Accessibility links

Путин Астанаға неге келді? Қазақстан державалардың бәсеке алаңына айнала ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин Ақордадағы салтанатты рәсім кезінде. Астана, 9 қараша 2023 жыл. Сурет авторы Павел Бедняков.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин Ақордадағы салтанатты рәсім кезінде. Астана, 9 қараша 2023 жыл. Сурет авторы Павел Бедняков.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапарын талдап, Мәскеу Орталық Азиядағы позициясын сақтап қалуға талпынып жатқанын жазды. Сонымен қатар Қазақстан сыртқы ойыншылармен қарым-қатынаста баланс ұстанатынын, бірақ Батыспен жақындасу Путиннің шамына тиетінін жазды. Бұдан бөлек Қазақстан әлем державаларының бәсеке алаңына айнала ма деген сұраққа үңілді.

"МӘСКЕУ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ПОЗИЦИЯСЫН САҚТАП ҚАЛУҒА ТАЛПЫНЫП ЖАТЫР"

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапарын талдаған АҚШ-тың CNBC арнасы Батыс Ресейдің көршілерімен қарым-қатынасты күшейтіп жатқанда, Мәскеу өзінің дәстүрлі түрде ықпал ету аймағы саналатын Орталық Азиядан күрессіз бас тартпайтынын көрсетті деп жазды.

Мақала авторы Холли Элляттың жазуынша, Қытай аймақта белсенділігін күшейтті, Батыстың геосаяси қызығушылығы артты, бұл Ресейдің қарсылығы мен ашуын тудырды. Енді Мәскеу Орталық Азиядағы позициясын сақтап қалуға тырысып жатыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Астана, 9 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Астана, 9 қараша 2023 жыл.

Орталық Азияның басшылары қыркүйекте Батыс елдерінің жетекшілерімен кездескен. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров жақында Батысты Мәскеудің «көршілері мен одақтастарын» өз жағына тартуға талпынып жатыр деп айыптады.

Ал Путин Қазақстанға сапарынан бұрын бірқатар ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына (ТМД) мүше мемлекеттердің легитимді билігін шайқалтқысы келетінін айтып, ұйым мүшелерін ұжымдық қауіпсіздікті күшейтуге шақырды.

ТМД-ға Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мүше. Украина 2018 жылдан бері ұйым жұмысына қатыспайды. Ал Молдова Ресей Укранаға басып кірген соң оған қатысуды тоқтатты.

Автордың пайымдауынша, ТМД-ның қазіргі мүшелері ұйымда қала береді, Ресей одақтастары және көршілермен саяси, экономикалық қарым-қатынаста әзірге өзін айтарлықтай сенімді сезінеді.

«Меніңше, Ресей басқа жерге қарағанда бұл аймақтағы позициясы қауіпсіз екеніне сенімді. Путин оны нығайтуға тырысатыны анық, бірақ ол АҚШ таяуда оны толық ығыстырып шығады дегенге еш алаңдамайды» дейді АҚШ-тағы сыртқы саясатты зерттеу институтының ғылыми қызметкері, «Экономикалық соғыс: Украина және Ресей мен Батыс арасындағы ғаламдық конфликт» кітабының авторы Максимилиан Хесс.

Хесстің айтуынша, Батыспен іскерлік қарым-қатынас орнатқан Қазақстан мен Өзбекстан режимдері – демократия емес, клептократияға жатады. Осының арқасында Ресей бұл режимдермен тез тіл табысып, қарым-қатынас жүргізеді.

Орталық Азияның Ресейді оқшауламауы және қажет кезде оны жұбандыра отырып (2009 жылы Қырғызстан АҚШ-тың әскери әуе базасын Мәскеу қысымынан кейін жапты), тәуелсіз сауда және сыртқы саяси қарым-қатынас жүргізуге тырысуы өз жемісін берді: Қытай Орталық Азияның маңызды сауда серіктесіне айналды.

Орталық Азия бір жағынан байырғы саяси және ірі сауда серіктесі – Ресейді жұбандырып, екінші жағынан Азия және Батыстан жаңа экономикалық мүмкіндік пен тиімді одақ іздеп, баланс ұстануға мәжбүр.

«Орталық Азия баланс сақтап, сол бағытты ұстанып қала беруі қажет екені анық» дейді Хесс.

Сарапшылар оқшауда қалған Ресей Орталық Азияны уыстан шығарғысы келмесе де, аймақтағы ықпалы біртіндеп әлсіреп жатыр деп есептейді.

Бердиндегі Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров Орталық Азия Ресейден алшақтап жатыр ма, әлде керісінше жақындап жатыр ма деген мәселені талдаған мақалада Ресейдің аймақта ықпалының басты тірегі − сол елдердің элитасы екенін келтіреді. Аймақ елдерін совет заманында өскен, бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетін қарт адамдар басқарады. Әзірге бұл режимдер Кремльмен араздасқысы келмейді. Бірақ қоғаммен бірге элита да өзгереді. Сондықтан Орталық Азияның Ресейден алшақтайтыны – табиғи процесс.

«Кремль өзінің сыртқы саясаттағы ұстанымын қайта қарастырмаса, Ресейдің аймақтағы ықпалы әлсірей бермек. Путиннің Ресейінен мұндай адамды күтудің қажеті жоқ», дейді Умаров.

ТОҚАЕВТЫҢ "ПРАГМАТИКАЛЫҚ БЕЙТАРАПТЫҒЫ" МЕН ПУТИНДІ "ШАМДАНДЫРЫП АЛУ ҚАУПІ"

АҚШ-та шығатын Foreign Policy басылымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей, Қытай мен Батыс арасында баланс ұстап, прагматикалық бейтараптықты өнер түріне айналдырғанын жазды.

Мақала авторы австралиялық журналист Линн О’Доннелл аймақтағы сарапшылар Тоқаевтың экономика мен әскери өнеркәсіп секторына қолдау іздеген Ресей мен Украинаға басып кірген соң Мәскеуге салынған Батыс санкцияларын сақтау арасында баланс ұстау қабілетін жоғары бағалағанына назар аударады. О’Доннеллдің пайымдауынша, екі оттың ортасында қалған Тоқаевтың әрекеті дұрыс, соның арқасында Қазақстан экономикасы өркендеп, ірі ойыншылар елге көңіл бөліп жатыр.

"Бір белдеу – бір жол" форумына қатысқан бірқтар ел басшылары. Арасында Қазақстан президенті де бар. Пекин, 18 қазан 2023 жыл.
"Бір белдеу – бір жол" форумына қатысқан бірқтар ел басшылары. Арасында Қазақстан президенті де бар. Пекин, 18 қазан 2023 жыл.

«Қазақстан негізгі ойыншыларға не қажет екенін түсінеді, бәріне жағып, санкцияларға ілінбеу үшін барын салып отыр. Қазақстан халықаралық қаржы жүйесіне шыға алып, Батыс нарығына мұнай сатуы керек, ал ол үшін Батыс елдері жақтас болуы керек» дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Сондай-ақ Ресейді де өз жағында ұстау маңызды. Қазақстан Ресей Украина шығысында басып алған сепаратистік аймақтарды мойындаған жоқ. Ресей Украинаға басып кірген соң жүргізілген сауалнама қазақстандықтар Мәскеу елдің сотүстігін басып алуы мүмкін деп алаңдайтынын көрсетті.

Автордың пайымдауынша, Қазақстан әлі де Мәскеудің ықпал орбитасында болғанымен, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен АҚШ-тың мұнай-газ компанияларының пайдасын барынша көп көре алатынын көрсетті.

Тоқаев қыркүйек айының аяғында Германияға сапарлап, канцлер Олаф Шольцты Қазақстан Ресейге қарсы Батыстың санкция режимін сақтайды деп сендірді. Артынша 7 қазан күні Мәскеуге барып, Путин және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен бірге Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдайтын құбырдың ашылу рәсіміне қатысты. Путин осы аптада Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті.

О’Доннелл Тоқаев дипломатиясы шебер болғанымен, Украина тәрізді Батыспен жақындасу Путиннің шамына тию қаупін тудырады дейді. 6 қараша күні АҚШ пен Қазақстан жыл сайынғы кеңейтілген стратегиялық серіктестік диалогын бастады, бұл ретте Джо Байден мен Орталық Азия басшыларының саммитін негізге алып, терроризмге қарсы күрес, сауда және адам құқықтары мәселесінде серіктестікті жалғастыратынын мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік департаменті 2022 жылғы есебінде Қазақстанда адам құқықтарының өрескел бұзылатынын айтқан. Автор іс жүзінде саясат адам құқықтарынан басым түскенін келтіреді. «Батыс серіктестікке ашық бола түсіп, Қазақстандағы адам құқықтары туралы аз сөз қозғайтын болды» дейді Димаш Әлжанов.

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМ ДЕРЖАВАЛАРЫНЫҢ БӘСЕКЕ АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?

Қауіпсіздік және ғаламдық саяси мәселелерді талдауға маманданған EurAsian Times басылымы Украинадан кейін Қазақстан Батыс, Ресей мен Қытайдың бәсеке алаңына айналуы мүмкін екенін жазды.

Мақала авторы Орталық Азияны зерттейтін кашмирлік ғалым К.Н.Пандита Ресей – Украина соғысынан кейін аймақта әлем державаларының стратегиялық және энергетикалық мүддесі түйісетінін, бұл коммерциялық бәсеке болашақта шиеленіске, тіпті текетіреске ұласуы мүмкін деп болжады.

Зерттеуші ең алдымен әлем державалары Қазақстандағы уран үшін бәсекелесіп жатқанына назар аударды. Әлемдегі уран қорының 12 пайызы Қазақстанда, ел уран өндіру жөнінен бірінші орында.

Қазақстан Қытайға уран экспорттайды. «Қазатомөнеркәсіп» мен Қытайдың China Guangdong Nuclear Power Group 2006 жылы уран тасымалдау туралы келісім жасасты.

2015 жылы «Қазатомөнеркәсіп» пен Үндістанның атом энергетикасы департаменті келісім жасасып, Қазақстан 2019 жылға дейін Үндістанға 5 мың тонна уран тасымалдауға тиіс болған.

Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Иран, Канада және кейбір трансұлттық корпорациялармен уран тасымалдау жайлы келісім жасасқан.

Батыс басылымдары Қазақстанға келіп кеткен Франция президенті Эммануэль Макрон сапарының негізгі мақсаты уранға қол жеткізу болғанын жазды. Франция уранның айтарлықтай бөлігін Нигердегі француз компаниялары басқаратын кеніштерден импорттайтын. Нигерде шілде айында болған әскери төңкерістен соң Францияға уран жеткізу тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп төнді.

Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Орталық Азиядағы 100 шақты жобаға инвестиция құйды. Франция немесе Еуроодақ аймаққа дәл мұндай көлемде қаржы құя алмайды. Бәлкім, Макрон аймақты Ресейден алшақтатуды көздейтін шығар, бірақ Франция мен Еуроодақ Қытайды аймақтың коммерциялық алаңынан ығыстыра ала ма, бұл − басқа мәселе.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG