Қазақстан Ресейден алшақтап, Қытайға бет бұрды ма? Орталық Азия Мәскеу мен Анкараның бәсеке алаңына айнала ма?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай басшысы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қыркүйек 2019 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада «Ресеймен қарым-қатынасы суыған Қазақстанның Қытайға бет бұрғанын» жазды. Сонымен қатар Орталық Азия аймақта ықпалын күшейтуге талпынып жатқан Анкара мен Мәскеудің бәсеке алаңына айнала ма деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек энергия көзіне бай Орталық Азия неліктен энергетикалық дағдарысқа жиі тап болады және одан шығудың жолы бар ма дегенге үңілді.

"РЕСЕЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ СУЫҒАН" АСТАНА ЖӘНЕ "ЫҚПАЛЫ КҮШЕЙГЕН" ПЕКИН

АҚШ-тағы Jamestown қоры «Ресеймен қарым-қатынасы суыған Қазақстанның Қытайға бет бұрғанын» жазды. Мақала авторы Әзербайжандағы стратегиялық зерттеулер консалтинг компаниясының ғылыми қызметкері Нурай Алекберлы-Мусейибова Қазақстан қазан айында Ресейге 106 түрлі тауардың экспортын тоқтатқанына назар аударады. Бұл Астананың Батыстың Мәскеуге қарсы санкция режимін сақтауымен байланысты шешім. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Ресейге дрон, оның ішкі бөлшектері, арнайы электроника мен микрочиптер тәрізді әскери мақсатта қолданылатын тауарды тасымалдауға тыйым салынғанын растаған.

Алекберлы-Мусейибованың ойынша, Ресей президенті Владимир Путиннің 9 қараша күні Қазақстанға жасаған сапары кезінде екі елдің қарым-қатынасы суығанын мына оқиғадан байқауға болады:

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Астанаға неге келді? Қазақстан державалардың бәсеке алаңына айнала ма?

Путинмен бірлескен баспасөз мәслихатында Тоқаев [15 секунд] қазақ тілінде сөйлеген. Ал бұрын мұндай кездесулер негізінен тек орыс тілінде өтетін. Тоқаевтың қазақ тілінде сөйлегеніне абдырап қалған Ресей делегациясы ілеспе аударма үшін жапатармағай құлаққап іздеп, құлақтарына іле бастады. Зерттеуші Астана қазақ тіліне немқұрайлы қарайтын Мәскеуге және қазақ мемлекеттілігінің шынайы тарихи негізі жоқ деген мәлімдемелерге осылайша жауап қайтарды деп есептейді. «Бұл екі елдің арасындағы қарым-қатынас нашарлағанын көрсетеді. Қазақстанның мұнай экспортын Ресейді айналып өтетін балама дәлізге бұру талпынысы да осыны айғақтайды».

Соңғы бірнеше айда Астана Пекинмен қарым-қатынасты күшейтті. Алекберлы-Мусейибованың пайымдауынша, Қытайға жақындаған Қазақстан аймақта тұрақтылықты сақтап, Батыстың Ресейге салған санкция салдарын жеңілдетіп, серіктестерді әртараптандыруға тырысып жатыр.

Ресей Украинаға басып кіргелі Қазақстан Азия мен Еуропаның энергия және сауда транзитінде маңызды рөл ойнауға талпынып, Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағытын дамытып жатыр. Бұл ұмтылыс Қытайға Орталық Азиядағы белсенділігін күшейтуге септігін тигізді.

Былтыр Қытай мен Қазақстанның сауда айналымы 31 миллиард долларға жетті, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 40 миллиард долларға жеткізу жоспарланған. Қазақстан Пекинмен ортақ логистикалық орталық пен шекарадағы портты дамыту арқылы Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауданы 2030 жылы 100 миллиард долларға арттырмақ.

Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас бекетіне жақын маңда тауар контейнерлерін тексеріп тұрған жұмысшы. 2021 жыл.

Қазақстан мен Қытай бірқатар инфрақұрылым жобасын дамытып жатыр. Олардың арасында Қорғас, Қалжат және Бақты порттары, Орталық Азияны Қытаймен байланыстыратын автомагистраль, Иранға апаратын теміржол бар.

Қазақстан алдағы үш жылда 1300 шақырым теміржол салмақ. Екі ел Каспий теңізі арқылы транзитті дамыту үшін теңіз контейнерлерін бірлесіп шығаруды көздеп отыр. Астана «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының Атырау – Кеңқияқ, Кеңқияқ – Құмкөл бөліктерін жаңартып, Пекинге мұнай экспортын арттырмақ. Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын екі есе арттырып, Қашағанда жылына 4 миллиард текше метр газ өндіретін газ өңдетін зауыт салмақ. Мұның бәрі Қытай инвестициясы есебінен іске асады.

Астана Ресейге әскери өнімнің экспортын тоқтатып, Ресейді айналып өтетін транзит дәліздерін дамытып, Қытайдың ғаламдық бастамаларына қолдау көрсетті. Автор Қазақстан Ресейден алшақтап, Қытаймен қарым-қатынасты күшейтіп жатыр деп қорытады.

ЭНЕРГИЯ КӨЗІНЕ БАЙ АЙМАҚТАҒЫ ЭНЕРГЕТИКА ДАҒДАРЫСЫ

Энергия көзіне бай Орталық Азия елдері неліктен энергетикалық дағдарысқа жиі тап болады? Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің ассистент профессоры Әсел Тутумлу мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ұлттық қауіпсіздік колледжінің ғылыми қызметкері Фарход Аминджонов АҚШ-та шығатын Diplomat басылымында осы сұраққа жауап іздейді.

Былтырғы қыс Орталық Азияның энергетикалық жүйесі үшін сынаққа айналды. Қазақстанда кей қалалар жылусыз қалды, Екібастұз қаласында жылу желісінде болған апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Өзбекстанда да электр энергиясының тапшылығы байқалды. Үш миллион тұрғыны бар Ташкент жылусыз қалды. 584 махалланың (ауданның) 120-сы ұзақ уақыт газсыз және жарықсыз отырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаһарлы аязда жарық пен жылусыз қалған Орталық Азияда есте қалатын тағы бір қыс

Қазақстанда электр энергиясын беретін нысандар 60 пайызға тозды, осының кесірінен 2019 жылы энергетикалық жүйеде 3900 апат пен техникалық ақау болған. Аймақтағы басқа елдерде де ахуал осының ар жақ, бер жағында. Тәжікстанның «Барки Точик» ұлттық энергетикалық компаниясының электр энергиясын беретін және тарататын 450 қосалқы станциясы бар. Олар 1960-70-жылдары салынғандықтан, негізгі инфрақұрылым мен қондырғылар жаңартуды талап етеді. Қырғызстан энергетика жүйесінің 50 пайызы тозған.

Тозған инфрақұрылым − Орталық Азияның энергетика жүйесінің басты проблемасы. Бұл мәселе уақытында шешілмесе, бүкіл аймақ энергетикалық дағдарыстан зардап шеге бермек.

Бүкіл энергетика инфрақұрылымын жаңарту аймақ үшін тым қымбатқа түседі. Азия даму банкінің есептеуінше, Орталық Азияны энергиямен толық қамту үшін энергетика саласына 2030 жылға дейін жыл сайын кемінде 33 миллард доллар құйып отыру керек. Зерттеушілер электр энергиясының тарифі өзін-өзі ақтамайды, сондықтан тарифті өсірмейінше, мәселені шешу мүмкін емес дейді. Бірақ энергия өндірушілер де, оны тарату желілерінің операторлары да, электр энергиясының қымбаттағанын қаламайтын тұтынушылар да инфрақұрылымды жаңартуға құлықсыз.

Былтыр қыста жылу электр орталығында болған апат салдарынан Екібастұзда көптеген тұрғын үй жылусыз қалып, жергілікті билік қалада төтенше жағдай жариялады. Павлодар облысы, Екібастұз қаласы. 6 желтоқсан 2022 жыл.

Авторлар энергия мәселесінде Ресейге сүйену шаруашылықтағы ебедейсіздіктің белгісі дейді. «Қазақстан электр энергиясын Ресейден қымбатқа сатып алады, ал күйреп жатқан жылу электр станцияларының қожалары мен жоғары шенділер криптовалютаның заңсыз өндірісін жолға қойып отыр». Елде электр энергиясының бес пайызы криптовалюта майнингіне жұмсалады.

Биыл қазаннан бастап Өзбекстан Қазақстан аумағы арқылы Ресей газын импорттай бастады. Қазақстан әзірге тек Ресей газын өз аумағы арқылы жеткізуші болғанымен, Алматыдағы жылу электр станцияларын газға көшіру қолға алынғандықтан, үкімет таяуда газды көбірек импорттау мәселесін күн тәртібіне қоюы мүмкін.

Путин Ресей өзінің «сенімді газ тасымалдаушы екенін дәлелдеді» десе де, Мәскеу өз мүддесін көздегендіктен серіктестікке барды. Украинаға басып кірген соң Еуропа нарығына шыға алмай алған Ресей балама экспорт мүмкіндіктерін іздеп жатыр. Зерттеушілердің пайымдауынша, Мәскеуге арқа сүйеу энергетикалық дағдарысты шешпейді, себебі Ресей бұл салада ұзақмерзімді серіктес емес.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МӘСКЕУ МЕН АНКАРАНЫҢ БӘСЕКЕ АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?

Түркия президенті Ердоған Орталық Азияда Анкараның экономикалық және дипломатиялық ықпалын күшейтуге тырысып жатыр, дейді «Америка дауысы» радиосы өзінің видеосюжетінде. Ердоған қараша айында Астанада өткен Түрік мемлекеттері ұйымының саммитінде Орталық Азия басшыларымен кездесті.

Зерттеуші Кагдас Унгордың айтуынша, Түркияның басты басымдығы – жұмсақ күш. Ресей аймақта қауіпсіздік, ал Қытай экономикалық саладағы басты ойыншы болғанымен, Түркияның аймақпен тіл және мәдени байланысы мықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саясаткерлер пафоспен сөйлегенді жақсы көреді". Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының болашағы бар ма?

Дегенмен Украинаға басып кірген соң, Батыс санкциясының салдарын тартқан Ресей Орталық Азиямен қарым-қатынасын күшейтуге талпынып жатыр. Париждегі халыраралық қарым-қатынас жөніндегі мектептің ғылыми қызметкері Татьяна Митрова Батыс бағыты Мәскеу үшін жабық болғандықтан, Ресей логистиканы өзгертіп жатқанын жеткізді.

Ресей Орталық Азияны өзінің ықпал аймағы деп қарастырады, сондықтан зерттеушілер Түркияның аймақта ықпалын күшейту талпынысын Мәскеу құптамайды дейді. Алайда Мәскеу санкцияларды айналып өту үшін Анкарамен қарым-қатынасты құртып алғысы келмейді.

«Ресей көшбасшылыққа қайта ұмтылып, Түркиямен бәсекелесе бастауы мүмкін. Сондықтан Ресей мен Түркия арасындағы бәсекені жоққа шығаруға болмайды. Бірақ алдағы екі жылда олардың бәсекелес болуы екіталай, себебі Ресей жаңа экономикалық ахуалға бейімделіп жатыр», дейді Татьяна Митрова.

Ресей, Қытай, Түркия мен АҚШ Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге тырысып жатқандықтан, сарапшылар аймақ бәсеке алаңына айналуы мүмкін деп болжайды.