Қызылордада түрмедегі белсенді Ержан Елшібаевтың апелляциялық шағымын қарау тағы кейінге шегерілді

Ержан Елшібаев (ортада) сот залында. 29 қыркүйек 2022 жыл.

Қызылорда облыстық соты қамаудағы белсенді Ержан Елшібаевтың апелляциялық шағымын қарауды тағы кейінге шегерді. Бұл жөнінде белсендінің адвокаты Жанар Сүндетқалиева Азаттыққа хабарлады. Қыркүйекте бірінші инстанциядағы сот түрме әкімшілігінің шағымы негізінде белсендінің түрме жазасын ұлғайтқан еді. Белсенді үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

"Сот алқасының хатшысы бүгін маған апелляциялық шағым қаралмайтынын, процесс болмайтынын айтты. Себебі сот қосымша іс материалдарын қарап жатыр екен" деді 2 желтоқсанда Жанар Сүндетқалиева Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, апелляциялық шағымды қарау осымен үшінші рет шегеріліп отыр.

Сот өкілдері Азаттыққа отырыстың кейінге қалдырылғанын растады, бірақ қашанға дейін шегерілгенін айтпады. Апелляциялық алқа хатшысының мәліметінше, сот іс бойынша қосымша айғақтарды сұратып жатыр.

Сүндетқалиеваның айтуынша, соттың қосымша айғақ сұратуы бұл заңнамаға қайшы.

"Сот өздігімен қандай да бір айғақтар сұрата алмайды" деді адвокат.

Оның айтуынша, қылмыстық іс бірнеше томнан ғана құралған, сол себепті істі зерттеуге қосымша уақыт қажет жоқ.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, ол апелляциялық шағымда "сотқа дейінгі тергеу кезінде және бірінші инстанцияда жіберілген заңсыздықтардың барлығын көрсеткен, сот оған қажетті дәрежеде құқықтық баға бермегенін" де жазған.

"Томын нұсқап, іс тізімін де көрсетіп қойдым" деді ол.

Алғашқы апелляциялық отырыс 15 қарашада өтуі тиіс болған, алайда прокурор өтініші бойынша кейінге қалдырылған. Прокурор ол кезде іс материалдарымен танысуға қосымша уақыт сұраған. Ақыры сот тыңдауы 23 қарашада өткен. 30 қарашада кезекті сот тыңдауы өтуі тиіс болған, алайда ол да 2 желтоқсанға шегерілген.

29 қарашада Жаңаөзеннен бір топ белсенді Астанаға келіп, биліктен Елшібаевты босатуды талап еткен.

34 жастағы Ержан Елшібаевты 2019 жылғы 17 қарашада Жаңаөзен қаласының соты бес жылға бас бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Тергеу органы Елшібаев 2017 жылы Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған деп мәлімдеген. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Елшібаевтың жаза мерзімінің аяқталуына шамамен бір жылдай уақыт қалғанда биыл 29 қыркүйекте сот белсендіні "түрме талаптарына бағынбады, тыйым салынған заттарды сақтады, өзіне қол салды, сотталушыларды бүлікке үгіттеді" (Қылмыстық кодекстің "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы) деп танып, оған тағы тағы 7 жыл түрме жазасын қосып берген. Сотта Елшібаев айыбын мойындамаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп мәлімдеп, оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Тамыз соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Астананы белсенділерді қудалауды дереу доғаруға шақырған. 2021 жылы 2 маусымда БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевтың ісінде "адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды" деген қорытынды жасап, оны қамаудан босатуды талап еткен. БҰҰ жұмыс тобы билік Елшібаевқа өтемақы беруі тиіс деп санайды.

Қазақстан билігі түрмелерде саяси тұтқын барын мойындамайды және елде саяси қудалау жоғын айтып келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жаңаөзендік белсенділер Астанаға келіп, Ержан Елшібаевты босатуды талап еттіҚызылордада Ержан Елшібаевтың апелляциялық шағымы қаралып жатырЕлшібаевтың жақтастары жуырда түрме жазасы ұзартылған белсендіге шыққан үкімді айыптады