Павлодар сотының қаулысымен жұма күні денсаулық жағдайына байланысты түрмеден босатылған диссидент ақын Арон Атабектің (Едігеев) туыстары 2 қазанда мәлімдеме жасады. Онда өзін толық ақтауды талап еткен 68 жастағы тұтқынды ауруханадан әуежайға "алдап жеткізіп, Алматыға аттандыруға асық болған" билікті сынаған. Азаматтық қоғамнан ақынның бостандығын шектейтін үкімнің күшін жойып, көп жыл бойы түрмеде азап көріп, денсаулығы мүшкіл халге жеткен ақынды емдету үшін еш кедергісіз тезірек шетелге жіберуге жәрдем сұраған.
1 қазанда Павлодардың №2 соты Арон Атабек денсаулық жағдайына байланысты жазасының қалған бөлігін шартты түрде өтесін деген қаулы шығарған. Сол күні түнде оны жолаушы ұшағымен Алматыға жеткізіп, Арон Атабекті қарсы алуға әуежайға жиналған жұртқа көрсетпей, ұшақтан бірден үйіне апарған.
"Арон Атабекке ең әуелі шұғыл түрде қымбат ем-дом қажет және "Шаңырақ ісі" бойынша толық ақталуы тиіс. Оған ойдан құрастырылған айыптар тақты, онымен бірге Ерғанат Тараншиев, Рүстем Тұяқов және Құрманғазы Өтегенов көп жылға заңсыз сотталды. Арон шартты түрде босатуды да, "рақымшылық та", "реабилитация да" сұраған жоқ. Ол өздерін ("Шаңырақ ісі" бойынша сотталғандарды – ред.) толық ақтауды талап етеді. Аронды іс жүзінде үйіне өлуге жіберді деп санайтындар көп, бірақ жаратушы дұғамызды қабыл етіп, Аронға бұрынғы қауқарын аздап болса да қайтарып берер деп үміттенеміз. Азаматтық қоғамнан ең алдымен, бостандығын шектейтін шешімнің күшін жойып, аса зәру ем қабылдауы үшін еш кедергісіз тезірек шетелге аттануына жағдай жасауға жәрдем сұраймыз" делінген мәлімдемеде.
Оны 2 қазанда диссиденттің қызы Айдана Айдархан Facebook парақшасында жариялады.
Мәлімдеме авторлары Арон Атабекті Алматы әуежайында жұртпен кездестірместен ұшақ баспалдағынан бірден көлікке салып әкетіп, пробация орны ретінде белгіленген жерге жеткізгенін жазған.
"1 қазанда күндіз Павлодарда апыл-ғұпыл өткізілген сотқа Арон аурухана палатасынан онлайн қатысты. Биліктің оны "сырқатына байланысты" босатуына қарсы екенін айтып, толық ақтауды талап етті. Оны ауруханадан ұшаққа алдап апарып, асығыс түрде Алматыға аттандырды. Кинода жиі көрсететін "Заттарыңды ал да, бері шық!" деп ешкім айтқан жоқ. Мысалы, Аронға "заттарын" бірге алып шығуға неліктен рұқсат бермегенін білмейміз. Оның түрме жазбалары бар үлкен сөмкесінің қайда екені де белгісіз. Алматы әуежайындағы жұртпен кездесу де өтпей қалды" делінген мәлімдемеде.
Мәлімдеме авторлары көпшіліктен Тәуелсіздік кезеңдегі 30 жылының 15-ін бостандығы мен денсаулығынан айырылып, абақтыда толық түнекте деуге болатын жағдайда өткізген Арон Атабекке біраз уақыт ес жинауына мүмкіндік беруін сұрап, мазаламауын да өтінген.
Хабарламада Арон Атабек қамаудан шыққанша бір кезде төңірегінде болған жақын адамдары мен күрескер достары, жақтастары мен әріптестерінің қатары сиреп, өмірден озғаны айтылады. Онда 2020 жылы пандемия кезінде қайтыс болған інісі, 1990 жылдардағы диссиденттік қозғалысқа атсалысқан Рашид Хабибулла (Нұтышев), Арон жайлы мақалалар жазған Ербол Құрманбаев, биыл дүниеден өткен, "Шаңырақ ісі" бойынша жүйелі түрде хабар таратып, мақалалар жазған журналистер Қазис Тоғызбаев, Бақытгүл Мәкімбай, оппозициялық саясаткер, режиссер Болат Атабаев, композитор Бақтияр Аманжол, ақын Дүйсенбек Нақыповтың аты-жөні аталған.
Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам уақытын түрмеде өткізді. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Түрмеде отырғанда ол биліктен өзін толық ақтауын талап етіп, шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазу туралы ұсыныстан бірнеше рет бас тартқан.
Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.
"Елде саяси тұтқын жоқ" дейтін Қазақстан билігі бұған дейін еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға түрмеде отырған Арон Атабекпен кездесуге рұқсат етпеген.
ПІКІРЛЕР