Маңғыстау облысы Жетібай кентінде West oil компаниясы жұмысшыларының наразылық жасап тұрғанына 17 желтоқсанда 7 күн болды. Тұрғындар ауылға арнайы жасақ әкелінгенін хабарлады. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, арнайы жасақ ауылдағы мәдениет үйіне шоғырландырылған.
Жұмысшылар үш талап айтып отыр: West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту. Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр. Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады.
17 желтоқсанда ереуілшілерді қолдап жаңаөзендіктер келді. Азаттықтың тікелей эфирінде олар жұмысшылар орынды талаптар қойып отыр, билік халықтың талабына құлақ ассын, жұмысшыларды қудаламасын деді.
"Мұндағы жұмысшылардың әрқайсысының 4-5-тен баласы бар. Алатын жалақылары мардымсыз. Жұмыстары ауыр. Айдан айға әрең күн көріп отыр. Билік бір ай мұнайшының етігін киіп, осылардың өмірін сүріп көрсін" деді жаңаөзендіктердің бірі, он баланың анасы.
Бұл жерге Жаңаөзен оқиғасы кезінде алған жарақатынан қаза болған Мақсат Досмағамбетовтің анасы Оңайгүл Досмағамбетова да келді.
"YouTube-тен жұмысшылардың наразылығын көріп, балаларға жаным ашып, осында келдім. Кезінде бізге де ауыр күн туған деп шыдамай келдім. Аман болыңдар. Мәселелері оңай шешілсін! Армандарыңа жетіңдер" деді Оңайгүл Досмағамбетова.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, бүгін ауылда полиция қарасы көбейген. Бір күн бұрын ауылға арнайы жасақ әкелініп, мәдениет үйіне орналастырылған. Азаттық тілшісі өздері келген үш күн ішінде наразыларға билік немесе жұмыс беруші компаниядан біреудің келгенін көрмегенін айтты.
– Біз өзіміздің қай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ұмытып қалдық. Бізге тіпті ауыл әкімінің өзі келіп, қал жағдайларымызды сұрамады, – деді наразылардың бірі. Тікелей эфир кезінде жұмысшылар "Талап орындалсын" деп айқайлады.
Бір күн бұрын әлеуметтік желіде West oil Software компаниясы басшысының ереуілге қатысты видеомәлімдемесі тараған. Онда компания директоры Тілеген Қаржаубаев ереуілді "заңсыз", жұмысшылардың талаптарын "орынсыз" деп атаған.
"West oil жеке мекеме. Бізді ешқандай мекемеге немесе ұйым құрамына кіруге ешкім мәжбүрлей алмайды. Қазіргі таңда біздің осы жағдайға байланысты ұстанымымыз бірінші еңбек төрелігінде Oil Transport corporation және "ҚазМұнайГаз" тарабынан ұсынылған техниканың және өндірістік базаны жаңарту бағдарламасы толық қабылдаймыз. Екіншісі сенімгерлік шартын 30 қаңтар 2027 жылға дейін созуға келісім береміз" дейді.
12 желтоқсанда Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің өтінішін орындап, ереуілді заңсыз деп таныған. Жұмысшылар сот шешіміне келіспейтінін айтты. Айтуларынша, сот шешімі олардың қатысуынсыз шығарылған.
Осыған дейін West Oil Software жұмысшыларының талабын Маңғыстаудағы өзге компаниялар: "БозащыТрансҚұрылыс" мен мұнай игеруді химияландыру кәсіпорнының жұмысшылары қолдады. Бір күн бұрын жұмысшыларының туыстары Жетібай кентіндегі әкімдік алдында жиналып, жұмысшылардың талаптарын орындауды талап етті.
West Oil Software өз талаптарын былтыр қазанда да көтерген. Содан бері олардың еңбек дауы жалғасып келе жатыр.
"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорны Oil Transport corporation ЖШС - 2002 жылы "Бозащы технологиялық транспорты", "Жетібай технологиялық транспорты", "Маңғыстау технологиялық транспорты" кәсіпорындары мен "Арай" кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған.
2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы "БозащыТрансҚұрылыс" және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.