Accessibility links

Белсендінің әйелі туысының қазасы туралы: "Жүрегінің жанынан және шекесінен оқ тиген"


Аслан Уәлиев. Facebook'та Айжан Байсованың парақшасынан алынған скриншот.
Аслан Уәлиев. Facebook'та Айжан Байсованың парақшасынан алынған скриншот.

Азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде қаза болған қайынағасы (күйеуінің бауыры) Аслан Уәлиевтің 12 қаңтарда Талдықорғанда жерленгенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, 48 жастағы Аслан Уәлиевтен хабар 5 қаңтарда түнде үзілген. Соңғы рет ол сол күні кешкі 8 шамасында бауыры, белсенді Дархан Уәлиевке хабарласып, Алматыдағы ескі алаңда жүргенін айтқан. Туыстары екі баланың әкесі Аслан Уәлиевті "митинг, наразылықтарға ешқашан қатыспаған" қарапайым азамат ретінде сипаттайды. Туыстарының болжауынша, таксимен жолаушы тасып жүрген Аслан Уәлиев сол күні ескі алаңға адамдарды жеткізу үшін барған болуы мүмкін. Бірақ оның қандай жағдайда қаза болғаны белгісіз.

– Бірнеше күннен кейін әрең дегенде [денесін] таптық. Онда да таныстар арқылы таптық. Мәйітхана қызметкерлері оқ тигендерді тығып тастаған екен. Денесінің екі жеріне оқ тиген: жүрегінің жанынан тиген және шекесінен тиген. Ол ескі алаңға біреуді таксимен әкелген болуы мүмкін, – деді Бұлбұл Бердіқожанова Азаттық тілшісіне.

Медициналық құжатта Аслан Уәлиевтің 6 қаңтарда қаза болғаны жазылған.

Туыстары із-түзсіз жоғалған Аслан Уәлиевтің қаза болғанын тек 10 қаңтарда білген.

– Дархан 1414 хабарласқан. Онда аты-жөні жоқ болып шықты. 10 қаңтарда таңертең интернет берген кезде туыстарымыздан видео келді. Олар ол кісіні (Аслан Уәлиевті) мәйітханада түсірген екен. Сол видео арқылы таныдық. Содан кейін Дархан бірден мәйітханаға барған кезде сол жерде оны ұстап әкетті, – дейді Бұлбұл Бердіқожанова.

Алматыда қаңтар айының басында Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Тәртіпсіздіктен қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түзіз жоғалған адамдар да көп.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған: терроризм бабы бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG