30 қаңтарға қараған түні Қарағанды облысы Бұхар Жырау ауданындағы Ботақара кенті дүр сілкінді. Қосқабатты үйлері көп көшеде жарылыс болды. 12 пәтерлі үйдің жартысы опырылып құлаған. Бұл үйде мемлекеттен баспана алған көпбалалы отбасылар да тұратын.
Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің дерегінше, түнгі сағат 1 шамасында 2-қабаттағы пәтерлердің бірінде газ жарылған. Салдарынан пәтердің төбесі мен қабырғалары құлаған. Бірінші қабат та қирап, басқа пәтерлерге зақым келген.
Тұрғын үйде 46 адам тұрып жатқан. Жарылыс кезінде 30-дан астам адам үйде болған. Құтқарушылар үйінді астынан 2 адамның мәйітін тауып, 5 жаралы адамды (үшеуі – бала) құтқарды. Зардап шеккендер арасында Өзбекстанның 2 азаматы бар.
Оқиға куәгері болған ауыл тұрғыны Нұрғали Рахымжановтың айтуынша, апаттың күштілігі сонша, жарылыс дауысы үйден 2 километр жердегі Новокузнецк көпіріне дейін жеткен.
– Жанында жанармай бекеті бар, онда тұрған адамдар да қорқып, тым-тырақай қашты. Жарылысты естіп, үйдің құлағанын көрген ұлым жүгіріп шығып, адамдарды құтқаруға көмектесті, – дейді Рахымжанов.
Бір отбасыдан екі кісі – ерлі-зайыпты Рахметовтер қаза тапты. Марқұмның ағасы, ауылдың басқа бөлігінде тұратын Жұмажан Рахметов жарылыс болған кезде шырт ұйқыда жатқан.
– Апат туралы таңертең бір-ақ естідім. Бауырымнан айырылдым. Баласы тірі қалды, тас тақтайша құлағанда, Құдай сақтап қалды, – деді Рахметов көзіне жас іркіліп.
Жарақат алған 5 адамның үшеуі әлі ауруханада жатыр. Екі науқас амбулаторлық емге жіберілген.
– Екі ересек адам аудандық ауруханада жатыр. Жараланғандардың бірінің денесінің 80 пайызын күйік шалған. Жағдайы өте ауыр, аралас жарақат алған. Екінші науқастың денесінің 26 пайызын күйік шалған, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты, аралас жарақаты бар. Жарылыстан зардап шеккен бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Хәлі орташа ауыр деңгейде, бірақ ауырлап кетуі мүмкін. Науқас жансақтау бөлімінде жатыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
"ҮЙДІ СҮРІП ТАСТАУ КЕРЕК"
Апат орнына журналистер келгенін естіген тұрғындар мен олардың туыстары сөйлесуге асықты.
Баян Көбентаева марқұм ерлі-зайыпты Рахметовтермен құда болған. 4 жастағы немересі ауруханада жатыр. Көпбалалы ана Баян да осы үйде тұрған. Жарылыс салдарынан пәтері қирап қалды.
– Туыстарымыздан айырылдық, баспанасыз қалдық. Немерем жансақтау бөлімінде жатыр. Жаңа ғана ауруханадан келдім. Бүгін әкімдікке барсақ, "2-3 күнге тұратын жер табыңыздар" дейді. Солай жасауға бола ма? Осыған дейін бірнеше жыл бойы әкімдікке жүгіріп, көмек сұрап келдік. Үй апатты жағдайда болған. Бір рет қаладан комиссия келді. Куәгерлердің көзінше, “үй апатты жағдайда, тұрғындарды көшіру керек” деді. Хаттама, қағаздың бәрі бар. Әкімдік бұған көз жұма қарады. 10 жылдан бері біресе әкімдікке, біресе тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгіріп келеміз. Бұл үйді сүріп тастау керек, – дейді Баян Көбентаева.
Құлаған үй бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Тұрғындар апат салдарының ауырлығын құрылыс сапасының төмендігімен байланыстырады.
– Әкеме осы пәтерді берген кезде, "5 жылдан кейін жекешелендіріп аласыз" деп еді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне барғанымызда, "Үй апатты жағдайда тұр, өз атыңызға тіркеуге болмайды" деді. Олар аудандық әкімдікке жіберді, әкімдіктегілер "күте тұрыңыз" деп қайтарды. Кәріз жүйесі дұрыс істемейтін, бәрі бірінші қабаттағы пәтерімізге ағатын, еденде су көлкіп жататын, – дейді өзін Асхат деп таныстырған жігіт. Ол да – марқұм кісілердің құдасы, жараланған баланың немере ағасы.
Жергілікті билік өкілдері журналистерге үйді жөндеп, қалпына келтіру немесе жаңасын салуға бюджеттен қаржы бөлу үшін ауылда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланғанын хабарлады.
Аудан әкімінің сөзінше, зардап шеккен азаматтарға келген шығынды есептейтін арнайы комиссия құрылады. Сарапшылардың қатысуымен үй тексерістен өтеді. Тұрғындар әзірге туыстарының үйінде тұруы керек.
– Тұрғындармен сөйлесеміз. Пәтер жалдау туралы ойланамыз, бәрін өзіміз төлейміз. Кейін сараптама қорытындысы "үй қалпына келмейді" десе, жаңа үй салу мәселесін қарастырамыз, – деді Бұхар Жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали.
Аудан әкімі, кейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі Ботақара тұрғындарының "үй апатты жағдайда болған" деген сөзін жоққа шығарды.