6 шілдеде Нұр-Сұлтанда америкалық белгілі режиссер, продюсер Оливер Стоунның Нұрсұлтан Назарбаев жайлы деректі фильміне арналған баспасөз жиыны өтті. Бірақ жиынның өтетіні жайлы анонс алдын ала таратылмады. Сол себепті оған тәуелсіз ақпарат құралдарының тілшілері қатыса алмады.
Орталық коммуникациялар қызметі әдетте қандай да бір жиын жайлы анонсты журналистердің WhatsApp-тағы ортақ чатына алдын ала жариялап, салып отыратын. Бұл жолы жиын жайлы анонс келмеді. Тәуелсіз және билікті жиі сынайтын кейбір ақпарат құралдарының тілшілері жиынның өтетінін баспасөз конференциясының басталуына бірнеше минут қалған кезде білген.
Баспасөз жиыны өткен орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне жиынға 7 журналист қатысқанын айтты. Бірақ "қалған журналистер неге шақырылмаған?" деген сұраққа нақты жауап бере алмады.
Жиынға қатысқан журналистер арасында мемлекеттік "Хабар", "Қазақстан" телеарналары, Астана TV, КТК арнасы, "Егемен Қазақстан" басылымының тілшілері бар. Ондағы кейбір әріптестер Азаттық тілшісіне жиынның өтетінін "таңертең координатордан естігенін" жеткізді.
Сейсенбі күні Оливер Стоун қатысқан баспасөз жиыны алғаш рет офлайн өтті.
Орталық коммуникациялар қызметінің өкілдері жиынды ОКҚ емес, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырып жатқанын айтты. Бірақ ОКҚ директоры Руслан Алишев кейінірек хабарласуды өтінді. Кейін хабарласқан кезде телефонын алмады. Ал ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысынан әзірге жауап алудың сәті түспеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Назарбаев жайлы деректі фильмнің тұсаукесеріне арналған баспасөз жиынына фильмнің атқарушы продюсері Оливер Стоуннан бөлек мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, фильмнің директоры Игорь Лопатенок, продюсер Игорь Кобзев, продюсер Вера Томилова қатысты. Жиын кезінде журналистер олардан фильмнің бюджеті жөнінде сұрағанмен Игорь Лопатенок жауап беруден тартты. Оның айтуынша, фильмнің жасалуына 19 ай жұмсалған.
6 шілдеде ОКҚ жиынына қатыса алмаған Азаттық тілшілері фильмнің тұсаукесеріне де қатысуға тырысқан. Бірақ ол жаққа да Азаттық тілшілерін кіргізбей қойды.
Фильмнің директоры Игорь Лопатенок жиыннан шыққан соң Азаттық тілшілерін "шетел агенті" деп атап, сұраққа жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін америкалық режиссёр Оливер Стоунның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Qazaq. Алтын адам тарихы" деп аталатын сегіз сағаттық деректі фильм түсіргені белгілі болған. Стоун әлеуметтік желідегі парақшасында фильмде Қазақстанның тұңғыш президентінің балалық шағы мен Совет Одағының құлауы сипатталатынын хабарлаған.
Оливер Стоун бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин, Кубаның бұрынғы басшысы Фидель Кастро туралы деректі фильмдер түсірген. Әлемдегі диктаторлармен қарым-қатынас орнатқаны үшін де талай рет сынға ұшыраған.
6 шілдеде Қазақстанда астана күні және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қатар атап өтіледі. Назарбаевтың туған күні қарсаңында елде оған арналған екі ескерткіш ашылған. 6 шілдеде Алматыда өткен наразылық акциясында белсенділер індет пен қуаңшылық, қымбатшылық кезінде аса маңызды нәрселерге көңіл бөлудің орнына биліктің ескерткіш ашып, Назарбаевты ұлықтауын сынады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев ескерткішінің авторы экс-президентті "диктатор" ретінде бейнелегісі келмегенін айтты