Қазақстан ураны кімнің қолында?

Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясында "Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады" делінген. Азаттықтың жаңа жобасының мақсаты – бұл ереже қаншалық шындыққа сай екенін анықтау. Бұл жолы журналистер Қазақстанда уранды кімдер өндіретінін және мемлекет кен орындарын қалай пайдаланатынын зерттеп көрді.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРСАҚ:

  • Уран өндіретін 14 компанияның екеуі ғана "Қазатомөнеркәсіпке" 100% тиесілі.
  • Қазақстан уранының жартысына жуығын шетелдік компаниялар өндіреді.
  • Шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның (БК) тең жартысының ортақ құрылтайшылары – "Росатомның" еншілестері. Ресей мемлекеттік корпорациясы Қазақстандағы 14 кен орнының бесеуінен уран өндіреді.
  • Уран өндіретін кем дегенде үш бірлескен кәсіпорынды (меншік үлесі – 50 пайыздан кем) "Қазатомөнеркәсіп" қадағаламайды.
  • "Қазатомөнеркәсіп" қадағаламайтын үш компанияның екеуі уран кені резерві бойынша үшінші және төртінші орында.
  • Қазақстанның уран секторында шетелдік компаниялардың үлесі артып келе жатқанына, осы саладағы оның серіктестері уран байыту бойынша көш басында тұрғанына қарамастан, еліміздің бұл технологияларды өз аумағында қолдануға мүмкіндігі жоқ. Оған қоса, Қазақстан мұндай технологиялар қолданылатын шетелдік кәсіпорындардағы өз үлесінен бас тартып жатыр.

УРАН КІМГЕ, НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Франция президенті 2023 жылғы қарашада жаңбырлатып Астанаға келгенде әлемнің ақпарат құралдары "Ол уран үшін келе жатыр" деп жарыса жазды. Эммануэль Макронның ниеті о бастан белгілі болды. Оның елі электр қуатының 70 пайызын атом электр станцияларының (АЭС) көмегімен өндіреді, сондықтан Украинадағы соғыс салдарынан проблемалар шырмауында қалды. Франция осы соғысты ашқан Ресейдің кесірінен ядролық өнімге деген тәуелділігін азайтуға, соның ішінде АЭС үшін негізгі отын болып есептелетін уранды байытудан бас тартуға мәжбүр.

Әртараптандыру мәселесі Париждің ғана проблемасы емес. Словакия, Бельгия, Венгрияда электр қуатының жартысына жуығын АЭС өндіреді. Словения, Чехия, Финляндияда – үштен-бірінен астамын, Швейцария мен Швецияда шамамен үштен біріне жуығын өндіреді. АҚШ пен Испанияда – бестен бір бөлігін. Бұл елдердің бәрі станциялары жұмысын тоқтатпауы үшін белгілі біл дәрежеде Ресейге арқа сүйейді. Батыстағы бірнеше мемлекеттің "Росатомның" өнімі мен қызметіне, оның құрылымына тәуелділігі – Украинаға соғыс ашқаны үшін Ресейге салынған санкциялардың бұл компанияларға әсер етпеуінің басты себебі. Еуроодақ билігінің мәліметінше, соғыс басталған екі жыл ішінде НАТО құрамындағы елдерге ресейлік ядролық өнімді жеткізу азаймақ түгіл, тіпті бірнеше есеге артқан.

Осы геосаяси өзгерістер, сондай-ақ көмірсутегін энергия көзі ретінде пайдаланудан туындаған экологиялық проблемалар "ядролық жаңғыруға" әкелді. 2023 жылы бұған дейін төмен болған әлемнің уранға деген сұранысы рекорд көрсеткішке жетті. Бір фунтының құны 74 долларға дейін өсті, бұл – 15 жылдық максимум. Bloomberg бизнес агенттігінің мәліметінше, 2020 жылдың соңынан бастап бері оның бәсі 125 пайызға өскен.

Осы тұрғыдан алғанда, Франция уран өндірісі бойынша бірінші және уран қоры бойынша екінші орындағы Қазақстанмен серіктес болғысы келетін жалғыз мемлекет емес. Әзірге оның жолы болды деп те айта алмаймыз. Өйткені Макронның былтыр қарашадағы сапары тек декларациялық сипатта ғана болса, басқа сатып алушылар одан әлдеқайда елеулі нәтижеге жетіп үлгерді. Мәселен, қарашаның алғашқы басында уранды Қытайға жеткізу туралы келісімге қол қойылғаны белгілі болды. Бірақ оның шарттары жария болған жоқ.

Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының ресми сайтынан алынған сурет.

Былтыр Қазақстан әлемдік нарыққа 21 мың тонна табиғи уран шығарды, бұл дегеніміз – әлемдегі бастапқы өндірістің тұтас көлемінің 40 пайыздан астамы.

Мынаны түсініңіз: бұл цифрлардың ішінде Қазақстан аумағынан шетелдік компаниялар өндірген уран да бар. Жалпы көлемнің жартысына жуығы Ресей, Қытай, Франция, Жапония компанияларының үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға тиесілі.

ҚАЗАҚСТАНДА УРАНДЫ КІМДЕР ӨНДІРЕДІ?

Уран – радиоактив химиялық элемент. Қасиеттері мен көп таралуының арқасында ол ядролық отын өндірісіндегі нөмірі бірінші материалға айналған. Тауықтың жұмыртқасындай ғана көлемдегі уран 88 тонна көмірден алынатын электр энергиясын бөледі.

Заң жүзінде Қазақстанда уран өндіру құқығы тек "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына ғана берілген. Бірақ бұл кен өндірумен осы компания ғана айналысады деген сөз емес.

Келісімшарттар жасау мәселесін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекс реттейді. "Қазатомөнеркәсіп" энергетика министрлігінен алынған жер қойнауын пайдалану құқығын басқа компанияға беруі үшін акцияларының кемінде 50 пайызы қазақстандық тарапқа тиесілі болуы шарт. Мұндай талап 2017 жылы күшіне енді.

"Қазатомөнеркәсіп" мәліметінше, Қазақстанда 56 кен орны бар. Оның 14-де кен өндіріледі, қалғаны резервте. Кен орындары Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында шоғырланған.

14 компания кен өндірумен айналысады. Соның екеуі ғана толықтай "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі.

100% акциясы "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі уран өндіретін кәсіпорындар:

РУ-6

Оған Солтүстік Қарамұрын және Оңтүстік Қарамұрын кен орындарын өңдеу құқығы берілген. 2023 жылдың басында кен орындарындағы кен қорының жалпы көлемі (бір жылдық сарқылуды қоса алғанда) – 12,7 мың тонна уран.

"Қазатомөнеркәсіп – SaUran" ЖШС

Оған Қанжуғандағы, Мойынқұмның екі учаскесіндегі, Мыңқұдықта орналасқан уческедегі және Уванас кен орнындағы қазба байлықтарды пайдалануға құқық берілген. Уванас пен Мойынқұмдағы №1 учаскенің кені сарқылған, аумақты мемлекетке қайтару жұмыстары жүріп жатыр. 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, компанияның кен қорының жалпы көлемі – 21,6 мың тонна уран. Салыстырсақ, ең ірі кен орындарының бірі Инкайдағы уран қоры – 128 мың тонна.

Шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның (БК) алтауының (қатысу үлесі 40 пайыздан астам) ортақ құрылтайшылары – "Росатомның" еншілестері, соның ішінде ең алдымен "Ураний Уан Груп" АҚ және "Ураний Уан Груп" пен "Росатомның" "РЕНЦ логистикалық орталығы" құрылтайшысы саналатын "Степногорск тау-кен химия комбинаты" бар.

"Росатом" қазақстандық 14 кен орнының бесеуінде: Солтүстік Хорасан (Хорасан-1 учаскесі), Инкай (№4 учаскесі), Ақдала, Заречное және Түркістан облысындағы Буденовское кен орнының барлық жеті учаскесінде уран өндіреді.

Уран өнеркәсібінде сондай-ақ Қытай, Франция, Канада, АҚШ, Ұлыбритания және Жапония бар.

China General Nuclear Power Group Қытай мемлекеттік корпорациясы "Орталық" (кен қорлары – 35,4 мың тонна) және "Семізбай-U" (8,6 мың тонна) атты екі компанияның тең құрылтайшысы. Еншілес кәсіпорындар арқылы ол бес кен орнында кен өндіруге қатысады.

"Орталықтың" 49 пайыз акциясын "Қазатомөнеркәсіп" 2021 жылы Қытайға сатып жіберді. Оның орнына қытайлық компания 2021 жылы салынған, құрылысына өзі қатысқан жылу бөлетін құрастыру ("Үлбі-ЖБҚ") зауытынан өнім сатып алу міндетін мойнына алды.

Жапондық Sumitomo Corporation және Kansai Electric Power компаниялары "Қазатомөнеркәсіппен" бірге "АППАҚ" БК-ге иелік етеді (акциялардың 65 пайызы "Қазатомөнеркәсіпте"). Кәсіпорын Батыс Мыңқұдық кен орнында жұмыс істейді. Уран резервінің жалпы көлемі – 15,4 мың тонна.

Канадада орналасқан Cameco (құрылтайшылары – Канада, АҚШ, Ұлыбритания және Швед банкі) және француздың Оrano S. A. (ең ірі құрылтайшысы – Франция үкіметі) компаниялары – тағы екі кен өндіруші компанияның тең құрылтайшылары.

ИНКАЙ

Түркістан облысындағы Инкай – бүгінде Қазақстандағы ең ірі кен орны (128 мың тоннаға жуық барланған кені бар). Кен өндіру жұмыстарын 2008 жылы құрылған "Инкай" БК жүргізеді. Кәсіпорынның 60 пайызына "Қазатомөнеркәсіп" иелік етеді, қалған үлесі – әлемдегі ең ірі ядролық отын өндірушілердің бірі, канадалық Cameco компаниясына тиесілі.

Кен орнының төрт учаскесінің бірінде ғана кен өндіріледі. Қалғандарында барлау жүргізіледі: № 2 және 3 учаскелерді "Қазатомөнеркәсіп", №4 учаскені – қауымдастырылған "Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы" барлайды. Сондай-ақ осы компания Түркістан облысындағы Ақдала кен орнында кен өндірумен айналысады.

"Оңтүстік тау-кен химия компаниясы" 2014 жылы құрылды. Ол кезде акционерлерінің бірі Голландия құзырындағы Uranium One Rotterdam B. V. Компаниясы болған. Украинада соғыс басталғаннан кейін осы компанияның, сондай-ақ Uranium One Netherlands B. V. және Uranium One Utrecht B. V. компанияларының Қазақстандағы активтері Қазақстанның рұқсатымен Ресейге берілді. Сол уақытта бұл компанияларды Батыс санкцияларынан қорғау мақсатында жасалды деген пікірлер айтылды.

"ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП" ҚАДАҒАЛАМАЙТЫН КОМПАНИЯЛАР

"Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы" – кен қоры бойынша елдегі үшінші компания. Ол сондай-ақ 2017 жылдан бастап заң талап еткендей "Қазатомөнеркәсіптің" 50 пайыздық үлесі жоқ үш компанияның бірі. Оған акциялардың 30 пайызы, "Ураниум Уан Груптың" 70% акциясы тиесілі.

50 пайыз акциясы Қазақстанға тиесілі емес тағы бір компания – "КАТКО" БК" – (51 мың тоннадан астам) кен резерві бойынша елде төртінші орында. Оның 49% акциясы – "Казатомөнеркәсіпке", 51% акциясы француздың Orano Mining компаниясына тиесілі. Ол 45% акциясы Франция үкіметіне тиесілі, толық ядролық отын цикліне мамандандырылған Orange S. A. құрамына кіреді. "КАТКО" 1996 жылы құрылған және Түркістан облысындағы Мойынқұм кен орнының екі учаскесінде жұмыс істейді.

"Қазатомөнеркәсіп" 50 пайыздан төмен акциясына иелік ететін келесі компания – "Заречное" БК" АҚ. Ол Түркістан облысындағы Заречное кен орнында жұмыс істейді. Оның акцияларының 49,98 пайызы қазақстандық және ресейлік компанияларға, тағы 0,04 пайызы – Қырғызстанның "Қарабалта тау-кен комбинатына" тиесілі. 2007 жылы оны ресейлік "Урал Платина" холдингі сатып алды. 2019 жылы компанияның негізгі акционері ресейлік кәсіпкер Владимир Попов деген мәлімет шықты.

Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының ресми сайтынан алынған сурет.

"Қазатомөнеркәсіп" есебінде бұл компаниялар "Қазатомөнеркәсіптің" айтарлықтай ықпалы бар, бірақ қадағаламайтын "қатысы бар кәсіпорындар" деп көрсетілген.

Қазақстанның энергетика министрлігі Азаттықтың шетелдік серіктестермен үлестерді бұлай бөлісу 2017 жылы жаңарған заңнамаға қаншалық сәйкес келеді деген сұрағына "Кодекс енгізілгенге дейін жасалған келісім-шарттар өз күшінде қалады" деп жауап берді.

Акцияларындағы "Қазатомөнеркәсіп" үлесі дау тудырған компания – "Бәйкен-U". Ол Харасан-2 учаскесіндегі Солтүстік Хорасан кен орнында кен өндіреді. "Қазатомөнеркәсіп" оның 5% акциясының иесі, қалған акциялары офшор аймақта тіркелген Energy Asia Limited компаниясына тиесілі. Акционерлер туралы ақпарат жабық, бірақ "Қазатомөнеркәсіп" Азаттыққа берген жауабында компанияның 50% акциясы және "Бәйкен-U" компаниясы акцияларының 52,5 пайызы өздеріне тиесілі екенін мәлімдеді.

Energy Asia Limited акцияларының 40 пайызын сатып алғаны туралы "Қазатомөнеркәсіп" 2018 жылы хабарлаған. Ол кезде компания үлесінің көлемін және басқа қожайындар туралы мәлімет жарияламаған. Қараша айында Азаттыққа берген жауабында "Қазатомөнеркәсіп" компанияның қосалқы иесі (50% акциясы бар) Британ Виргин аралдарында тіркелген Energy Asia Holdings Ltd екенін мәлімдеді. "Қазатомөнеркәсіптің" мына инфографикасына сүйенсек, Energy Asia Holdings Limited-тің жапондық инвесторларға қатысы бар.

Айтқандай, 2018 жылы "Қазатомөнеркәсіп" Қызылорда облысындағы Солтүстік Хорасанда кен өндіретін "Хорасан-U" бірлескен уран кәсіпорнындағы акцияларының көлемін 50 пайызға арттырғанын айтты. "Қазатомөнеркәсіп" дәл сол Energy Asia Holdings Limited акцияларының 16 пайызын алғанын хабарлады. Қазір "Хорасан-U" акцияларының 30 пайызы – ресейлік "Ураний Уан Групта". Тағы 20 пайызы әлі де Energy Asia Holdings Limited компаниясына тиесілі.

БУДЁНОВСКОЕ

Уран қоры Қазақстан бойынша екінші орында. Болжам бойынша толық қуатқа көшкеннен кейін ең ірі кен орнына айналады. Қазір оның барлық жеті учаскесінде "Қазатомөнеркәсіп" "Росатом" компанияларымен бірге кен өндіріп жатыр. Буденовское кен орнын Ресейдің бақылауына өткізуге байланысты транзакциялар көп дау тудырды.

Соңғы рет "Буденовское" БК" иесінің өзгеруіне байланысты шу шыққан. Ол барлау бойынша қоры ең бай 6-шы және 7-ші уческелерде кен өндіреді. Компанияны 2016 жылы "Қазатомөнеркәсіп" (51% акциясы бар) және "Степногорск тау-кен-химия комбинаты" (49% акциясы бар) құрды. Содан бері құрылтайшылардың құрамы өзгерген жоқ, бірақ 2022 жылдың желтоқсанында комбинат иелері өзгерді. Олар "Росатомның" "Ураний Уан Груп" және "РЕНЦ логистикалық орталығы" болды. Транзакция туралы толық мәлімет еш жерде жарияланған жоқ. Ол туралы аздаған ақпарат тек "Қазатомөнеркәсіптің" 2022 жылғы бірнеше беттік есебіндегі шағын ескертпеде ғана көрсетілген.

"Степногорск тау-кен химия комбинатын" 2004 жылы израильдік Subton Limited компаниясы құрды (оның Ресей мен Өзбекстаннан келген израильдік миллиардерлер – Аркадий Гайдамак пен Лев Леваевқа қатысы бар делінеді). "Буденовское" БК" акционерлерінің құрамына кірген кезде комбинаттың жалғыз акционері Rosdale PTE Ltd оффшорлық компаниясы еді, оның иелері белгісіз. Сегіз айдан кейін комбинат ресейлік миллиардер Василий Анисимов пен "Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясының" тең иесі Александр Клебановтың ұлы, қазақстандық кәсіпкер Яков Клебановтың GANBERG UK LTD және GEXIOR UK LTD компанияларының меншігіне өтті. Оның құрамында Қазақстанның бірнеше өңірін электрмен жабдықтайтын компаниялар бар. Клебановтар Forbes журналындағы Қазақстанның ең бай адамдарының тізімінде. Әкесі мен ұлы Қазақстанның экс-президентінің тұңғыш қызы Дариға Назарбаеваға қатысы бар делінеді.

2022 жылы кіші Клебано пен Анисимов комбинатты "Росатомға" сатып жіберді. Келісім-шарт сомасы құпия, бірақ "Росатом" ресейлік "Газпромбанктің" 1,6 миллиард долларлық кредиттік желісін пайдаланғаны белгілі.

Буденовское кен орнының 1, 3 және 4 учаскелерінен Ресеймен бірлескен "Ақбастау" БК" кен өндіреді. Меншік иелері – "Қазатомөнеркәсіп" және "Ураний Уан Груп". Әрқайсысы акциялардың 50 пайызына иелік етеді.

"Ақбастау" БК" АҚ 2006 жылы құрылған. 2014 жылға дейін оның құрылтайшылары "Қазатомөнеркәсіп", "Эффективная энергия Н.В." компаниясы және ресейлік "Атомредметзолото" АҚ-ның еншілес компаниясы ("Росатом" құрылымы) "Уран тау-кен компаниясы" ашық акционерлік қоғамы болды. "Эффективная энергия Н.В." 2009 жылға дейін ресейлік миллиардер Василий Анисимовқа тиесілі еді, кейін оны "Росатом" құрамындағы ұйым сатып алды. 2014 жылы "Ураний Уан Груп" "Ақбастау" акционері атанды.

Буденовское кен орнының 2 учаскесінде "Қаратау" ЖШС кен өндіреді. Оның құрылтайшы-компаниялары: "Қазатомөнеркәсіп" пен "Ураниум Уан Груп", екеуінің де үлесі – 50 пайыздан. Құрылғаннан кейінгі алғашқы екі жылда "Қаратау" компаниясы тек "Қазатомөнеркәсіпке" тиесілі болды. 2007 жылдың мамыр айында Анисимовтың "Эффективная энергия Н.В." компаниясы құрылтайшылар құрамына кірді. 2009 жылдың соңында оның орнын "Ураний Уан Груп" еншілес компаниясы Uranium en Netherlands B. V басты (оның активтері 2023 жылы Ресейге ауыстырылды).

Жарты жылдан кейін компания "Росатомның" еншілесі "АтомРедМетзолото" компаниясымен келісім жасады. Бұл мәміле "Ураний Уан Групқа" Қазақстанның уран өндіретін бірлескен кәсіпорындарынан үлес сатып алу арқылы әлемдегі ең ірі өндірушілердің бестігіне кіруге көмектесті. Содан кейін "АтомРедМетзолото" Uranium One Netherlands B. V. компаниясына акциялардың бір бөлігіне айырбастау мақсатында "Ақбастау" және "Заречное" кәсіпорындарындағы үлестерді сатып алу үшін 600 млн доллардан астам қаражат берді.

ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕУЕТІ

2022 жылғы мәлімет бойынша, "Қазатомөнеркәсіп" Қазақстанда өндірілген барлық уранның 53,5 пайызын, яғни 21 мың тоннаның 11 мыңын өндірген. Оператор өндіріс көлемін ұлғайту туралы уәде беруден танбады, бірақ әлемдік баға құлдырағанда бағаны ұстап тұру үшін өндіріс қарқынын бәсеңдетті. "Қазатомөнеркәсіп" өндірісті 31,5 мың тоннаға дейін арттыра алатынын айтады.

Бірақ бұл Ресейдің энергетика кешеніне тәуелділіктен құтылуға тырысып жатқан елдердің мәселесін шеше ме? Шеше алмайтын тәрізді. Ол ол ма, тіпті Ресейдің жаһандық үстемдігі негізінен Қазақстанның уран кен орындарына қол жеткізуге негізделген.

Мәскеудің өз уран қоры көп емес. Ол уран өндіруден әлемде алтыншы орында, бірақ ресейлік БАҚ мәліметтерінше, ол уранның 60 пайызы Қазақстан кен орындарынан алынады.

"Егер Қазақстан алда-жалда өңделмеген уранды Ресейге жеткізуден бас тартса, уранды байыту және басқа елдерге конверсия бойынша міндеттемелерін орындау қабілетін сақтау үшін Ресей бұл материалды басқа жақтан ізеуге мәжбүр болады. Онда "Ол басқа жақтан мұндай жеткізуші таба ала ма? Олар Ресеймен бизнес жасағысы келе ме?" деген мәселе туады" дейді Азаттыққа британдық Royal United Services институтының сарапшысы, ядролық саясат және ядролық қарудың таралуы жөніндегі маманы Дарья Долзикова.

Рас, қазіргі жағдайда "Қазатомөнеркәсіп" "Росатоммен" ынтымақтастықтан кенет бас тартуы екіталай. Керісінше, ынтымақтастық қарқыны артып келеді. "Қазатомөнеркәсіп" деректері бойынша, 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан Ресейге алдыңғы жылдың алғашқы бес айындағыдай уран жіберген.

Бұл динамика Ресейдің уран байытуда көшбасшы болып қалуға мүмкіндік беріп отыр: әлемдік нарықтың 36 пайызға жуығы Ресейге тиесілі. Негізгі импорттаушылар – Батыс елдері: 2022 жылы 42 пайызын АҚШ, 30 пайызын Еуропа одағы сатып алған.

Әлемнің Ресейге деген тәуелділігі күшейе түседі деп болжанып отыр. 2035 жылға қарай әлемде 500-ден астам ядролық реактор жұмыс істейді және отынға деген қажеттік үш есеге жуық артады.

Әлемдегі атом электр станциясын салу жобаларының көпшілігін де "Росатом" жүзеге асырады. Долзикованың айтуынша, Ресей өзінің ядролық энергетика кешеніне өзге елдердің тәуелділігін әдейі арттырып отыр.

"АЭС салу процесі ондаған жылға созылуы мүмкін. Демек, нысан салынып жатқан уақытта да өзге елдер Ресейге тәуелді болып қала береді. Сонымен қатар, қаржыландырудың қандай механизмі келісілгеніне байланысты бұл салада да ұзақмерзімді міндеттемелер туындауы мүмкін. Түркияда Ресей "Салу – иелік ету – пайдалану" үлгісін қолданады, яғни ол реакторды салады, оған иелік етеді, басқарады және электр энергиясын түрік коммуналдық компаниясына сатады. Бұл ұзақмерзімді процесс және мұнда Ресей маңызды рөл атқарады. Техникалық қызмет көрсету және қосалқы бөлшектерді жеткізу мәселесінде де тәуелділік туындайды. Оған қоса жанармайға зәру. Өйткені ресейлік реакторлардың көбі Ресей өндіретін арнайы отынды пайдаланады" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бейбіт атомды қолдаймыз!" АЭС салуды жақтайтындар мен қарсылардың дауы

Осының бәрін ескергендіктен, Қазақстан үкіметі Ресейге "тәуелділер" қатарына қосылуды жоспарлап жатқан жоқ па деген үрей басым. Көпшілік егер бұл жоба мақұлданса, елдегі алғашқы АЭС-ті Ресей салады деп болжайды. Мұндай станцияны Қазақстан қаласа да өз бетімен ұстай алмайды. Астана тек шикізат көзі болып қала бермек: оның тіпті жеке уран байыту қуаты да жоқ. Дегенмен ресми мәлімдемелер Қазақстан 2000 жылдардан бері технологияға қол жеткізуге тырысып жатыр дейді.

Осындай мысалдың бірін 1998-2009 жыл аралығында "Қазатомөнеркәсіпті" басқарған Мұхтар Жәкішев келтірді. Айтуынша, әңгіме ресейліктердің Буденовское кен орнының 5 уаскесіндегі бірлескен кәсіпорын акцияларын "қайтарымсыз" алуымен аяқталған.

Жәкішевтің мәліметінше, кен орнындағы бірлескен кәсіпорындар ресейлік серіктестермен уағдаластық негізінде құрылған, бұл уәде бойынша Қазақстан өндіру құқығын берген және оның орнына уран кенін өңдеумен айналысатын ресейлік кәсіпорындардан өз үлесін алуға тиіс болған.

– Бірақ біз ештеңе алған жоқпыз, себебі мені [түрмеге] қамап тастады, ал менің орныма келген Владимир Сергеевич Школьник ресейліктер зауыттарындағы біздің үлесімізді берді ме, жоқ па, оны бақылағысы да келмеді, – деді Жәкішев. Оның сөзін ресми органдар растаған да, терістеген де жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мені Назарбаев қаматқаны белгілі". Мұхтар Жәкішевпен сұхбат

Қазақстанның отын өндіру технологияларына қол жеткізу саласындағы тағы бір бастамасы Қазақстан – Ресей бірлескен "Уран байыту орталығы" (УБО) болуы керек еді. Ол 2006 жылы "Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Ресей – Қазақстан ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын іске асыру" мақсатында құрылған. Тараптар тең үлеске ие болды.

2013 жылы "УБО" уранды байыту бойынша әлемдегі ең ірі зауыт деп аталатын Орал электрохимия зауытының үлесін (25 пайыз + 1 акция формуласы бойынша) сатып алды. Бірақ 2020 жылы "Қазатомөнеркәсіп" бұл активтен айырылды, себебі ол бір акциясын ғана сақтап, УБО-дағы үлесін "Росатом" құрылымына сатты. Бұған "уран байыту нарығындағы қазіргі ахуалды қайта қарау" деген негіздеме айтылды.