Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев биліктен қуылғаннан кейін 16 жылдан соң бірінші рет, биыл 2 тамызда туған жеріне оралды.
Қырғыз үкіметі Ресей астанасында тұрып жатқан Ақаевты "Құмтөр" алтын кенішінде жемқорлық пен басқа да заңбұзушылықтар болған деген күдікпен қозғалған іс бойынша түсініктеме алу үшін шақырған. "Құмтөр" ісі бойынша Ақаевқа да бірқатар айып тағылған. Ол бұрын осы үшін тергеуге де алынған. Бірақ экс-президенттің бұл жолғы арнайы ұйымдастырылған алты күндік сапарының орны бөлек.
Ақаев елге келгеннен кейін өзі президент болған 1990-2005 жылдары канадалық кен өндіруші компаниямен тиімсіз шартқа отырғанын, соның салдарынан Қырғызстан жүздеген миллион доллар табыстан қағылғанын мойындады.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет (ҰҚМК) Ақаевты Қырғызстанның солтүстік-шығысындағы таулы аймақта орналасқан "Құмтөр" кеніші бойынша канадалық Cameco компаниясымен жасалған келісімшарт туралы сұрау үшін уақытша елге шақырған.
Ақаев Қырғызстанға келген күні бірден "Әріптестік орнатып, көмектесуге келдім. Құмтөр туралы білетінімнің бәрін айтамын" деп мәлімдеді.
Ақаев "Құмтөр" кенішінде жасалған болуы мүмкін жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінгендердің арасында болғанымен, экс-президент елге келгеннен бастап оған ешқандай айып тағылмайтыны белгілі болды. Ол Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаровтың қадірлі қонағы болып, Бішкектің іргесіндегі президент резиденциясына тоқтады.
"Қырғызстанға оралуға мүмкіндік бергені үшін президент Садыр Жапаровқа алғыс білдіремін" деді Ақаев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзі келді ме, "жеткізілді" ме? Асқар Ақаев 16 жылдан соң еліне оралдыАҚАЕВ НЕ АЙТТЫ?
Асқар Ақаевтың ақпарат құралдарына берген жауабына сенсек, канадалық компаниямен жасалған келісімшарттарда шынымен қате шешімдер мен жемқорлық мотивіне жол берілгендей әсер қалады.
ҰҚМК Қырғызстан үкіметі мен канадалық компания арасындағы келісімдердің бұрыс әрі заңсыз жасалғанын көрсету үшін парламенттің қазіргі және бұрынғы мүшелерін, бұрынғы премьер-министр мен оның орынбасарларын, басқа да өкілетті тұлғаларды тұтқындаған.
Бірінші келісімшарт жасалған сәттен бастап бұл істің басы-қасында Ақаев болған. Сондықтан бірінші келісімшарт пен одан кейінгі Ақаев билікте болған 15 жылда қол қойылған құжаттардың бәрі Қырғызстанның мүддесіне сай келмейтінін әрі заңсыз екенін дәлелдеу үшін экс-президенттің түсініктемесі маңызды болып отыр.
Ақаев әуел баста, 1992 жылы Қырғызстан үкіметі көп жеңілдік жасап, канадалық компанияның пайдасын мемлекет мүддесінен жоғары қойғанын айтты.
Экс-президент 1992 жылғы Cameco компаниясын міндетті төлемдерден, оның ішінде қазба байлықты пайдаланғаны үшін алынатын салықтан босату туралы шешімді "заңсыз" деп атап, шетелдік кәсіпорынға жобаны басқару құқығын беру "үлкен ақымақтық" болғанын мойындады.
Ол 2003 жылы Қырғызстан үкіметіне "Құмтөр" кеніші бойынша келісімшартты қайта қарауға рұқсат беруін өзінің "ең үлкен қателігі" санайды. Ақаев мұны "үкімет мені осылай істеу керек деп көндірді" деп түсіндірді.
2003-2004 жылдары кен орнын қайта бөлу туралы келісім мемлекеттің Құмтөр жобасындағы үлесін 25,7 пайызға азайтты. Қазір Қырғызстан алтын кенішінің 26 пайызына ғана ие.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікті нығайту ма, жемқормен күрес пе? Қырғызстанда бұрынғы басшылар ұсталып жатырЖАПАРОВ КІНӘЛІ МЕ?
Мамыр айында 2009 жылы Cameco компаниясының үлесін сатып алған канадалық Centerra кәсіпорны мен мемлекет арасында дау туғанда Жапаров үкіметі Құмтөр жобасын сырттай басқару құқығын енгізген. Осыдан кейін кеніш уақытша Қырғызстан иелегіне өткен. Centerra компаниясы халықаралық арбитраж сотына жүгінді. Бұл сотта канадалық компания жеңіске жетуі мүмкін.
Қырғызстан билігі Cameco, кейін Centerra компанияларымен жасалған келісімдер әу бастан заңсыз болғанын, елдегі жемқор саясаткерлер канадалық кәсіпорындардың мүддесін қорғағанын дәлелдеуге тырысып жатыр.
Ақаевқа келсек, бұл сапардан ол да құралақан қайтқан жоқ.
Ақаев өзі туған Кемин өңіріне баруға рұқсат алды. Туған жері экс-президентті құшақ жая қарсы алды, ол 16 жыл көрмеген туыс-туған, дос-жаранымен қауышты. Ақаев сондай-ақ елдің солтүстік-батысындағы Талас облысында тұратын енесінің 103 жылдық мерейтойына да барды.
Ақаев бұрын болған оқиғалар үшін жартылай ақталып үлгерді. Ол 8 тамызда Мәскеуге қайтардың алдында түсірген видеосында "Құмтөрге зор үміт артқан едік, өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болмады" деді.
Ақаев 4 тамызда берген сұхбатында Қырғызстанның қазіргі экономика және қаржы министрі Ақылбек Жапаровты (президент Жапаровқа қатысы жоқ) Құмтөр кенішін қайта бөлгені үшін айыптады. "Ақылбек Жапаров [келісімшартты қайта қарауда] негізгі рөл атқарды. Ол парламенттегі салық және бюджет комитетінің төрағасы болды" деді экс-президент.
Ақылбек Жапаров Торонтоға барып, жаңа келісімшарт туралы келіссөз жүргізген комиссия құрамында болған. Ақаевтың айтуынша, ол елге келгеннен кейін "[Cameco] әлемдегі ең үздік компания, жаңа келісімшартта компанияның да, Қырғызстан үкіметінің де мүддесі ескерілді" деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алтынға бай Қырғызстанның халқы кедей тұрадыБАЛАЛАРЫ ДЕПУТАТ БОЛҒАНЫН АЙТПАДЫ
Ақаев Қырғызстанға сапары барысында журналистерге 2005 жылы елден қуылуына себеп болған оқиғалар туралы да айтып берді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы 15 жылында билікте болған бірінші президент ретінде бір нәрсеге өкінемін. 2005 жылы президент сайлауы болса, биліктен өз еркіммен кетер едім, – деді ол.
Ол "еркін сайлауда жеңіске жете алмайтынын түсінген саяси авантюристер президенттік мерзімім аяқталуға алты ай қалғанда мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырып, билікті күшпен басып алды" деп мәлімдеді.
Бірақ Ақаев өз сөзінде Қырғызстанда 2005 жылы ақпан және наурыз айларында болған парламент сайлауының әділетсіз өткенін айтпады. Сол сайлауда Ақаевтың екі баласы депутат болып сайланып, күмәнді сот шешімдерінің салдарынан, елге танымал саясаткерлердің көбі саяси додаға қатыса алмады. Олардың көбі 2000 жылы Конституцияға билікте отырған Ақаевқа үшінші мәрте президент сайлауына түсуге мүмкіндік беретін өзгерту енгізілгеннен кейіні мемлекет басшысы 2005 жылы тағы да билігін ұзартып алуы мүмкін деп қауіптенді.
Жапаров үкіметі Ақаевтың "Құмтөр" келісімшарты туралы берген түсініктемесі кенішті мемлекет иелігіне қайтаруға көмектеседі дегенге сенетін сияқты. Ақаев кеткеннен кейін бірнеше күннен соң, 11 тамызда Қырғызстан үкіметі Centerra компаниясымен келісімшарттың күші жойылғанын хабарлады.
Арбитраж соты Жапаров үкіметінің "Құмтөр" кенішін қайтару үшін жасаған біржақты қадамын құптай қоймас. Бұл тіпті, сотта Қырғызстанға қарсы ойнайтын дәйек болуы да мүмкін.
Бірақ Ақаевтың түсініктемесі "Құмтөр" келісімшартында біраз былық болғанын, Қырғызстан үкіметінің алтын кенішіндегі әділ үлесіне қол жеткізе алмағанын көрсететін сияқты.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалдары пайдаланылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия президенттері және олардың биліктегі балалары