Accessibility links

Әблязов Францияның Ницца қаласында ұсталды


Мұхтар Әблязов, оппозициялық саясаткер, олигарх
Мұхтар Әблязов, оппозициялық саясаткер, олигарх
Қуғындағы олигарх, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты 31 шілдеде Ниццадағы үйінде жасырынып жатқан жерінен Францияның арнайы күштері ұстады. Бұл туралы Әблязовтың отбасының адвокаты Азаттыққа хабарлады. Тұтқындау кезінде Әблязовтың қасында Гауһар есімді қарындасы болған. Адвокат олигархты экстрадициялау туралы өтініштің нақты қай елден түскенін әзірше білмейтінін айтты.

Ұлыбританиялық The Financial Times басылымы 31 шілде күні Әблязовтың отбасының адвокатына сілтеме жасай отырып оның Ресейдің тапсырысы бойынша ұсталғанын хабарлаған.

Қазақстанның энергетика министрі болып қызмет атқарған Мұхтар Әблязов 2000 жылдардың басында оппозицияға өтіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған еді. 2002 жылы Әблязов "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 6 жылға сотталған. Бір жылдан соң президент рақымшылығы бойынша босап шыққасын 2005-2009 жылдар арасында ол БТА банкін басқарған.

2009 жылы шетелге қашқан Мұхтар Әблязов өзін саяси себеппен қуғын көруші деп санайды. Қазақстан билігі оған БТА банкінің қаржысын талан-таражға салып, аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады деген айып тағады.

Мұхтар Әблязовқа 2011 жылы Ұлыбритания саяси баспана берген болатын. 2012 жылы БТА банкінің шағымы бойынша Лондонның жоғарғы сотында қаралған іс кезінде сот отырысына келмегесін ол 22 айға сотталған болатын. Содан бері Әблязовтың қайда тұрып келгені белгісіз болған.

Бұған дейін 31 мамыр күні Әблязовтың әйелі мен қызын Италия полициясы Римде тұрып жатқан жерінен Қазақстанға депортациялаған болатын.
XS
SM
MD
LG