Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау және билік өкілетін асыра пайдалану бойынша Бас прокуратураға 109 шағым келіп түскен. Бұл жөнінде 25 қаңтар күнгі брифинг кезінде Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.
"Прокурорлар билікті асыра пайдалануға қатысты 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерулер бастады. Ал қылмыстық қудалау органдары прокуратура нұсқауымен 10 қылмыстық істі тіркеді. Бүгінгі күні 21 қылмыстық іс өндірісте. 20-ын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер және біреуін арнайы прокурорлармен тергеп тексеріп жатыр. 43 арыз бойынша тексерулер жалғасып жатыр. 22 шағым расталмады" деді Бас прокуратура өкілі.
Қазақстанда қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандарды азаптау мен қысым көрсетуге қатысты шағымдар көп. Тергеу изоляторына немесе уақытша қамау орындарына түскен азаматтардың туыстары жақындарын ол жақта қинап, азаптағанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсендінің әйелі тергеу изоляторында күйеуінің тағы соққыға жығылғанын айттыҚоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. 22 қаңтарда күш құрылымдары өкілдерімен жиын өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтты.
Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.