Қарағандыда әйелдер құқығы туралы кездесу өткізейін деп отырған Feminita тобының белсенділері кедергіге ұшырағанын хабарлады. Топ жетекшілерінің бірі Жанар Секербаеваның сөзіне қарағанда, олар алдын ала ақшасын төлеп, брондап қойған қонақ үй кенет шара өткізуден бас тартқан. Енді ұйымдастырушылар "Қазақстандық Feminita тобымен таныстыру, феминизм және әйелдер құқығы туралы" атты кездесу өткізетін орынды дереу іздеуге мәжбүр екенін айтып отыр.
— Бізде бәрі алдын ала жоспарланған. Бірақ маған қонақ үйдің менеджері Дәулет хабарласып, "ЛГБТ туралы қандай да бір сілтемелерді" оқығанын айтты. Мен оған "біз адам құқығы, феминизм, әйелдер құқығы туралы айтамыз, онда тұрған не бар" деймін. Бұдан соң ол санитарлық дәрігердің қаулысын алға тартты, оған дейін бәрі дұрыс деп келген еді. Мен онымен жазысқан хаттарды сақтап қойдым. Мұны адам құқығын бұзу деп санаймын. Биыл әмбебам периодикалық шолуды қарастырғаннан кейін үкімет қабылдаған рекомендациялардың бірін орындамау деп білемін. Ол рекомендация былай деп аталады: "Құқық қорғаушыларға, белсенділерге (оның ішінде ЛГБТ да бар) қолайлы жағдай жасау", – дейді Секербаева.
Ол қонақ үйдің кездесу өткізуден бас тарту себебінің ар жағында билік тұр деп есептейді.
— Шымкенттегідей жасағысы келе ме? Мейлі, жасай берсін, бұл бізді тоқтата алмайды. Бұл адам құқығын бұзу, себебі біз құқық қорғау шарасын өткізуге барамыз және егер оған ЛГБТ өкілдері қатысқысы келсе, оларды сызып тастай алмаймыз, — деді Азаттыққа Жанар Секербаева.
29 мамырда Feminita тобының өкілдері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева Шымкентте лесбиян, бисексуал, квир мен трансгендер адамдардың құқықтары туралы кездесу өткізбек болған. Қонақ үйге алдын ала ақшасын да төлеп қойған. Бірақ зал иелері әбден тақалған кезде белсенділерді кіргізуден бас тартқан.
Белсенділер көрші дәмханаға барған. Алайда ол жақта ашулы топтың шабуылына ұшырады. Полиция шабуылдаушыларды емес, Секербаева мен Сержанды ұстаған. Оларды полиция басқармасына жеткізіп, 8 сағаттан соң бір-ақ жіберген. Бұдан соң полиция көлігімен Алматыға жеткізген.
Азаттық тілшісі белсенділер айтқан Қарағандыдағы қонақүйге хабарласып көрді. "Feminita тобына не себепті зал беруден бас тарттыңыздар" деген сұраққа аты-жөнін атамаған қонақүй қызметкері "жауап бере алмайтынын" жеткізді. Бірақ қонақүйдің бас тартқанын да жоққа шығармады.
—Білмеймін, бұл сұрақтардың маған қатысы жоқ, қазір ешкім жоқ, — деді олар.
Азаттық тілшісі Дәулет есімді менеджерді шақыруды өтінген кезде телефон тұтқасын қоюға асыққан қызметкер "ол жұмыста емес, жұмыс күні аяқталды, рахмет, сау болыңыз" деді.
Feminita тобы Қазақстанда әйелдер, ЛГБТ-қауымдастық пен трансгендерлердің құқықтарын қорғаумен айналысады. Биыл 8 наурызда Feminita өзге де феминистік белсенділермен бірге Алматыда Әйелдер шеруін ұйымдастырған. Алайда кейбір жекелеген адамдар шараны сынаған.
Еуропарламент биыл наурыз айында қабылдаған қарарында Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерінің дискриминацияға ұшырауына алаңдаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары да Қазақстандағы адам құқығы туралы есептерінде адамдардың жыныстық сипатына байланысты дискриминацияға ұшырайтынына назар аударған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
ELC Қазақстанда "Феминита" белсенділеріне жасалған шабуылды айыптады"Феминита" тобының жетекшілерін полиция ұстап әкеттіАлматыдағы гендерлік теңдік шеруі Шоқан ескерткішіне жетіп, митингіге ұластыАлматыда "Әр әйел – жалғызым" ұранымен белсенділер шеруге шықты"Жыныстық сипаты өзгеше" әйелдерді қорғаудың қиындығы