Күйеуі Қытай түрмесінде отырған Бикамал Кәкенқызының күресі

Бикамал Кәкенқызы Қытайда түрмеде отырған күйеуі Әділғазы Мұқайұлының суретін ұстап тұр.

Алматы маңындағы Ұзынағаш ауылында тұратын Бикамал Кәкенқызының тұрақты жұмысы да, баспанасы да жоқ. 2016 жылы Шыңжаңнан атамекенге көшіп келген әйел жеті және бес жасар екі қызын жалғыз өзі бағып отыр. Кейінгі он бес ай бойы Бикамал Қытайдың Алматыдағы консулдығына күнделікті дерлік барып, осыдан бес жыл бұрын Қытайға барғанда ұсталып, кейін түрмеге қамалған жұбайын босатуды талап етіп жүр.

Қытайда туып, кейін атамекенге қоныс аударған Бикамал Кәкенқызы қазір Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімшілік орталығы Ұзынағаш ауылында тұрады. 46 жастағы әйел кәмелетке толмаған екі қызымен бірге ауылдың шеткері жағындағы жатақхана типтес екі қабатты үйдің бір бөлмесін жазда 40 мың, қыста 45 мың теңге төлеп жалдап тұрып жатыр. Тұрақты жұмысы жоқ Бикамал көбіне түнде іс тігіп, әртүрлі бұйым тоқып нәпақа табады.

Бикамал Кәкенқызы қызы Айшамен бірге. Ол кішкентай екі қызы Қытайда түрмеде отырған күйеуі Әділғазы Мұқайұлын іздейтінін айтқанда көзіне жас алды. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы. 26 сәуір 2022 жыл.

Ал күндіз түс мезгілінде мектептен сабақтан шыққан жеті жасар Ажар мен одан екі жас кіші Айшаны жетектеп, автобуспен 60 километр қашық Алматыға, Қытай консулдығының алдына барады. Кейінгі бір жарым жылдан бері күнделікті әдеті осы.

Бикамал Қытай консулдығының қасына жиналған, туыстары Шыңжаңда қамауда отырған өзі тәрізді жандармен бірге Пекинге талабын білдіреді. Бикамалдың жұбайы 50 жастағы Әділғазы Мұқайды бес жыл жыл бұрын өзі туып-өскен Шыңжаңға барғанда Қытай билігі ұстап, 2019 жылы "діни экстремизм" айыбымен тоғыз жылға соттаған. Содан бері Бикамал Қытай өкіметінен күйеуін босатуды талап етіп жүр. Әзірге Қытай билігінен ешқандай жауап алмаған.

"ҚҰРСАҒЫМДАҒЫ БАЛАМ ҮШІН ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШТІК"

Шыңжаңдағы Қарамай қаласында туып-өскен Әділғазы Мұқай мен Бикамал Кәкенқызы 2016 жылы тамыз айында бір жарым жасар қызы Ажарды алып, Қазақстанға көшіп келген. Оған дейін Әділғазы Қарамайдағы үлкен компаниялардың бірінде мұнайшы болып жұмыс істепті. Бикамалдың өзі Шыңжаңда туризм саласында еңбек етіп, туристерге гид қызметін көрсетіпті.

Айтуынша, ағайын-туысының барлығы Қытайда тұратын ерлі-зайыпты дүниеге әлі келмеген нәрестенің амандығы үшін Қазақстанға қоныс аударуды ұйғарған.

– Қазақстанға келеміз деп мүлде ойламағанбыз. Бұл жақта ешқандай туыс-туғанымыз жоқ. Күйеуім бір әкеден он ағайынды. Өзім алты ағайындымын. Барлығы іргелерін ажыратпай, сонда (Шыңжаңда) отыр. Бір күні күйеуім жұмыс орнында жиналыс болып, қызметкерлерге "екінші балалы болғандарға айыппұл саламыз, баласын алдырамыз" деп ескерткенін айтып келді. Осы Айшаға аяғым ауыр еді, көтергеніме төрт ай болған. Ол кезде Қытайда екіқабат әйелдерді шақыртып, мәжбүрлеп түсік жасатқаны жайлы әңгімелер шығып жатқан. Соны естіп күйеуім қорқып келді. "Не болса да Қазақстанға көшейік. Іштегі бала аман қалсын" деді. Содан кейін мен де "егер құрсағымдағы балам аман қалатын болса, қандай қиындыққа да шыдаймын" деп шештім, – дейді Бикамал.

Бикамал Кәкенқызы Қытайда түрмеде отырған күйеуі Әділғазы Мұқайұлының суретін ұстап тұр.

1979 жылы Қытай билігі елдегі бала туу қарқынын тежеу мақсатында қалада тұратын ханзу ұлты өкілдеріне бір перзенттен артық бала тууға тыйым салған. Ал ауыл тұрғындарына бірінші баласы қыз болса, екінші баланы өмірге әкелуге мүмкіндік берген. Аз ұлт өкілдеріне екі-үш балаға дейін сүюге рұқсат болған. Ережені бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салып, кейбіріне еркінен тыс аборт жасатқан.

Пекиннің бұл саясаты демографиялық жағдайға әсер етті. Елде қарттардың көбеюіне алаңдаған Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті 2015 жылғы 29 қазандағы пленумында "Бір отбасы – бір бала" саясатынан бас тарту туралы қаулы қабылдаған.

Бикамал Шыңжаңда жергілікті билік үкімет қаулысына қарамастан бала санын шектеп, оған көнбегендерге айыппұл салып, тіпті кейбіріне жасанды түсік (аборт) жасатқанын айтады. Жұбайы екеуі Қазақстанға көшуді ұйғарғаннан кейін Әділғазы зейнетке шығуға өтініш берген.

– Оған жұмыс орны да келісті. Негізі ол жақта жасы жетпесе зейнетке жібермейтін. Қазақстанға кетуге қажет құжаттарды да тез жинадық. Неге екенін білмеймін, сол кезде бәрі оңай болып кетті. Әйтпесе бұрын виза алу үшін көп ақша беретін едік. Оның бірі де болмады. Тіпті кейбір үйінде жатқан адамдарға "Қазақстанға барасың ба? Барсаң паспортыңды бітіріп берейік" деп келгендер де болған. Адамдарды ұстау үшін жасаған саясат па, білмейміз ғой, – дейді Бикамал Кәкенқызы.

Бұған қоса Қытай билігінің Шыңжаңдағы байырғы ұлттарға қырын қарай бастағаны да Бикамал мен Әділғазының туыс-туғанынан ірге бөліп, жедел көшіп кетуіне әсер еткен.

– Күйеуіме бұрынғы жұмыс орны "егер бір жаққа жол жүрсең алдын ала бізге ескерт" деді. Сонымен бірге жергілікті әкімдіктен бір адамды бізге "туыс" қылып қойды. Сол адам үйге келіп-кетіп жүретін болды. Егер бір жаққа жол жүрсек, жаңағы әкімшіліктің адамы мен күйеуімнің жұмыс орнынан рұқсат сұраймыз. Бұл да бізге бір жағынан ауыр тиді. Өйткені өз еркіміз өзімізде жоқ болып қалды, – дейді келіншек.

"ҚЫТАЙҒА АЛДАП ШАҚЫРЫП АЛДЫ"

Атамекенге көшіп келген соң көп ұзамай Бикамал босанып, өмірге екінші қызы Айша келген. Бикамал мен балалары Қазақстан азаматтығын алған, Әділғазы зейнетақы алатындықтан Қытай елінің азаматтығынан шығуға асықпаған.

– 2017 жылы көктемде Қытайдан қайын апам қоңырау шалып, Әділғазыны бұрынғы жұмыс орнынан іздеп жатқанын айтты. Олар күйеуімнің әпкесіне "егер келмесе зейнетақысын тоқтатамыз" депті. Басымызда үй де жоқ, күйеуім жұмысқа да орналаспаған, тек соның Қытайдан алатын зейнетақымен өмір сүріп отырғанбыз. Содан кейін еркісіз кетті, – дейді Бикамал.

Бикамал Кәкенқызы жасаған бұйымдар.

Бірақ Әділғазыны 2017 жылғы 2 мамырда Қорғас шекара бекетінен өте салысымен Қытай полициясы ұстап әкеткенін әйелі бірнеше күннен кейін бір-ақ білген.

– Ол кеткен соң екі күннен кейін Шыңжаңдағылар маған хабарласып, оларға әлі бармағанын айтты. Үшінші күні Қазақстаннан күйеуім кеткен автобус жүргізушісінің телефон нөмерін тауып, сұрасам "полиция күйеуіңді тексереміз деп автобустан түсіріп алған. Бір жарым сағат күтіп, келмеген соң кетіп қалдық" деді. Ертеңіне Қарамайдағы полиция өкілдері күйеуімнің сөмкесін әкеп берген. Сөмкеде Қытайдағы үйдің кілті болған. Олар кілтпен алдын ала үйді тінтіп, сол жерден Құран кітапты алып кеткенін кейін білдік, – дейді Бикамал. Ол күйеуінің бес уақыт намазын қаза қылмай, мешіттегі жұма намазына барып тұрғанын айтады.

Әділғазы Қытайға барған жылы Шыңжаңда билік жергілікті байырғы ұлт өкілдеріне қатаң саясат жүргізе бастағаны жайлы ақпараттар тараған еді. Қазақстаннан туысшылап барған азаматтарды саяси лагерьге қамап, ислам дінін ұстағандарды қудалап, мешіт, медіреселерді жабуға кіріскенін Азаттыққа

Бикамалдың сөзінше, Әділғазы Мұқай 2017 жылдан 2018 жылдың аяғына дейін Қарамай қалалық түрмесінде қамауда болған. 2019 жылы қамаудағы адамдарға орын жетпегендіктен Майтау қаласына ауыстырыпты. Бірақ біраз уақыттан соң Қарамай түрмесіне қайта әкеліп, сол жерде бір жыл отырғаннан кейін Шихэцзы қаласындағы жабық түрмеге жіберген, қазір сонда отыр дейді әйелі.

Шыңжаңдағы туыстары Қытай билігі Әділғазы Мұқайды "діни экстремизм" айыбымен тоғыз жылға түрмеге қамағанын айтқан, бірақ сот үкімі нақты қашан шыққанын әйелі білмейді.

"ТІРІ ЕКЕНІН ЕСТІП ҚУАНДЫМ"

Бикамалдың тұрып жатқан үйіне барғанымда ол мектептен Ажарды алып қайтуға шыққалы жатыр екен. Кеуде тұсына жұбайы Әділғазының суреті басылған, көп жуылғаннан өңі кете бастаған көнетоз шолақ жең жейде киіп алыпты. Әділғазы екеуінің алғаш үйленген кезін, кейін Қазақстанға қалай қоныс аударғанын айтқанда көзі ұшқындап, жүзі жадырап кетеді де, күйеуінің ұсталғаннан кейінгі тағдыры жайлы әңгімеге ойысқанда жанары мұңға толады. Тұрмысқа кеш шыққанын, балаларының жас екенін айтып, "егер маған бірдеңе бола қылса, мыналар қайтып өмір сүреді" деп уайымдайды.

Есік алдында бірге ойнайтын өзі құралыптас балалардың әкесіне еркелеп жатқанын көрген кезде қыздарының да Әділғазыны іздейтінін айтып, көзіне жас алды. Әкесі Қытайға кеткен кезде бес айлық болған Айша қазір бес жаста.

Бикамал Кәкенқызы Қытайда түрмеде отырған күйеуі Әділғазы Мұқайұлының суретін ұстап тұр. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

Бикамал Қытайда қамауда отырған күйеуінің елге қайтуына жәрдем сұрап, Қазақстан үкіметіне өтініш бергенімен, еш нәтиже болмаған. 2019 жылы Қытайдағы қазақтардың мәселесімен айналысатын "Нағыз Атажұрт" қоғамдық ұйымы арқылы халықаралық ұйымдарға арызданып, күйеуіне араша іздеген.

– 2019 жылы қайын апам түрмедегі інісімен кездесуге барыпты. Әділғазының көзі шүңірейіп, ішіне кіріп кеткен екен. Екі жағының еті мүлдем суалып, қатты жүдепті. Бұл оның Қарамай түрмесіне екінші әкелінген кезі. Соны естігеннен кейін "Нағыз Атажұрт" ұйымы арқылы тағы да видеомәлімдеме жасап, күйеуімнің тағдырына алаңдайтынымды айтып, халықаралық ұйымдардан көмек сұрадым, – дейді ол.

Бикамал күйеуіне Қытай билігі "терорист" деп айдар таққанын айтады.

– Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхой "Әділғазы Қазақстандағы террор ұйымның мүшесі" деп мақала жазыпты. Оны да сол кезде біреулер маған әкеп көрсетті. Содан 2021 жылға дейін күйеуімнің я өлі, я тірі екенін білмей келдік. Былтыр шетелдік журналистерге сұхбат беріп, тым болмаса өлі-тірісін анықтап беруін сұрадым. Осыдан кейін туыстарына телефон арқылы сөйлестіріпті. Ал биыл айына бір рет кезіктіреді екен. Қазір жағдайы бұрынғыдан сәл тәуір дейді. Соны естіп қуанып отырмыз, – дейді Бикамал.

Бикамал Кәкенқызы (ортада) туыстары Шыңжаңда қамауда отырған өзі тәрізді жандармен бірге Пекинге талабын айтып, Қытай консулдығы қасында наразылық акциясында тұр. Алматы, 1 маусым 2021 жыл.

Бикамал Шыңжаңда түрмеде отырған күйеуіне араша сұрап, халықаралық ұйымдарға дейін шығуы Қытай билігінің қытығына тиген болуы керек деп топшылайды. Өйткені Әділғазының Шыңжаңдағы туыстары арқылы Қарамай қалалық полициясынан "Тыныш жүрсін, әйтпесе өзіне де, екі баласына да жақсы болмайды" деп сәлем айтып жібергенін айтады. Кейін жұбайының туыстары Бикамалмен сөйлесуден мүлдем бас тартқан. Тек өзімен бірге туған жақындары ғана амандығын біліп тұрады екен.

– Күйеуімнің жағдайын осындағы (Қазақстандағы) достары арқылы білемін. Олар Әділғазының туыстарымен сөйлесіп, хабарын маған айтады. Тым болмағанда күйеуімнің жақындарымен тікелей сөйлесе алмаймын. Оларды әбден қорқытып тастаған. Полиция үйіне барып "мына адаммен сөйлесуге болмайды. Ол Қазақстанда террор ұйымға кіріп кеткен, егер шекарадан өтетін болса, бұл да ұсталады, егер өзі хабарласса бізге айтыңдар" деп кетіпті, – дейді Бикамал.

Тұрақты жұмысы жоқ Бикамал көбіне үйіндегі тігін мәшинесімен іс тігіп, әртүрлі бұйым тоқып нәпақа табады.

Әңгіме барысында оның әлденеден сезіктеніп, сақ отыратынын аңғардым. Сыртқа шығып кеткен Айшаны іздеп, есіктен әлденеше қарап келді. Сұхбатты бастамас бұрын телефонын өшіріп асүйге апарып тастады. "Мақаланы жариялаған кезде мекен-жайымды көрсетпей-ақ қойыңыз" деп шарт та қойып үлгерді. Ол бұған дейін белгісіз адамдар келіп, сыртта ойнап жүрген екі қызын суретке түсіріп алғанын айтады.

Қыздары Бикамалдың консулдық алдына барғанын қаламайды. Шешесінің сөзінше, балалары қазақстандық полицейлердің консулдық алдында наразылық танытқан адамдарды ұстағанын көріп шошып қалған. Полиция көрсе жылай бастайды дейді анасы.

Кішкентай екі қызын "барып талабымызды айтпасақ болмайды, әйтпесе әкеңді қалай құтқарамыз" деп жұбататын Бикамал Қытай билігі қамаудағы күйеуін босатқанша күресін жалғастыра беретінін айтады.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен азаматтар 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Пекиннің Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. Кей кезде полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болған.

Қазақстан билігі наразыларды "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл салған. Кейбіреуі 15 күнге әкімшілік қамауда отырып шықты.

Бір жылдан астам уақытқа созылған акциялар кезінде Қытай консулдығынан наразыларға ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдыққа жолатпай, аумақты көлікпен бақылап келеді.

Былтыр наурызда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде байырғы кезден тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.