Омбудсмен түрмеде аштық жариялап жатқан белсенді Ермек Нарымбаевтың денсаулығы туралы айтты

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова журналистердің сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қараша, 2022 жыл.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова қазан айының басынан бері түрмеде аштық жариялап жатқан саяси белсенді Ермек Нарымбаевтың денсаулығы туралы айтты. Омбудсменнің сөзінше, дәрігерлер Нарымбаевқа "қажетті көмек көрсетіп жатыр". Ол Нарымбаевтың аштық жариялап жатқанын білетінін, мәселені бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

"Бұл мәселе (медициналық көмек – Э.Ә.) көрсетіліп жатыр. Бірақ ол оның денсаулығына қаншалықты ықпал етеді? Бұл басқа мәселе. Қазір мамандардың бағалауынша, [Ермек Нарымбаевтың] денсаулығы нашарламаған" деді 2 қарашада Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Эльвира Әзімова.

Оның айтуынша, бұған дейін ұлттық превентивті механизм өкілдері Ермек Нарымбаев аштық жариялап жатқан түрмеге екі рет барған. Бірақ омбудсмен олардың нақты қай кезде барғанын ашып айтпады.

– Соның нәтижесінде бұл кісіге адвокат әр үш-төрт күн сайын барып тұратын болды. Дәрігерлер қарап, ол кісінің денсаулығын тексереді. Бұл кісі қылмыстық іске байланысты қамауда отыр ғой. Сондықтан бұл жағынан бас прокуратура бақылауға алғанымен біз бұл кісінің негізгі адам құқықтарына, адвокаттың көмегіне байланысты мәселелерді бақылауға алып, қарап отырмыз, – деді Эльвира Әзімова.

Бұған дейін Нарымбаевтың адвокаттары Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқан саяси белсендінің 18 килограмға арықтағанын, соған қарамастан аштық акциясын тоқтатпауға бекінгенін хабарлаған еді. Қазір белсендінің денсаулығына туыстары, адвокаттары мен құқық қорғаушылар алаңдап отыр.

31 қазанда қоғам белсенділері мен журналистер Заречныйдағы түрмеге барып, белсендіден аштықты тоқтатуын сұраған.

– Адвокатымен кездесуге еш кедергі жоқ. Ермектің жағдайына қоғам назар аударып отырғанын айтып, кездесуге рұқсат сұрадым. Аз ғана уақытқа кездесуге рұқсат берді. Ермек таяққа сүйеніп келді. Әлсіреген, бірақ жағдайы жалпы жаман емес сияқты, өзін қалыпты сезінеді. Су, көк шай ішеді, тамақ ішуден бас тартқан, салмағы 114 келіден 85 келіге дейін түсіп, жүдеген, – деген еді Рысбек Сәрсенбай 31 қазанда Азаттыққа.

Оның айтуынша, Ермек Нарымбаев "президент сайлауының қорытындысын, сайлау хаттамаларын бірден ОСК сайтына шығарса аштықты тоқтататынын, әйтпесе сайлау біткенше аштық акциясын жалғастыратынын" айтқан.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмедегі белсенді Ермек Нарымбаевтың аштық акциясынан хабардар екенін, аштық акциясын бастаған 3 қазаннан бері дәрігерлер оны "бақылауына алғанын" бұған дейін мәлімдеген.

Құқық қорғаушылар түзген "саяси тұтқындар" тізіміне енген 52 жастағы Ермек Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық іс бойынша жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

2016 жылы Ермек Нарымбаев өзіне биліктен қатер төнгенін айтып, Украинаға кеткен. Биыл ақпанның басында Қазақстанға оралған белсендіні Алматы әуежайында ұшақтан түскен бетте полиция ұстап әкетіп, қамаған. Адвокаттың айтуынша, Нарымбаевқа сот кескен жаза мерзімінің әлі өтелмеген екі жарым жылы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бір топ белсенді 29 күннен бері аштық жариялап жатқан Ермек Нарымбаевтан акциясын тоқтатуды сұрадыНарымбаевтың аштық жариялағанына 26 күн: ҚАЖК түсініктеме берді. Өміріне қауіп төнсе, аштықты тоқтатуға мәжбүрлеуі мүмкін"Құлыптасыма күлімсіреп тұрған суретімді қойыңдар". Диссидент Ермек Нарымбаев түрмеден өсиет-хат жолдады"Қолыңнан келгенше өлме, қарсылық көрсет!" Диссидент Ермек Нарымбаевтың әкесі ұлының хаты жайлыЕрмек Нарымбаев 52 жасын түрме ішіндегі изоляторда аштық жариялап қарсы алды