Қанаған мұрын, нокдаун. Қазақстан боксшысы Қоңқабаев олимпиадада қалай жеңілді?
Бірінші раундтан бастап америкалық боксшы Торрез ширақ қимылдап, басымдық танытты.
Алғашқы раундта бес төрешінің төртеуі жеңісті америкалық боксшыға беріп, ол алда келе жатты.
Екінші раундта Қоңқабаев қарсыласының соққысын жіберіп алып, құлады.
Төреші осыдан соң есеп ашып, санай бастады. Қоңқабаев тез есін жиіп, бокс қайта жалғасты.
Үшінші раундта Қоңқабаевтың мұрнына тағы соққы тиіп, жарақат алды.
Дәрігер Қоңқабаевтың мұрнын таңып жатыр. Кейін боксшының мұрнынан қан тоқтамаған соң төрешілер жекпе-жекті тоқтатты.
Қоңқабаев финалға шыға алмады. Ол Токио олимпиадасының қола медалін алды. +91 келі салмақтың финалында Торрез пен өзбекстандық Баходир Жалолов кездеседі.
Қоңқабаев қанаған мұрнын ұстап тұр.
Торрез кездесуден соң "Керемет сезім. Қарсыласымның жағдайы жақсы деп ойлаймын. Рингтен қалай кеткенін көрдім. Рингте менімен бірге тер төккен әрбір қарсыласым – менің бауырым... Ал қазір осы жерден шығып, әкеме хабарласып "тамаша жұмыс" деп айтқым келеді. Себебі жекпе-жек алдында әкеммен ақылдасып едім. Менде қарсыласымды бағаламау деген болмайды. Бүгін қарсыласымды нокдаунға түсіргенде жолым болды деп ойлаймын" деді.
АҚШ боксшысы "Алтын алуға барымды саламын. Қолымнан келгеннің бәрін жасап, үйге оралғанда "әке, біз дегенімізге жеттік" деп айтқым келеді" деді. Журналистер америкалық боксшыдан "кездесу алдында сарапшылар Қоңқабаев фаворит деп айтқан" деп еді ол "сарапшылар алдымен менен сұрауы керек еді" деп жымиды.
Қазақстаннан Токио олимпиадасына тоғыз боксшы жолдама алған. Солардың ішінде тек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов жартылай финалға шықты. Қазақстан үміт артқан Василий Левит (Рио олимпиадасының күміс жүлдегері), Бекзат Нұрдәулетов (2019 жылғы әлем чемпионы), Абылайхан Жүсіпов, Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин, Аманхан Әлімқұл, әйелдер боксынан Надежда Рябец жартылай финалға шыға алмады.
Қоңқабаевтың қоласы – Қазақстанның Токио олимпиадасындағы төртінші медалі. Осыған дейін дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон олимпиадада қола медаль алған.