Қытай коммунистік партиясының Ұйғыр қоғамын бақылауға деген талпынысының күшеюі. Оған шетелдегі ұйғыр қауымдарына бақылау орнату әрекеттері де кіреді... 2017 жылдың басында әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген Қытай азаматтығы бар ұйғырлардан Қытайға оралуды талап ете бастаған. Оралғандары лагерьдегі миллионнан астам ұйғырлардың қатарын толықтырған. Оралмағандары не елден қашып кеткендері ұсталып, көп жағдайда Қытайға заңсыз депортацияланды. 2015 жылы кемі 109 ұйғыр Тайландтан, 13 ұйғыр Египеттен заңсыз депортацияланды. Осы уақыт аралығында Египет бұдан өзге 86 ұйғырда заңсыз депортациялаған болуы мүмкін. Ұйғырларды бүкіл әлем бойынша қудалай әлі жалғасып отыр" дейді Freedom House.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қысымға ұшырағандар қатарында жергілікті қазақтар да бар. Олардың біршамасы Қазақстанға не өзге елдерге кетіп қалса да, Пекин билігінен қысым көріп отырғанын айтады.

Азаматтарын халықаралық деңгейде қудалайтын елдер қатарында Руанда, Сауд Арабиясы және Түркия елдері де бар.

"Шабуылдардың ауқымы мен қатыгездігі репрессиядан қашып шықты деген адамдардың қандай қауіпке тап болып жатқанын көрсетеді" дейді Freedom House президенті Майкл Абрамовиц. Оның сөзінше, мұндай әрекеттерге тұсау салу "демократияны қорғау мен авторитарлық ықпалды әлсірету үшін аса маңызды".

КРЕМЛЬДІҢ КІСІ ӨЛТІРУМЕН ӘУЕСТЕНУІ

Америкалық үкіметтік емес ұйымның есебінде Кремльдің шетелдегі азаматтарын қудалауда кісі өлтіру әдісіне жиі жүгінетіні айтылады. Құжатта Ресей барлау қызметкерінің бұрынғы агенті Александр Литвиненконың аты-жөні аталған. Ол 2006 жылы Лондонда радиациялық удан қайтыс болған. Ал 2018 жылы барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызын Англияда жүйке жүйесін зақымданбайтын умен улап өлтірмек болды.

Ресей үкіметі сондай-ақ "Көбі Еуропада орналасқан 8 елдегі кісі өлтіруге, ұстап әкету, заңсыз депортацияларға" жауапты. Сондай-ақ Интерпол арқылы іздеу салу өтініштерінің 38 пайызы Мәскеу үлесінде. Freedom House ұйымының жазуынша, бұл да – шетелге қашқан ресейліктерді қудалаудың көрінісі.

Саяси оппозицияға өткен шетелдегі ресейліктер сондай-ақ "тыңшылық пен озбыр хакерлік науқанға" тап болып отыр. Ресей билігі шетелдегі отандастарына православ шіркеуі секілді мәдени институттар арқылы да ықпал етіп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Париждегі шабуылда оққа ұшқан Хамзат Азимов кім?

Ал Ресей құрамындағы Шешенстан республикасының басшысы, Кремльді қолдаушы Рамзан Қадыров шетелдегі шешендер қауымдастығын бақылауда "қатыгез науқан жүргізіп отыр" дейді Freedom House.

Freedom House есебінде Ресей билігі жасады деген 32 трансшекаралық қудалау оқиғасының жиырмасы шешендерге байланысты деп жазылған.

Құжатта кейінгі екі жылда Еуропада жүрген үш шешен азаматының өлтірілгені айтылады.

ТЕГЕРАННЫҢ ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ҚУДАЛАУЫ

Иран Еуропаға қашқан азаматтарын қудалауды қайта қолға алды дейді Freedom House. Ұйымның Тегеранның трансшекаралық репрессиямен 2000 жылдары да айналысқанын жазады.

Есепте Иран барлау қызметінің бұрынғы офицері Масуд Молавидің өлімі атап өтілген. Оны 2019 жылы қарашада атып кеткен. Түркия мен АҚШ билігі өлімнің артында Иран үкіметі тұр деп мәлімдеген.

Бельгияда Иран дипломаты елден қашқан оппозициялық топтың жиналысын жармақ болды деп айыпталды. Қазір сот процесі жүріп жатыр.

2020 жылдың қаңтарында Шекарасыз тілшілер (RSF) ұйымы шетелде тұратын 200 Иран журналисінің қоқан-лоқыға тап болғанын, оның ішіндегі 50 журналиске өлім қаупі төнген.

Билік шетелдегі азаматтарының үнін өшіру үшін олардың Ирандағы туыстарын қамап, қысым көрсету амалдарынан жиі жүгінеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шектеу мен қудалау тыйылмады". Қазақстандағы адам құқығының ахуалы