Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінген азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтің Алматыдағы тергеу изоляторында соққыға жығылғаны хабарланды. Ақпаратқа қарағанда, 21 қаңтарда кешкі сағат 6 шамасында адвокат Жанар Балғабаева белсендіге кіріп шыққан. СИ-18 изоляторына сол күні этаппен жеткізілген Уәлиев соққы жайлы сол кезде айтқан.
– Дархан өзін сағат бірде әкелгенін айтты. Сағат 2-де оны ұра бастаған. Ол түрме сленгісімен сөйлеп, "мені қожайын күтіп алды, олар көңіл көтергісі келген сияқты. Бірақ бір нәрсе оларды кідіртті. Сосын дубинкамен қолымды ұрды. Бүйрек, қабырғадан ұрды" деді. Қолының көгерген тұсын көрсетті. Мен оған шағым жазу қажеттігін айтып едім, "қолым ауырады, жаза алмаймын" деді. Ол "қазір сендер кетіп қалғаннан кейін жағдай қайталанама деп қорқамын" деді. Мен оның алаңдап отырғанын әйеліне айттым, – деді Жанар Балғабаева 21 қаңтарда түнде Азаттық тілшісіне.
Белсендінің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова да күйеуінің өмірі мен денсаулығына алаңдап отыр.
Сенбі күні Азаттық тілшісі белсенді қамауда отырған мекемеге хабарласқан кезде кезекші бөлімде отырған өзін майор Утанов деп таныстырған қызметкер "ешқандай ақпарат бере алмайтынын" жеткізді. Ал азаптаулар мен қысым жөнінде шағым қабылдайтын кезекші прокурор Азамат Құрманов Дархан Уәлиевтің туыстарынан шағым түскенін растады.
"Қазіргі кезде медициналық көмекке зәру азаматтарға көмек көрсетілді. Дәрігерлер тексерді. Ал қалған сұрақтарыңызды ресми сауал түрінде жіберіңіз" деді.
Бұған дейін Дархан Уәлиев Алматыдағы уақытша қамау изоляторында өзін 12 сағат бойы ұрып-соққанын айтқан еді.
Дархан Уәлиев – биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаматтық құқықтардың бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген белсенділердің бірі. Былтыр қазан айында елде резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша оның бостандығы бір жылға шектелген.
Қаңтардағы оқиғадан кейін ұсталған белсендінің туыстары мен құқық қорғаушылар оның ауыр бап бойынша күдікке ілінгенін, оған ешкімді кіргізбей жатқанын хабарлаған. Олар Уәлиев "полицияда қамалған белсенділерге араша түсем деп сол үшін ауыр бапқа ілінді" деп санайды.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты.
Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 700-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 780 адам күдікті ретінде ұсталған.
Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланған.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент Қазақстан шенеуніктеріне санкция салу мәселесін қарастырып жатыр.
ПІКІРЛЕР