Accessibility links

"Кешірім сұраған да жоқ". Ленин атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің соты басталды


Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан зардап шеккен шахтерлер мен қаза тапқан кеншілердің туыстары сотта отыр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл
Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан зардап шеккен шахтерлер мен қаза тапқан кеншілердің туыстары сотта отыр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл

Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан бір жыл екі ай өткенде сот кеншілер қазасы туралы істі тергей бастады. Марқұмдардың туыстары кінәлілер жазалансын деп отыр. Сотталушылар кінәсін мойындамады. Азаттық процестің бірінші отырысына қатысты.

Қарағанды облысындағы 40 мыңға жуық халқы бар Шахтинск қаласы іргесінде шоғырланған шахталардың арқасында күн көріп отыр. Бір қарағанда, тыныш, жайлы қала сияқты болғанымен, бұл жерде жыл сайын дерлік төтенше жағдайлар болып тұрады. Біресе шахталар өртенеді, біресе тау жынысы құлайды, енді бірде метан жарылып, осылардың бәрінің аяғы адам өліміне әкеп соғып жатады.

Сондай кездерде қалаға журналистер ағылады. Бұл жолы да солай болды. Себеп сәл өзгешелеу: Шахтинск қаласында 2022 жылы Ленин атындағы шахтада жарылыс салдарынан қаза тапқан кеншілер ісі бойынша биыл 16 қаңтарда сот процесі басталды. Бұған дейін соңғы рет мұндай сот қалада осыдан 18 жыл бұрын, 41 адам қаза тапқаннан кейін болған еді.

Залда адам көп емес, негізінен, марқұмдар мен жәбірленушілердің туыстары. 30 градус аяз бен жолды қардан шала тазалағанның кесірінен сотқа қатысқысы келгендердің дені Шахтинск қаласына жете алмады. Сот сырттағыларды онлайн қосудан бас тартты.

Ленин атындағы шахтада болған апат туралы сот процесі осы ғимаратта өтіп жатыр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл
Ленин атындағы шахтада болған апат туралы сот процесі осы ғимаратта өтіп жатыр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл

ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ?

2022 жылғы 3 қарашаға қараған түні Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Олар: 24 жастағы Марғұлан Ынтымақов, 29 жастағы Арман Қашкей, 31 жастағы Дмитрий Бойченко, 38 жастағы Денис Инкин және 42 жастағы Андрей Санжаров. Тағы төрт шахтер қатты зардап шекті.

Бұл іс бойынша шахтаның төрт қызметкеріне "тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды" деген айып тағылған.

Айыпталушы Петр Ли шахтадағы техникалық қызметтің бас инженері болған. Екіншісі – желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің басшысы міндетін уақытша атқарған Дмитрий Аблов. Осы қызметке қайғылы оқиға болардан біраз бұрын тағайындалыпты. Қалған екеуі: төтенше жағдайдан бірнеше күн бұрын ғана ауаға қауіпті заттар тарайтын учаскелерді болжау қызметі басшысының орынбасары міндетін уақытша атқаруға кіріскен Талғат Баекенов пен өндірістік қызмет ауысымының басшысы Андрей Завьялов.

16 қаңтардағы сот отырысында айыптау актісі оқылып, содан кейін жәбірленушілерден жауап алынды.

Ленин атындағы шахтада кеншілердің қаза табуына байланысты істі қарап жатқан сотта прокурор айыптау актісін оқып тұр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл
Ленин атындағы шахтада кеншілердің қаза табуына байланысты істі қарап жатқан сотта прокурор айыптау актісін оқып тұр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл

Ленин атындағы шахта көмірі мен газы кенет атқылайтын қауіпті шахталардың біріне жатады, көмір қабаттары тез тұтанғыш әрі газдану қаупі жоғары саналады. Айыптау нұсқасына сүйенсек, төрт сотталушы да өз міндеттеріне "немқұрайды қарап, абайсызда қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берген".

Айыптаушының мәліметтерінше, 2022 жылдың 25 қазаны мен 3 қарашасы аралығында жұмыстар аса қауіпті қабатта жүргізілген. Қарағанды облысының "Абай" шахтасында болған қайғылы оқиғадан кейін (2021 жылдың қараша айында алты кенші қаза тапты, ресми түрде ірі концентрациядағы метан газының бірден сыртқа атқылауы себеп болған. – Ред.) "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына (қазіргі Qarmet – ред.) тиесілі барлық шахтаға ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын тек белгілі бір машиналар жүргізсін деген міндет артылды.

Бірақ прокурор Ленин атындағы шахтада жұмысқа басқа станоктар пайдаланылады деп хабарлады. Сонымен қатар, оның айтуынша, ереже бойынша ұңғыма бұрғылау кезінде басқа жұмыстар жүргізу тыйым салынған. Бірақ бұл талаптар ескерілмей, бір мезгілде екі нүктеде жұмыс атқарылып жатады.

2022 жылдың 29 қазаны мен 2 қарашасы аралығында, яғни жарылыс болар қарсаңда, газ-дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезеңінде алты нүктеге газ тұнып қалғаны тіркелген. Газдың көбейіп кетуін арнайы датчиктердің көмегімен білген. Бірақ, айыптау мәліметінше, осыған қарамастан, жұмыстар жалғасқан, ал қайғылы оқиға болған күні тау-кен шеберлері мен болжау қызметі болмаса да, жұмыс істеуге келісім берілген.

Тергеу барысында айыпталушы төрт адам аса қауіпті қабатта кенет көмір мен газ атқылауына қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар паспорты болмаса да, бұрғылау жұмыстарын жүргізуге тыйым салмай, жарылысқа жол бергені айтылды.

– Осындай заң бұзу әрекеттерінің салдарынан газ атқылау қаупі тым жоғары қабатты ашқан кезде тау жынысы жарылып, оған дейін бұрғыланған ұңғымаларға газ тұнып қалады және газ бен көмір шаңының, метанның деңгейі шектен тыс көтеріліп кетеді. Аяқ астынан болған газдинамикалық құбылыс пен бұрғылау штангасының металл элементтерге үйкелуі салдарынан ұшқын пайда болып, бұрғылау станогындағы метан газы жанып, өрт шығады, – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы.

"БҰЛ МЕНІҢ ӨМІРЛІК БОРЫШЫМ"

"Әділет орнаса деймін. Бәрінің үстінен шағым түсіремін!" – деді қаза тапқан Денис Инкиннің анасы Галина Инкина сотта жылап тұрып. Сот айыптау актісі оқылғаннан кейін одан жәбірленуші ретінде жауап алған.

Әйелдің "бәрі" дегені – тек қана айыпталушылар емес, сонымен қатар шахта, көмір департаменті мен компания басшылығы. Жәбірленушілер бірінші кезекте солар жауапқа тартылса дейді.

Айып тағылғандар арасында басшылықтан ешкім жоқ. Марқұмдардың туыстары қазір арнайы прокуратураның табалдырығын тоздырып, шахта мен компания менеджерлерін сотқа шақыруды талап етіп жүр.

Процеске жәбірленуші кеншілердің бәрі бірдей қатысқан жоқ, кейбіреуі жарылыс салдарынан әлі ауруханада жатыр.

Сотта шахта жұмысындағы заң бұзу фактілері бұрын да болғаны көп айтылды.

– Қайғылы оқиғаға дейін жұмыс істегем. Ол кезде де ереже жиі бұзылатын. Бұрғылау кезінде ешкім болжам жасамайтын, бақыламайтын. Бірнеше рет байқадым. Біз оны айттық. "Реттейміз" деді. Басшылық осының бәрін білген сияқты, – деді қаза тапқан Андрей Санжаровтың бауыры, кенші Сергей Санжаров соттағы сөзінде.

Марқұм кенші Арман Қашкейдің жесірі "күйеуім көзі тірісінде шахтада ереже талаптары сақталмайтынын айтып жүретін" дейді.

– 35 жасқа дейін жұмыс істеп, ары қарай кетем деп жүрген (Қашкейдің жасы 29-да болған – ред.). Білдектер көне, біздің шахталарға жарамайды дейді. Газ туралы да, ереже бұзылатынын және ешқандай өзгеріс жоғын да айтты. Соңғы ауысымының алдында шахтада газ "сасып" тұрғанын айтқан еді, – деді сотта Яна Қашкей.

Сотқа куәлік етуге жарылыс кезінде зардап шеккен үңгуші Серік Бектұрғанов та келді. Басынан шахтадағы жарылыс салдарынан түскен үлкен тыртықтар байқалады. Одан жауап алу басталар-басталмастан сот кейінге қалдыру мәселесін шешті. Себебі, бастапқыда қарастырылмағанымен, сол сәтте қазақ тілінен аудармашы қажет болды.

Галина Инкинаның сөзі бәрінің жанды жеріне тиді. Ол айыпталушы тараптан ұлының қазасына көңіл айтқан ешкім болмағанын айтты.

Ленин атындағы шахтада болған жарылыс салдарынан қаза тапқан кенші Денис Инкиннің анасы Галина Инкина (оң жақта) сотта сөйлеп тұр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл
Ленин атындағы шахтада болған жарылыс салдарынан қаза тапқан кенші Денис Инкиннің анасы Галина Инкина (оң жақта) сотта сөйлеп тұр. Шахтинск, 16 қаңтар, 2024 жыл

– Тергеуші маған ешкім жазаға тартылмайды, ол табиғи құбылыс деп бірден айтқан болатын. Сол кезде мен шахтада талай жыл жұмыс істегенімді, кімнің неге жауап беретінін білетінімді жеткіздім. Ұлым газ шығып жатқанын сезіп жүрді, маған да, өзара да талай айтқан. Бірақ жоғары жақтағылар бәрін бақылап отыр деп сенді. Шахтаға барғысы келмеген, бірақ оған мұның бәрі жай ғана дренажды құбылыс деп айтқан. Көмір департаментінің кінәсін дәлелдемей қоймаймын. Бұл менің өмірлік борышым. Олар тым болмаса кешірім де сұраған жоқ, – деді Инкина жылап тұрып.

Сот процесі қызып жатқан тұста айыпталушылардың адвокаты соттан қорғалушыларын фото-видео түсіруге тыйым салуын өтінді. Отырыс басталғанда қорғаушылар судьяға ондай шағым айтпаған.

"Неге түсіресіз? Түсіргеннің бәрін дереу өшіріңіз!" деп талап қойды адвокат судья сотталушылардан кінәні мойындайтын-мойындамайтынын сұрап жатқан уақытта. Бұл кезде журналистер олардың жауабын жазып алғысы келген еді. Судья адвокатқа ескерту жасаған соң, қорғаушылар фото және видео түсіруге тыйым салу туралы өтініш жасады. Сот өтінішті мақұлдады. Кейін адвокаттар журналистерден айыпталушылардың суретін өшіріп тастауды талап етті.

Айыпталушылардың бәрі де кінәсін мойындамайтынын, айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді. Олар кінәлі деп танылса, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Келесі сот отырысы 17 қаңтарға тағайындалды.

Қазір кеншілердің қазасына қатысты туралы тағы екі қылмыстық іс тергеліп жатыр: біреуі – былтыр тамыз және қазан айларында Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасында, екіншісі Қарағандыдағы Костенко шахтасында болған жарылыс.

Бұған дейін 2021 жылы "Абай" шахтасында болған алты кеншінің қазасы туралы іс жабылды. Компания шахталарында адам өліміне қатысты басқа да істер сотқа жетпей қалды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 30 жылда шахтада қаза тапқандар саны 180 адамнан асады.

Желтоқсан айында Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін шахталар мен АМТ металлургия комбинатының иесі өзгерді. Отыз жылға жуық компанияға Ұлыбританияда тұратын миллиардер Лакшми Миттал иелік етіп келген. Қазір кәсіпорын Qarmet деп аталады, оның иесі – қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG