Қазақстанда өз пікірін еркін білдіріп, билікке сын айтқан 270-тей адам әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған не ісі тергеліп жатыр. Олардың 124-іне Қылмыстық кодекстің "сот тыйым салған ұйымның жұмысына қатысты" деген 405-бабы бойынша айып тағылған. Құқық қорғаушылар алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген бұл бапты билік өзіне ыңғайсыз адамдарды жазалайтын "ұртоқпақ" ретінде қолданады дейді.
"ЖАЛҒЫЗ АЙЫБЫ – АСҚА БАРҒАНЫ"
29 жастағы Диана Баймағамбетова тергеу изоляторында жатқалы төртінші айға кетті. 3 наурызда тергеу соты оның қамаудағы уақытын 12 сәуірге дейін ұзартты. Белсенді былтыр 12 желтоқсанда ұсталып, қамалған. Үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалғанын да сол күні білген.
Ол Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы ("Тыйым салынған ұйым жұмысына қатысу") және 182-бабының 2-тармағы ("Экстремистік топ жұмысына қатысу") бойынша күдікті саналады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қорласа да, берілмейміз". Күш құрылымдарын сотқа берген белсенділер неге сотта жиі жеңіледі?Қылмыстық құжаттарда сот шешімімен "экстремистік" деп танылған "Көше партиясы" қозғалысы жиі сөз болады. 2020 жылғы 19 мамырда Нұр-Сұлтанның аудандық соты "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салу" туралы қаулы шығарған. Ал 2018 жылғы 13 наурызда Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) аудандық соты Әблязов жетекшілік ететін "ҚДТ" қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы шешім шығарған.
Қазақстандық және шетелдік сарапшылардың көбі бұл қозғалыстарды "бейбіт оппозициялық ұйым" деп санайды. Еуропа парламенті жақында қабылдаған қарарында бұл ұйымдармен байланысы бар деп қудаланып жатқан азаматтарды босатуға шақырған.
Қылмыстық тексеру органдарының құжаттарында Диана "Көше партиясы" идеясын қолдайтын және олардың медиа контентін жасайтын адам деп сипатталады, тергеушілер соның негізінде оның әрекетінде 405 және 182-баптарда көрсетілген қылмыс құрамы бар деп санайды.
– Қорғауымдағы адамдардың бірде-бірінде "бәлен күні, мына эпизодта жасаған мынадай әрекеттері оған айып тағуға негіз болады" деген [сөз] жоқ. Барлығы жалпылама, абстракт, түсініксіз сөздер. Қорғауымдағы адамның (Диана Баймағамбетованың – Ред.) сөзінде "Көше партиясы" деген бірде-бір рет кездеспейді, – дейді Баймағамбетованы адвокаты Жанар Балғабаева.
Оның айтуынша, Диананың "экстремистік" деп танылған "ҚДТ-ға" да, "Көше партиясына" да еш қатысы жоқ, ол тек әкімдіктер қабылдаған шешімдерге қарсы екенін айтып, өз бетімен азаматтық позициясын білдіріп жүрген. "Жалғыз айыбы – Дулат Ағаділдің асына барғаны" дейді Балғабаева.
"Елде әділдік болсын деп күресті". Жұрт Дулат Ағаділді еске алды, 9 тамыз 2020 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
2020 жылғы ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында саяси белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда көз жұмып, мұның соңы халық наразылығына ұласқан. Ағаділдің жаназасына да, шілдеде астана маңында өткен асына да көп адам жиналған. Кейін құқық қорғау органдары сол асқа барған біраз адамды "заңсыз жиынға қатысты" деп айыптап, жазалаған. Әсіресе оппозиция өткізетін жиындар қарсаңында жазалау жиілеген.
"Диана ұстала салысымен Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторында жатты, қақаған қыста жылу жоқ, матрац төселмеген суық камерада бірнеше күн түнеп, денсаулығы сыр берді" дейді жақындары.
– Суықтан аяқ-қолы қатып қалған, кейін маған "таң ата өліп қалатын шығармын деп ойладым" деді. Онда болған екі күнде қатты суық тигізіп, соның кесірінен қазір емделіп жатыр, – дейді Диананың жақын досы Дидар Қайыров.
Дидардың сөзінше, Диана өткен айда уақытша тергеу изоляторына ауыстырылған, қазір қарауылмен шығып, ем алып жүр.
"ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫН ЕКЕНІ РАС ҚОЙ"
Диана – үйдегі екі баланың үлкені. Олар анасы және інісі үшеуі он жыл бұрын Қарағандыдан Алматыға көшіп келген. Шағын туристік компания құрып, жұмыс істеген. Бірақ карантинде жұмысы тоқтап, отбасының тұрмысы ауырлаған.
– Партия, саясат, митинг дегенді білмегенбіз. Былтыр компаниясы жұмысын тоқтатқан соң, алғаш рет 6 маусымда наразылыққа шықты. Мен де жанында болдым. Себебі халықтың жағдайын білеміз ғой, өзіміз де пәтер жалдап отырмыз, баспанамыз жоқ. Елуден енді астым, ешкім жұмысқа да алмайды. Жастардың көбі жұмыссыз жүр. Әділдік керек, әсіресе жастарға қолдау қажет. Осы ойымызды айтайық деп бейбіт митингіге шықтық. Ақыр аяғында Диананы полиция ұстап әкетті, – дейді Диананың анасы Амангүл Баймағамбетова.
Диана сол күні алғаш рет ер адамнан таяқ жегенін, ол адам полиция қызметкері болғанын өзі түсірген видеода айтқан. Содан кейін ол тағы бірнеше наразылық акциясына қатысқан. Қамауға алынғанға дейін ол жиынтығы 45 күн (15 тәуліктен үш рет) әкімшілік қамауда отырып шыққан. Былтыр маусым айында оппозицияның "субботаж" шарасына, тамызда – белсенді Дулат Ағаділдің асына қатысқаны үшін, ал қазанда "Алматыда жұртты митингіге шақырды" деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылған. Анасы қызының қамауда отырғанына қапалы, бірақ оны айыптамайды.
– Қызымды қолдаймын, себебі ол заңға қайшы ештеңе істеген жоқ. Қылмыс жасамады, жеке тұлғаға тиіспеді. Ойын айтты, халықтың дауысын жеткізгісі келді, – дейді анасы.
Диана қамалғалы бері аналы-балалы екеу кіші ұлдың ара-тұр тапқан табысымен күнелтіп жатыр. "Не менде, не ұлымда тұрақты жұмыс жоқ, көпшіліктің көрген күні – осы, халықтың жағдайы қиын екені рас қой" дейді жалғызбасты ана Амангүл Баймағамбетова.
Осы күні 405-бап бойынша айыпталған үш әйел тергеу изоляторында қамауда отыр. Олар – алматылық Диана Баймағамбетова, астаналық Әсел Онланбекқызы және павлодарлық Нұргүл Қалауова.
ҮЙҚАМАҚТАҒЫ ЖЕТІ АЙ
44 жастағы Алматы тұрғыны Дәметкен Аспандиярованың үйқамақта отырғанына жарты жылдан асты. Тергеу органының талабы бойынша, ол үйінен шыға алмайды, отбасы мүшелерінен өзге ешкіммен сөйлесе де алмайды.
– Анам былтыр қыркүйектен бері үйқамақта. Жанымызда дегенімізбен, созылмалы аурулары асқынып, психологиялық қысымнан күйзеліске жиі түсетін болды, буындары ауырады. Тергеушіден рұқсат алып емханаға жиі баратын болды, – деді Азаттыққа белсендінің қызы Гүлім Шадиярбек.
– Анам наразылықтардан тікелей эфир жасап жүрді. Екі рет айыппұл төлеуге мәжбүр болды. [Қытайдан заңсыз келіп, сотқа тартылған оралман қазақтар] Қастер мен Мұрагердің сотына, Дулат Ағаділдің асына барды. Қамалған белсенділерге көмектеспек болып ақша жинады, изоляторға тамақ апарып жүрді. Сардобада апат болғанда (2020 жылы 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгет құлап, Қазақстанның Мақтаарал ауданының ауылдары зардап шеккен – Ред.) көмек жинап, жөнелтті. Анам ешкімді балағаттап, ар-намысына тиген емес, қарулы көтеріліске шақырған жоқ, бірақ "экстремистік баппен" айыпталып отыр, – дейді белсендінің қызы.
Белсендінің адвокаты Шынқуат Байжановтың сөзінше, Аспандияроваға 405 және 182-баптар бойынша айып тағылған, тергеу әлі жүріп жатыр.
– Іс материалдарының барлығы орыс тілінде жүргізілген. Дәметкен мен Нина Жұманиязова деген тағы бір белсенді екеуі "істі қазақша өткізсін" деп талап еткен соң қазір құжаттарды қазақшаға аударып жатыр. Соған байланысты [істі қарауды] тағы бір айға созды. Дәметкен өзіне тағылған айыпты мойындамайды, экстремизмге олардың еш қатысы жоқ, – деді адвокат.
Азаттық белсенділер айтқан жайттар бойынша Алматы қалалық полиция департаментіне сауал жолдағанымен, мақала шыққанға дейін жауап келген жоқ.
405-БАПТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Адвокат Жанар Балғабаева – Диана Баймағамбетовадан өзге тағы төрт белсенді: Ноян Рақымжанов, Дархан Уәлиев, Болат Смағұлов және Абайбек Сұлтановтардың қорғаушысы. Қазір Сұлтановтың ісі сотқа жеткен, өзгелерінікі әлі тергеліп жатыр. Балғабаева қорғауындағы белсенділердің ісінде "бірде-бір экстремистік әрекет жоқ" дейді, соған қарамастан, олардың әлеуметтік желіде жазған-айтқан мәлімдемелеріне жасалған бір экспертизаның өзі 20 томға жеткенін айтады.
"Экстремистік баптар" бойынша іс жүргізуде тәжірибесі мол адвокат Ғалым Нұрпейісов бұл істердің ортақ ерекшелігі – мұнда "адвокат құқығы ескерілмейді" дейді. Бұл істегі мәліметтің бәрі "құпия" белгісімін сақталатындықтан, адамды қорғауға мүмкіндік беретін дерек алу мүмкін емес дейді ол. Сондықтан 405-бап бойынша адамдарды қорғап жатқан адвокаттар тергеушіні "заңсыз әрекеті үшін" сотқа беріп, онда жеңгеннен кейін ғана процессуалдық құжаттарға қол жеткізген.
– Екіншіден, бұл істер негізінен саясаттанулық, филологиялық сараптамалардан тұрады. Ал олар белсенділер ұсталғанға дейін жасалып қойған. Яғни, біз адвокат ретінде өз сұрақтарымызды қойып, артық деген сұрақтарды алып тастау жөнінде өтініш бере алмадық, – дейді адвокат.
Қазір Айгүл Өтепова, Асхат Жексебаев пен Қанат Жақыповтардың ісін жүргізіп отырған Ғалым Нұрпейісов бұл істе ең маңызды жайт – "Көше партиясы" қозғалысына тыйым салған қаулы заңды күшіне қашан енді?" деген сұраққа әлі жауап жоғын айтады.
Әблязов жетекшілік ететін "ҚДТ" қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы сот шешімі 2018 жылғы наурызда шықты. Ол бір айдан кейін күшіне еніп, "ҚДТ-ға қатысты бар" деп күдікке ілінгендердің алғашқылары сол жылдың мамырында жауапқа тартыла бастады. Ал "Көше партиясын" "ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған" сот қаулысы былтыр 19 мамырда шыққан. Бірақ 26 мамырда адвокаттар түсірген аппеляциялық шағым оның заңды күшіне енуіне кедергі болды. "Кейін 5 маусымда мен тағы жеке шағым түсірдім, ол 5 тамызда қаралды. Қаулы аппеляциялық шағымға қатысты шешім шыққан күні заңды күшіне енетінін ескерсек, "Көше партиясына" қатысты қаулы 5 тамызда заңды күшіне енуі тиіс. Дегенмен, ол туралы еш жерде нақты ақпарат жоқ. Ал қазіргі белсенділерді 19 мамырға дейінгі іс-әрекеттері үшін жауапқа тартып жатыр" дейді Ғалым Нұрпейісов.
Адвокат іс материалдарында белсенділер алдымен "ҚДТ"-ға қатысы бар деп, кейін "Көше партиясы" ісіне араласты деп жазылған дейді.
– Прокуратура "ҚДТ" "Көше партиясына" трансформацияланған яғни екеуінің ісі бір" деп, екі ұйымға қатысты шешімді біріктіреді. Алайда оларды біріктіруге болмайды, себебі олар – екі түрлі шешім, реттік нөмері де бөлек, – дейді адвокат.
"ҰРТОҚПАҚҚА" АЙНАЛҒАН БАП
"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының президенті Бақытжан Төреғожинаның есебінше, республика бойынша өз ойын ашық айтқаны үшін әкімшілік және қылмыстық кодекстің түрлі баптарымен жауапқа тартылып жатқандардың жалпы саны 270-тен асады. Олардың ішінде 124 адам 405-баппен айыпталған. 18 адам тергеу изоляторында, қалғандары үйқамақта отыр. Олардың есімдері Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қарарында аталып, депутаттар Қазақстан билігін белсенділерді дереу босатуға шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдадыҚылмыстық кодекстегі 405-баптың бірінші және екінші тармағымен айып тағылған олар алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Арасында 182-баппен де айыпталғандар бар, ол бап бойынша 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Адам құқығының қорғалуын бақылайтын QaharmanKZ қоры Азаттыққа жолдаған жауабында "Билік бұл істер бойынша шешім шығарғанда жаза мерзімінен бөлек, азаматтың қоғамдық және саяси іспен айналысып, әлеуметтік желіні пайдалануына да тыйым салуға көшкен. Кейде тіпті бұл тыйымның уақыты жаза мерзімінен де асып, 3-5 жылға дейін созылып жатады. Әкімшілік бақылау орнатылады" дейді.
Бақытжан Төреғожина 405-бап бойынша істердің қылмыстық емес, саяси іс екенін көрсететін үлкен дәлел – жазамен қатар қоғамдық іске араласуға тыйым салу деп санайды.
– Билік бұл бапты белсенділерді ауыздықтап, белсенділігін басу үшін ұртоқпақ ретінді пайдаланады. Белсенділерге "пробация ережесін бұзсаң, қамап тастаймыз" деп үнемі сес көрсетіледі. Тіпті шектеу жазасы берілгендердің кейбірін қамап тастаған жағдайлар да бар. Мысалы Асқар Ибраев, Медет Есенеев, Серік Ыдрышев және ақтөбелік Роман Рейхертке қамалу қаупі төніп тұр, – дейді Төреғожина.
Бұған дейін азаматтар бейбіт митингігіне шыққаны үшін іс қозғалса, енді ойын айтып, билікті сынаған пікірі үшін де қудаланып жатыр дейді QaharmanKZ.
Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай? 5 маусым 2020 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Ендігі мәселе – 405-баппен қудаланғандарды қорғайтын адвокат табу және олардың қызмет ақысын төлеу. Адвокаттар лицензиясынан айырылудан, қысымнан қорқып, "саяси" істерге жоламауға тырысады. Қудаланып жатқан белсенділердің қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, адвокаттың қызметіне ақша төлей алмайды. "Әдетте осы мақсатта асарлатып, ақша жинаймыз, себебі мұндай істердің саны артып келеді" дейді QaharmanKZ.
Бұған қоса, "экстермистік баппен" істі болғандар "қара" тізімге енгізіліп, олардың есеп-шоттары бұғатталады, банк карталары ашылмай қалады, сондықтан айыппұл да төлей алмайды, басқа қаржылық операциялар жүргізе алмайды дейді құқық қорғаушылар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хейди Хаутала: Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдаймыз