Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужанды 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркемей қойды. 18 ақпанда үміткерлерді тіркеу аяқталуына 15 минут қалғанда комиссия мүшелері Тілеужанның сайлау жарнасын төлеген банк құжатына күмән келтірген.
"Әйгерім Тілеужан 17 ақпанда жарна төлегені туралы түбіртек ұсынды. Үміткерді тіркеуге негіз болатын құжатты үйқамақта отырып ұсынғандықтан, құжаттың дұрыстығы күмән туғызады. Сол үшін Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау округі мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде Әйгерім Тілеужан Еркінбайқызын тіркеуден бас тартады" деп жазылған комиссия берген хаттамада.
Бір күн бұрын аталған аумақтық сайлау округі Әйгерім Тілеужанды депутаттыққа үміткер талаптарына сәйкес келеді деп таныған еді. Ол кезде Тілеужанның құжаттарын сенімді өкілі, белсенді Әлнұр Ілияшев тапсырған. Ол Азаттыққа Тілеужан декларация тапсырып, сайлау жарнасын төлегеннен кейін кандидат куәлігін алатынын айтқан.
18 ақпанда Әлнұр Ілияшев белсендіні тіркеуден бас тартқан комиссия шешіміне наразы екенін, елдегі саяси мәселелерге көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің тіркеле алмауының "саяси астары да болуы мүмкін" деген болжам айтты.
Қаңтар бойынша айыпталып, қазір үйқамақта отырған Әйгерім Тілеужан, Ілияшевтің сөзіне қарағанда, бұған дейін сенімхат жазып берген. Сол құжат негізінде банкке, сайлау комиссиясына бара алған.
"[17 ақпанда] Тілеужанның жақын туыстарынан жарнаға төлейтін қаржыны алып, банкке барып, төледім. Банк түбіртегіне үміткер деп Әйгерім Тілеужанның аты жазылды. Өйткені мен оның атынан төлеп отырмын. Банктерде сенімхат арқылы әрекет ету тәжірибесі бұрыннан бар, сол үшін олар өз нұсқаулығы арқылы жасап берді. Банкте сенімхаттың, Әйгерімнің жеке куәлігінің көшірмесін жасап алды. Соның бәрін жинап, сайлау комиссиясына апардым" деп түсіндірді Ілияшев Азаттыққа.
Ілияшев сайлау комиссиясының мұндай мазмұндағы хаттама жазып беруіне "құзыреті жетпейді, заң аясынан тыс әрекет етіп отыр" деп есептейді. Оның ойынша, бас прокуратура немесе қалалық прокуратура Тілеужанның сайлауға қатысуына мүдделі емес. Белсенді Ілияшев сол үшін прокуратура тарапынан сайлау комиссиясына қысым болды деп топшылайды.
"Бас прокуратура Тілеужанды Қаңтар ісі бойынша кінәлі деп танығысы келеді. Бұған [5 қаңтарда] бас прокурор Берік Асылов парламентте [Қаңтар оқиғасы бойынша депутаттар алдында баяндама жасаған кезінде] Тілеужанды айыптай сөйлеп, Алматы әуежайын басып алуды ұйымдастырушы деп көрсеткені естеріңізде шығар" деді белсенді.
Былтыр қазан аяғында бас прокуратураның ведомствоаралық жедел тергеу тобы Әйгерім Тілеужанға "5 қаңтарда Алматы халықаралық әуежайында тәртіпсіздік ұйымдастырды, атап айтқанда, оған қатысушыларға басшылық жасады, ҰҚШҰ әскері бар ұшаққа және оның ұшып-қонуына кедергі келтірмекші болды" деген айып тағып, тергеген. Әуелі ол осы істе куәгер ретінде жауап берген. Тілеужан өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Іс сотқа жіберілгелі жатыр. Белсенді былтыр қарашадан бері үйқамақта отыр.
Ал Алматыдағы №3 бірмандатты аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Салтанат Есдәулетова сенбі күні прокуратура тарапынан қысым болды деген тұжырымды терістеді. Оның айтуынша, комиссия "заң аясында" жұмыс істеген.
"Кез келген үміткерді тіркер алдында біз прокуратураға сұрау жібереміз. Олар бізге үміткер туралы барлық ақпаратты береді. Соның ішінде ол адам үйқамақта ма, жоқ па, оны да хабарлайды. Тілеужанның үйқамақта екенін прокуратура айтпаса, біз білмейтін едік. Өйткені ол комиссия алдына өзі екі рет келді. Үйқамақта болса келе алмаушы еді ғой. Сөйтіп, біз прокуратура хабарламасына қарап шешім шығарамыз" деді Салтанат Есдәулетова Азаттыққа.
Тілеужанның сенімді өкілі Ілияшев ол комиссия алдына адвокатымен бірге, арнайы рұқсатпен екі рет барғанын растады. Оның айтуынша, Тілеужан ол кезде ережені бұзбаған. Тілеужанның жақтастары енді заң аясында комиссияның шешіміне шағым түсірмек.
17 ақпанда Қаңтар бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркеліп, куәлік алған еді.
Қазақстанда қоғамдық мәселені айтып, билікті сынайтын белсенділерді сайлауда кандидат ретінде жиі тіркемей тастайды. Кейбірі сайлау комиссиясын сотқа беріп, кандидат болуға құқылы екенін дәлелдеген. Солардың бірі – белсенді, журналист Думан Мұхаммедкәрім. Ол биылғы мәжіліс сайлауына сот шешімінің көмегімен тіркелген.
Алматылық белсенді, заңгер Әлнұр Ілияшев та 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауы депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады. Алматыдағы №4 бірмандатты аумақтық сайлау округі оны "Сайлау туралы" заңның 4-бабына сай "өтелмеген соттылығы бар тұлғалар сайлауда кандидат бола алмайды" деген себеппен тіркемеген. Белсенді сайлау округінің шешіміне наразы болып, сотқа жүгінген. 3 ақпанда Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот оның да талабын қанағаттандырмады.
Атыраулық белсенді Макс Боқай да 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына кандидат болып тіркеле алмаған. Атырау облысының №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі Боқайдың "өтелмеген соттылығы бар" деген уәж айтқан. Белсенді бұл шешімге келіспейді.
Қазақстанда мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан я жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады.