33 жастағы Асадилов Токиода топтық кездесудегі бес жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, жартылай финалға қиналмай шыққан. Бірақ жартылай финалда 24 жастағы франциялық Стеван Да Костаны (2018 жылғы әлем чемпионы) жеңе алмады.
Жартылай финалдың басында Асадилов қарсыласының кеудесінен теуіп, базари (2) ұпайын алған. Бірақ кейін франциялық каратэші Асадиловті шалып шығып, иппон (3) ұпайын алып кетті. Соңғы секундта қазақстандық таэквондошы шабуылдаймын деп қарсыласынан кеудесіне соққы өткізіп алды. Франция каратэшісіне тағы екі ұпай (базари) берілді. Қорытынды есеп - 5:2, Стеван Да Коста олимпиада финалына шықты. Ал Асадилов қола жүлдені иеленді.
Дархан кездесу аяқталған соң қарсыласын құттықтап, татамиден тез түсіп кетіп қалды.
Франция каратэшісі Стеван Да Коста финалда түркиялық Эрай Самданды жеңіп, олимпиада чемпионы атанды.
Асадилов Токио олимпиадасының топтық кезеңінде осы Самданды (2021 жылғы Еуропа чемпионы), египеттік Әли әл-Сауиді, жапониялық Наото Сагоны (60 келіде 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) жеңген.
Ол топтағы басты қарсыласының бірі әзербайжандық Фирдоуси Фарзалиевтен (60 келіде 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) де басым түсіп, жартылай финалға бірінші орынмен шыққан еді.
Марапаттау рәсімінен соң Дархан Асадилов алтын ала алмаған үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрады.
— Қоланы қанағат тұтпаймын. Елге алтын керек еді. Соған жұмыс істегенбіз. Кішкене жетпей қалды. Кешірім сұраймын бәрінен... Елге барған соң жарақаттарды емдеуім керек. Алда Азия біріншілігі және әлем чемпионаты бар. Карьерамды аяқтау жоспарым жоқ, бірақ мықты жастар шығып жатса жол беруге дайынмын. Алтын ала алмағаным үшін [тұғырда тұрғанда] көзіме жас алдым. Алтын болмаса да қола алдық, еліміз оны қабыл алса... - деді ол.
Каратэ олимпиада ойындарына алғаш рет енгендіктен Асадиловтің нақты қандай жүлде алатынын болжау қиын еді. Дегенмен жанкүйерлер мен сарапшылар әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған Асадиловті алтынға негізгі үміткерлердің бірі санаған. Ол Токионың алдындағы бірнеше халықаралық жарыста жеңіске жеткен соң олимпиадаға фавориттердің бірі ретінде келген еді.
АСАДИЛОВ КІМ?
Дархан Асадилов алты жасында Ташкентте каратэмен айналыса бастаған.
Асадилов қазір WKF (Дүниежүзілік каратэ федерациясы) рейтингінде 60 келі салмақтағы спортшылар арасында бірінші орында тұр. Қазақстан каратэ құрамасындағы тәжірибелі спортшының бірі.
Ол 2008 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта күміс медаль иеленген. Бұл оның әлем біріншілігіне алғаш қатысуы еді. Араға он жыл салып, 2018 жылы Мадридтегі (Испания) әлем чемпионатында 60 келіде қола жүлдегер атанды.
Асадилов 2010 жылы Гуанжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарында чемпион атанған. Азия чемпионатында үш күміс, үш қола медаль иеленген. 2018-2021 жылдары арасында WKF ұйымдастыратын Karate 1 Premier League турнирлерінде алты алтын, екі күміс, үш қола медаль иеленген.
Ол олимпиада алдында wkf.net сайтына берген сұхбатында "жиырма жыл бұрын олимпиадаға қатысамын деп ойлаған жоқпын. Төрт жыл бұрын каратэ олимпиада бағдарламасына енгенде де Токио ойындарына қатысамын деп ойламадым. Енді олимпиадаға барып, бірінші орын алуға барымды саламын" деген еді.
Халықаралық олимпиада комитеті каратэнің ката және кумите түрін Токио олимпиадасының бағдарламасына енгізген. Каратэ 2024 жылы Париж олимпиадасының бағдарламасында болмайды.
Токиода 5 тамызда жарысқа қатысқан Мөлдір Жаңбырбай (55 кг) топтық кезеңде бір рет жеңіп, бір рет тең түсіп, екі рет жеңіліп, жартылай финалға шыға алмады.
6-7 тамызда каратэден қазақстандық Нұрқанат Ажыханов (75 кг), Данияр Юлдашев (+75 кг), әйелдер арасында София Берульцева (+61 кг) жүлдеге таласады.
Қазақстанда қазір Токио олимпиадасының жеті қола медалі бар:
- Елдос Сметов (дзюдо)
- Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика)
- Игорь Сон (ауыр атлетика)
- Қамшыбек Қоңқабаев (бокс)
- Сәкен Бибосынов (бокс)
- Нұрислам Санаев (еркін күрес)
- Дархан Асадилов (каратэ)
5 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан жалпы командалық есепте жеті қола медальмен 76-орында келеді.
Жалпы есепте алғашқы үштікте Қытай (34 алтын, 24 күміс, 16 қола); АҚШ (29-35-27); Жапония (22-10-14) тұр. Орталық Азия елдерінен Өзбекстан екі алтын, бір қоламен 32-орында, Қырғызстан екі күміс, бір қоламен 66-орында, Түркіменстан бір күміс медальмен 73-орында тұр.