Accessibility links

West Oil Software жұмысшылары қысым күшейгеніне шағымданды


Ереуілдеп тұрған West Oil Software жұмысшылары.
Ереуілдеп тұрған West Oil Software жұмысшылары.

Маңғыстау облысында 11 желтоқсаннан бері ереуілдеп жатқан West Oil Software компаниясының жұмысшылары қысым күшейгенін хабарлады. Олардың сөзінше, наразы жұмысшыларды полиция мен арнайы жасақ қоршап, жұмыс берушілер "жұмыстан шығарамыз", "жалақы төлемейміз" деп қорқытқан. Бұл жөнінде "Власть" сайты жазды.

Наразылар өздерін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен бірыңғай еңбекақы төлеміне қосуды, материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді.

"Бізге тағы қысқартулар болады деп қоқан-лоқы жасады. Тапсырыс беруші "Маңғыстаумұнайгаз" ғой, соларға сүйенген жұмыс беруші "тоқтап қалған кездегі барлық шығынды мойындарыңа ілеміз" деді. "Тараңдар, бұл жерде тұрғандарыңыз заңсыз" деді. Бізді полиция мен арнайы жасақ қоршап алды. Бірақ біз заң бұзған жоқпыз. Далада -12, ал боран мен аяз қосылғанда -20 сияқты. Жұрт суықта тұр. Егер біз үйге барсақ, ұстайды. Тәулік бойы ереуілдеп жатырмыз. Бізге палатка тігуге, от жағуға тыйым салды. Көліктерде ұйықтап жүрміз, далада тұрмыз. Бізге "мына жер жеке меншікке тиесілі, мұнда тұруға болмайды" деп те жатыр" дейді наразылардың бірі "Власть" сайтына.

Оның сөзінше, "ҚазМұнайГаз" 2024 жылы 70 техниканы жаңарту міндетін алған, ереуілден кейін оларға 202 техниканы жаңартып беретінін айтқан.

"Бірақ шынына келсек, егер кәсіпорын ҚМГ қолында болмаса, онда техника да жаңармайды. Кәсіпорынды ұлттық компанияға қайтарсын. Жеке компания тек өз қалтасын ойлайды" деді ол.

Бұған дейін наразылар 13 желтоқсан түнде жеті адамды жұмыстан шығару туралы бұйрық шыққанын айтқан. Осы аптада сот ереуілді заңсыз деп таныған. Апта ортасында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорынды ҚМГ-ға қосу мүмкін емес деп айтқан.

14 желтоқсанда жұмысшылардың Азаттыққа жіберген видеосында наразылар тарамаймыз деп әнұран айтып тұрғаны көрінеді.

Осыған дейін West Oil Software жұмысшыларының талабын Маңғыстаудағы өзге компаниялар: "БозащыТрансҚұрылыс" мен мұнай игеруді химияландыру кәсіпорнының жұмысшылары қолдады.

West Oil Software өз талаптарын былтыр қазанда да көтерген. Содан бері олардың еңбек дауы жалғасып келе жатыр.

"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорны Oit Transport corporation ЖШС - 2002 жылы "Бозащы технологиялық транспорты", "Жетібай технологиялық транспорты", "Маңғыстау технологиялық транспорты" кәсіпорындары мен "Арай" кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған.

2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы "БозащыТрансҚұрылыс" және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG