Қытай консулдығына талабын айтуға келгендерді полиция тағы да ұстады 

Полиция Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдында 300 күннен астам уақыт наразылық жасап жүрген Халида Ақытханды ұстап жатыр. Алматы, 8 желтоқсан 2021 жыл.

8 желтоқсанда Алматыда Қытай консулдығы ғимаратының маңына келіп, наразылық өткізбек болған үш адамды полиция ұстап әкетті. Олар Қытайда түрмеде, үйқамақта отырған туыстарына бостандық сұрайды.

Акция өткізуге келгендер Қытай консулдығы орналасқан Байтасов көшесі бойына тоқтады. Бауырын іздеген Нұрзат Ермекбай мен үш баласына бостандық сұраған Халида Ақытхан көліктен түсіп, қолдарындағы плакаттарын ашып, сөйлей бастады. Осы сәтте олар келгенге дейін дайын тұрған полиция деген жазуы бар автобус ішінен шыққан қалалық әкімдік өкілі Ербол Айымбетов ескерту жасады. Ол қазақша ескертуді телефонға қайта-қайта телефонына үңіліп, кібіртіктеп оқып берді.

– Бүгінгі митинг заңсыз. Бейбіт жиналыс өткізу үшін 5 күн бұрын қалалық әкімдікке хабарлау керек еді, – деді де, кетіп қалды.

Бұдан соң Медеу аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ақытхан мен Ермекбайды ұстауға бұйрық берді. Екі әйел бағынбауға тырысқанмен, автобусқа күштеп кіргізді.

Полиция акцияны видеоға түсіріп, тікелей эфир жасауға келген Байболат Күнболатұлын да ұстады. Оның «акцияға қатысушы емеспін, оператор болып жүрмін» дегенін ешкім ескермеді.

Сәлден соң Халида Ақытханның автобус ішінде талып қалды. «Жедел-жәрдем шақырыңыздар» деген талап айтылғанымен, автобус жүріп кетті.

Биыл 8 ақпаннан бастап үзбей Қытай билігіне талап қойып, акция өткізіп келе жатқандарды Алматы полициясы анда-санда ұстап, әкімшілік жазаға тартатын. Желтоқсан айы басталғалы оларды ұстау жиіледі. Мұның себебін акцияға қатысушылар білмейді. Полиция да арнайы тапсырма берілген-берілмегенін растамады.

Күні бүгінге дейін болып жатқан наразылыққа байланысты Алматыдағы Қытай консулдығы ресми жауап бермеген және қатысушыларды қабылдамаған. Наразылар Нұр-Сұлтан қаласына да барып, акция өткізген. Нұр-Сұлтан полициясы оларды ұстап, сот әкімшілік жазаға тартқан. Туысына араша сұрағандардың әрекеті заңсыз деп танылып, бірнеше миллион теңге айыппұл салынған.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қытайда туыстары қалып қалған қазақстандықтардың арыз-шағымы бойынша биыл наурызда Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарымен кездескен. Елші өтініш білдіргендердің туыстары Қытай азаматтары екенін және ел заңнамасын бұзғандықтан жазаларын өтеп жатқанын айтқан. Чжан Сяоның бұл мәлімдемесін акцияға қатысқандар қатаң сынаған.

Бұл азаматтар осыған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Олар өтініш хаттарын Қазақстан парламентіне, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне, «Нұр Отан» партиясына да тапсырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қазақстан да қауіпті ел". Шыңжаңнан қашқандарды Нұр-Сұлтан неге қорғай алмайды?Акцияға 300 күн. Қытайдағы туыстарын қайтаруды талап еткен адамдарды полиция тағы ұстадыИнтерпол басына Қытай мен БАЭ өкілдері келді. Енді Шыңжаң мұсылмандарын қудалау күшейе ме?АҚШ-та жүрген қазақ Шыңжаңдағы мұсылмандарға араша сұрап, Ақ үй алдында пикет өткіздіҚытайдың лагерьлерінде балалар да "қамауда отыр"