Халықаралық Адам құқығын қорғау ұйымдары жуырда түрмеден босатылып, екі айға да жетпей қайтыс болған диссидент, ақын Арон Атабектің өліміне реакция білдірді. Норвегиялық Хелсинки комитеті Twitter желісінде диссиденттің жақындарына көңіл айтып, оның өліміне Қазақстан билігі түсініктеме беруі тиіс деп жазды.
"Норвегиялық Хельсинки комитеті ақын, диссидент Арон Атабектің дүниеден өткені жөнінде хабарға қатты қайғырады. 15 жыл түрмеден кейін жуырда ол жағдайы нашар күйде қамаудан шыққан еді. Қазақстан билігі түсіндіруі тиіс" деп жазды комитет.
Human Rights Watch ұйымының сарапшысы Мира Ритман Twitter желісінде Арон Атабектің өлімі жайлы хабарға көңілі қатты құлазығанын жазды.
"Ол 15 жыл адам шошырлық түрме жағдайында қамауда отырып, жуырда босатылған. Суретте оның құр сүлдері қалғаны көрінеді. Оның отбасына және оның дүниеден өткеніне қайғырған барлық адамға көңіл айтамын" деп жазды сарапшы.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон да диссиденттің жақындарына көңіл айтты.
Құқық қорғаушы Музафар Сулейманов "Қырғыз және қазақ билігіне әрбір саяси кездесу және форумда Әзімжан Асқаров пен Арон Атабекті саяси себеппен қамап, қайтыс болуына жауапты екенін ескертіп отыру керек. Билік қудаламағанда екеуі де тірі болушы еді " деп жазды.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Кортни Арон Атабектің сотталуы мен өліміне байланысты халықаралық зерттеу жүргізу мәселесін көтерді. "Халықаралық зерттеу жүргізу қажет. Тағы қанша саяси тұтқынның өміріне қауіп төніп тұр?" деп жазды.
Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Бақұл бол, батыр" деп жазды.
2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталып, биыл түрмеден шартты жазамен босап шыққан диссидент ақын Арон Атабек 24 қараша кешкісін 68 жасында қайтыс болды. 1 қазанда денсаулығына байланысты түрмеден босатылған Атабек Алматыға жеткізілгеннен кейін бірден денсаулығы нашарлаған. Ол ауруханаға жатудан бас тартқанмен кейін туыстары жеке клиникаға жатқызуға мәжбүр болғанын айтқан. Қарындасы оның соңғы күндері жағдайы оңала алмай жатқанын хабарлаған. "Оны үйіне өлуге жіберді"деді туыстары.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Концлагерьде ұстаған ба?" Түрмеден шыққан Арон Атабектің суреті көрген жанды шошыттыАрон Атабектің өлімі: Белсенділер тәуелсіз сот сараптамасын жасауды талап ететінін айтты"Ауруханада жүрегі тоқтады". Арон Атабек қайтыс болдыАлматыда белсенділер Арон Атабекті қорғау комитетін құру жөнінде бастама көтердіАрон Атабектің өлеңдер жинағы кітап болып шықты