Алматыда азаматтық белсенді Дархан Уәлиев "терроризм" бабы бойынша күдікке ілінген. Бұл жөнінде белсендінің туыстары мен құқық қорғаушылар хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, 45 жастағы Дархан Уәлиев Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде жалғыз бауырының қаза болғанын естіп, 10 қаңтарда мәйітханаға барған кезде сол жерде ұсталған. Сол күні мәйітхана маңына халықтың жиналғанын естіп, сол жаққа барып, оқиға орнынан ақпарат таратқан Азаттық тілшілері де белсендінің ұсталуына куә болған еді.
Дархан Уәлиевтің әйелі Бұлбұл Бердіқожанованың айтуынша, қазір Уәлиевке мемлекеттік адвокаттан басқа ешкімді кіргізбейді.
"Онымен байланыс жоқ. Киім-кешек те апара алмадық. Бұған дейін біраз азаматтар барған, кіре алмай қайтыпты" деді Бұлбұл Бердіқожанова 13 қаңтарда Азаттық тілшісіне.
Дархан Уәлиев – биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаматтық құқықтардың бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген белсенділердің бірі. Былтыр қазан айында елде резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша оның бостандығы бір жылға шектелген.
Әйелінің айтуынша, оған тағайындалған мемлекеттік адвокат жуырда хабарласып, күйеуінің "ірі айып" бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған. Құқық қорғау органдары одан күйеуінің құжаттарын сұрап, алып кеткен.
Туыстары "Дархан Уәлиев 5 қаңтарда Алматыда халықты тыныштандыру үшін қалалық полиция департаментіне барып, Арон Атабек асынан кейін ұсталған белсенділерді босатуды сұраған, себебі олардың арасында халық арасында беделі бар, көп пікіріне құлақ асатын белсенділер болған. Енді сол әрекеті үшін оның мойнына терроризм деген қылмысты ілмекші" дейді.
Алматы полициясы әзірге Дархан Уәлиевтің ісіне байланысты жауап бермеді.
Қаңтар басындағы наразылық пен тәртіпсіздіктерден кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде азаматтық белсенділердің ұсталып жатқаны, тергеуге шақырылғаны, кейбірінің соққыға жығылғаны, із-түзсіз жоғалғаны жайлы ақпараттар жиілеген. Құқық қорғаушылар олардың тізімін жасап үлгермей жатыр.
Алматыда қаңтар айының басында Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Тәртіпсіздіктен қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түссіз жоғалған адамдар да көп.
Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған: терроризм бабы бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР