Алматы әкімдігі феминистерге халықаралық әйелдер күні қарсаңында митинг және шеру өткізуге рұқсат бермеді. Бұл жөнінде Инстаграмдағы 8marchkz парақшасына сүйенген "Власть" сайты хабарлады. Әкімдік өкілдері 8 наурызда басқа шара өтетінін алға тартқан.
Белсенділер 20 желтоқсан күнгі жазбасында шерудің 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын, жыл сайын ұйымдастырушылардың кедергіге ұшырайтынын (мысалы, полицияның ұйымдастырушылардың үйлеріне барып, өтініштен бас тартуға мәжбүрлеуі және тағы басқа) баяндаған.
"Бұл жолы әкімдік Алматыда бейбіт жиынға бөлінген төрт орында 8 наурызда өтетін шаралар бекітіліп қойғанын алға тартып, рұқсат бермеді. Әкімдіктің тұжырымдауынша, өтінішті "Еріктілер лигасы" түсірген. Билік олардың 8 наурызға жоспарланған үш митинг және 5 шақырымға созылатын шеруін мақұлдаған. Мерзіміне қарағанда, біздің митинг және шеру өткізу туралы хабарламамыз түскен күнмен сәйкес келеді" деп жазды белсенділер.
Белсенділер әкімдік пен "Еріктілер лигасының" сайттарынан 8 наурызға жоспарланған шаралар туралы ақпарат таба алмағанын айтады. Олар "әкімдік ойдан құрастырылған себеппен өтінішті кері қайтарды" деп санайды және билікті шешімді қайта қарауға үндеген.
"Еріктілер лигасы" "Власть" басылымына 2023 жылдың 8 наурызында еріктілікпен айналысып, "адамдарға көмектесетінін" айтқан. Алайда митинг және шеру өткізетінін растамаған.
Белсенділердің жазуынша, "Еріктілер лигасы" Алматы әкімдігіне қарайтын қоғамдық даму басқармасы жариялаған тендерлерге жиі қатысып, тапсырыстар алады.
"Власть" сайтының жазуынша, "Еріктілер лигасы" Көкжайлау шатқалында демалыс орнын салуды қолдап, қол жинауға көмектескен. Бұған қоса, 2019 жылы "студенттерді сайлауға қатысуға мәжбүрлеуге атсалысқан".
Былтыр да Алматы әкімдігі белсенділерге 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей, халықаралық ұйымдар мәселеге алаңдаған. Дегенмен ізінше белсенділердің өтініштері мақұлданғаны хабарланған. 2022 жылы 8 наурызда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдындағы митингіге мыңнан астам адам жиналды. Жиында сөйлегендер әйелдердің зейнет жасын төмендетіп, 58 жасқа түсіруді, әйелдерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуды, әйелдерді мемлекет басқару ісіне араластыруды талап етті.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.