Accessibility links

Арон Атабектің өлеңдер жинағы кітап болып шықты


Диссидент ақын Арон Атабектің өлеңдер жинағы. Тіркелмеген “Нағыз Атажұрт” ұйымының қаржылай қолдауымен баспадан 500 дана болып шыққан. Алматы, 10 қазан 2021 ж.
Диссидент ақын Арон Атабектің өлеңдер жинағы. Тіркелмеген “Нағыз Атажұрт” ұйымының қаржылай қолдауымен баспадан 500 дана болып шыққан. Алматы, 10 қазан 2021 ж.

Ақын әрі диссидент Арон Атабектің (Едігеев) орыс тілінде жазған шығармалар жинағы "Поэт-бунтарь, казахский самурай" (Асау ақын, қазақ самурайы) деген атаумен баспадан жарық көрді. 10 қазан күні Алматыда жаңа кітапты көпшілікке таныстырды.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, кітап тіркелмеген "Атажұрт" қозғалысының қолдауымен 500 дана болып шыққан. Кітапты құрастырғандардың бірі – оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин жинаққа Арон Атабектің жеке сайтында орыс тілінде жарияланған туындылары кіргенін хабарлады. Оларды Атабек түрмеде отырғанда және қамалардан бұрын жазған. Онда ақын халық, Отан, Шаңырақ оқиғасы жайлы ой толғап, Қазақстандағы "жекешелендіру ұранымен халық игілігін талан-таражға салған биліктің диктатура орнатып, мәңгі билеп-төстегісі келетінін" сынаған.

– Билік Аронды кенеттен, асығыс бостандыққа шығарды. Ақын мен жақтастары оны толық ақтап, жазықсыз жабылған жаланы жоюды талап еткенімізбен, билік әзірге оған құлақ аспай отыр. Біз, әрине, оның арамызға оралғанына қуаныштымыз. Бірақ түрме тозағы ақынның денсаулығына зор нұқсан келтірді, жазықсыз сотталып, 15 жылдан артық абақтыда азап шекті. Бұған жауапты – билік. Аронның пікірлестері ол бостандыққа шыққанда шығармаларынан кітап бастырып, сыйға тартуды ойластырғанбыз. Міне, сол кітап қолдарыңызда. Кеше бір данасы автордың өзіне де жеткізілді, – деді Жасарал Қуанышәлин.

Солдан оңға қарай: журналист Жарылқап Қалыбай, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, адвокат Шынқуат Байжанов, "Нағыз Атажұрт" ұйымының белсендісі Әбілқайыр Төлеухан Арон Атабектің өлеңдер жинағы тұсаукесерінде. Алматы, 10 қазан 2021 ж.
Солдан оңға қарай: журналист Жарылқап Қалыбай, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин, адвокат Шынқуат Байжанов, "Нағыз Атажұрт" ұйымының белсендісі Әбілқайыр Төлеухан Арон Атабектің өлеңдер жинағы тұсаукесерінде. Алматы, 10 қазан 2021 ж.

Кітап жеке қаржыға шығарылған. Кітап сатудан түскен ақша Арон Атабекті қолдау ретінде қарындасының есеп-шотына аударылады деді кітапты таныстырғандар.

Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған. 2007 жылғы қазанда Алматы сот "Шаңырақ оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған" деген айыппен Арон Атабекке 18 жылға қатаң тәртіптегі түрме жазасын кескен. Онымен бірге сотталған үш адамның екеуі – Ерғанат Тараншиев (15 жыл)пен Рүстем Тұяқов (14 жыл) 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шыққан. Ал "полиция өкілінің қазасына кінәлі" деген айыппен 16 жылға бостандығынан айрылып, 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған Құрманғазы Өтегенов әлі түрмеде.

Шаңырақ оқиғасы кезінде қаза тапқан полицейдің ата-анасы Қазақстан бас прокурорына хат жазып, Арон Атабекті түрмеден шығармауды сұраған деп хабарлады ақын бостандыққа шыққаннан кейін жергілікті басылымдар.

"Шаңырақ ісі" бойынша сотқа төрағалық еткен судья Адайбек Бейімбетов кейін Азаттыққа сұхбатында сотталғандарға тағылған айыптың "бәрі видеоматериалда қолмен қойғандай көрініп тұр" деген еді. Бірақ сот процесіне айыпталушылардың қоғамдық қорғаушысы болып қатысқан Жасарал Қуанышәлин ұзақ мерзімге сотталған төрт азаматтың қылмыс жасағанына ешқандай видео я фото айғақ жоқ деп санайды.

– Сот үкімді ағайынды екі адамның куәлігіне сүйеніп шығарды. Үкім шыққаннан кейін ол екеуі тергеу кезінде өздеріне қысым жасалып, жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын көпшілікке мәлімдегенімен жоғарғы сот оны елеусіз қалдырды, – деді Қуанышәлин 10 қазанда Алматыда Арон Атабектің баспадан шыққан кітабын көпшілікке таныстырған жиында.

Ұзақ уақыт түрмеде қатаң жағдайда болған ақынның халі нашар екенін осыған дейін Павлодарда абақтыда онымен бірнеше рет кездескен құқық қорғаушы Елена Семенова және Ұлттық алдын алу тетігі хабарлаған. Бірақ Атабектің өзі ауруханаға жатудан бас тартып келген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары совет диссиденті Арон Атабекті "саяси тұтқын" санайды. Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері оның жағдайына алаңдап, Қазақстан билігінен денсаулығы нашарлаған ақынға бостандық беруін сұраған. Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.

Ақынның өзі берілген мерзімді толық өтеуге бекініп, мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазудан бас тартқан.

Арон Атабек бостандыққа шыққан соң Азаттыққа сұхбат беріп, 21 қыркүйекте оқыс құлап, басын жарғанын, содан кейін Павлодар ауруханасында он күн кісендеулі күйі төсекке танылып жатқанын мәлімдеген. Диссидент ақын билік өзіне білдіртпей, Павлодардағы ауруханадан тікелей әуежайға апарып, Алматыға баратын ұшаққа салып жібергенін айтқан.

Бостандыққа шыққаннан кейін туыстары Арон Атабектің халі нашарлап Алматыдағы ауруханаға жеткізілгенін, бірақ оның ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлаған. Қазір ол пробация бақылауында болған кезде тұратын мекені ретінде белгіленген Алматыдағы қарындасының үйінде тұрып жатыр. Өткен аптада оның серігі Мұрат Есенғазы Атабектің өкпесі 38 пайызға қабынғанын айтқан.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG