Accessibility links

"Әкімдіктің жасаған жағдайы адам өліміне әкеп жатыр". Алматыдағы апат һәм қоғамдық көлік мәселесі


Желтоқсанның соңында апат болған аялдамада автобус тоқтатып тұрған адамдар. Алматы, 3 қаңтар 2024 жыл
Желтоқсанның соңында апат болған аялдамада автобус тоқтатып тұрған адамдар. Алматы, 3 қаңтар 2024 жыл

Былтыр желтоқсанда Алматыда үш адамның өмірін алған және бірнеше адамды жарақаттаған автобус апаты қаладағы қоғамдық көлік мәселесі әлі шешілмегенін тағы ашып берді.

"ТАРС-ТАРС ЕКІ СОҚҚЫ... ӘРІ ҚАРАЙ ЕСІМДЕ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ"

22 желтоқсанның кеші. Алматының шетінде "Қалқаман" ықшам ауданындағы аялдама маңында он шақты адам жолшыбай ала кететін көлік күтіп, қол созып тұр. Көліктер кептелісте. Бұл - үлкен мегаполистің Батыс қақпасы, күн сайын шет ауылдардан қалаға қатынайтын мыңдаған адам қас қарая үйіне қайтар көлік тосып күре жол бойындағы осы аялдамаға жиналады. Бір кезде қатты жылдамдықпен келген автобус жол шетіндегі адамдар мен көліктерді жайпап өтеді.

Адамдарды қаққан №47 автобус басқарусыз қалған еді. Куәгерлердің сөзінше, автобусқа мінген ер адам әйел жүргізушімен сөзге келіп қалады. Кейін ер адам рөлде отырған әйелге қол жұмсап, жүргізуші есінен танған.

Автобус соққан үш адам қаза тауып, төрт адам жараланды.

№47 автобус апатқа ұшыраған сәт. 22 желтоқсан 2023 жыл.
№47 автобус апатқа ұшыраған сәт. 22 желтоқсан 2023 жыл.

Жол апатынан ерлі-зайыпты Талап Қосымов пен Гүлжахан Жетпісбаева көз жұмды. Мектепте мұғалім болып істеген марқұмдар сол күні жұмыстан кейін үйге қайту үшін жол бойында такси тоқтатып тұрған. Бірақ үйіне жете алмады. Артында төрт баласы жетім қалды. Екеуі кәмелет жасына толмаған.

Марқұмдардың үлкені Ерасыл қазадан әлі ес жия алмай отырғанын, ата-анасы туралы айтуға зауқы жоқ екенін жеткізді. Ал қыздары Гүлбану "папам мен мамамның бейсенбілігін беріп жатыр едік" деді. Одан әрі мазалаудың қисынсыз екенін түсіндік те, телефон тұтқасын қойдық.

Үшінші марқұм – сол жерде тұрған шағын автобустың жүргізушісі Алмас Айманбаев.

Ал есінен танып, ауруханаға жатып шыққан 36 жастағы жүргізуші әйел "Еуразия бірінші арнасына" берген қысқа сұхбатында "ол өзінің аялдамасынан өтіп кетіп, көпірдің үстіне келгенде есік ашуды талап етті. Мен келесіден түсесің деп айтқан едім, ол мені боқтады. Одан соң тарс-тарс екі соққы жасады. Әрі қарай ештеңе есімде жоқ" деді.

Оқиғадан соң Алматы полициясы "Жол ережесін бұзып, екі не одан да көп адамның өліміне себеп болу", "Көлік жұмысының қауіпсіздік ережесін бұзу", "Бұзақылық" баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Жүргізушіні ұрған жолаушы екі айға қамауға алынған. Полиция көлік жүргізушісі жәбірленуші ретінде сұралғанын хабарлады.

Апатқа ұшыраған №47 автобустың иесі "Алматы транском" мекемесі "бұл туралы ештеңе айта алмаймыз" деп қысқа ғана қайырды.

"ЕНДІ ҚАЙТЕМІЗ, АВТОБУСҚА СЫЙМАЙМЫЗ"

28 желтоқсан кешке 18:30 шамасында, жұрт қарбаласқан сәтте, апат болған жерге бардық. Жол ортасына шығып көлік тоқтатқан жүргіншілер, аялдама мен автобус ортасына тоқтаған таксилер, екінші, тіпті үшінші жолаққа тоқтап адам түсірген автобустар. Аялдама түбіне көліктерін қаңтарып қойып, "Кемертоған! Кемертоған!" деп айғайлап тұрған жігіттер.

– Енді қайтеміз, автобусқа сыймаймыз. Такси тоқтамайды, – деді жол ортасында тұрған әйел.

– Көріп тұрсың ғой. Адамдар жолдың ортасына шығып алған. Сосын еріксіз ыңғайы келген жерге тоқтаймыз, - деді екінші жолаққа тоқтаған автобус шопырларының бірі.

Автобус апаты болған аялдама маңындағы қарбалас. Алматы, 3 қаңтар 2024 жыл
Автобус апаты болған аялдама маңындағы қарбалас. Алматы, 3 қаңтар 2024 жыл

PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев мұндай көріністі Алматының бірнеше жерінен, атап айтқанда Алматы облысындағы Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Қарасай аудандарына кететін бағыттардан жиі аңғаруға болатынын айтады. Ол мұны қалааралық бағыттағы автобустардың жетіспеуімен байланыстырады.

– Бұл жерде әлеуметтік-психологиялық мәселе ғой. Адамдардың өз қауіпсіздігін ұмытуын бірінші қоғамдық көліктің жетіспеуімен байланыстыруға болады. Автобусқа сыймайсыз. Сыйғанда да қандай жағдайда баратыныңыз белгілі. Сондықтан тоқтаған көлікке бірінші отырып, үйге кетіп қалғыңыз келеді. Екіншіден, ондай жерде бір сіз ғана емес, бірнеше адам тұрғандықтан қауіпсіздік мәселесі екінші орынға түсіп кетеді, – дейді ол.

Әлеуметтанушы ұзақ жылдан бері жалғасып келе жатқан мұндай мәселені реттеудің бір жолы полиция бақылауын күшейтуді ұсынады және осындай "қауіпті" аялдамаларда үнемі полицейлер тұру керек деп есептейді.

"АВТОБУС АЗ, ЖҮРГІЗУШІ ТАПШЫ"

Кешке қарай үйіне асыққан жолаушылардың автобусқа сыймай жол ортасына шығып такси тоқтататыны жайлы бұрыннан айтылып келеді. Бірақ жағдай әлі өзгермеген.

Алматыдағы жолаушылар тасымалдайтын жеке мекемелердің бірі "City-Bus" компаниясының бас директоры Абылай Өстемір де қалада қоғамдық көлік қана емес, автобустарға жүргізуші жетіспейтінін айтты.

– Негізінен автобус жүргізушілерінің көбі – облыстан қалаға қатынап жұмыс істейтін адамдар. Жол ортасына тоқтайтын жеңіл көліктер де қала шетінде тұратындар. Олар арзанға апарып тастайды. Сондықтан адамдар автобуста сығылысып тұрғаннан гөрі сондай көлікке отырып кеткенді қолайлы көреді. Менің ойымша, қала сыртына жүретін қоғамдық көлікті көбейту керек. Сонымен бірге инфрақұрылым жасау қажет. Яғни, адамдар сол аялдамадан бірден келесі автобусқа ауысып мініп кете беретіндей мүмкіндік жасау керек. Одан кейін жүргіншілердің өзіне де қауіпсіздік мәселесін түсіндіру керек. Жол ережесі бойынша аялдамаға автобустан басқа көлік тоқтамауы тиіс. Ал бізде аялдама түгілі автобус жолақтарына дейін жеңіл көліктер түсіп алады. Такси тоқтатқандар екінші, тіпті үшінші жолақта тұрады, – дейді ол.

Бірақ жолаушылар тарапынан да автобус жүргізушілеріне шағым жиі айтылады. Қала әкімдігінің Facebook желісінде ашқан "Алматы қаласының қоғамдық көліктері" деп аталатын парақшада автобус жүргізшілеріне шағым жиі түседі. Онда жолаушылар негізінен автобустың аялдамаға тоқтамай кететінін, қатты жүретінін, автобус ішінде ұрлықтың көп болатынын жазады.

Мәселен парақшаға түскен шағымдардың бірінде "Мені №63 автобус жаяу жүргінші жолағында қағып кете жаздады. Жүргізуші маған асығыспын деп дауыс көтерді" десе, тағы бір қала тұрғыны "Автобус жүргізушілерін қадағалауларыңызды сұраймын, сәл қалғанда өлтіре жаздады. Автобусты жеңіл машина секілді оңды-солды айдайды" дейді.

Қалқамандағы аялдама маңындағы көліктер мен автобустар. 3 қаңтар 2024 жыл.
Қалқамандағы аялдама маңындағы көліктер мен автобустар. 3 қаңтар 2024 жыл.

Былтыр қыркүйекте Алматыда автобус жолаушы жолағынан өтіп бара жатқан адамды қағып, біреуі қаза тапқан. Алматы көшелеріндегі мұндай жан түршігерлік жол апаттарының видеосы интернетте де жиі тарайды.

Ал Абылай Өстемір жүргізушілерге қатысты жолаушылар тарапынан шағым түскен кезде камераға қарап, соған сәйкес жаза қолданатынын, бірақ жұмыстан шектей алмайтынын айтады.

– Жазалағанда ескерту береміз, қосымша сыйақысын тоқтатамыз. Негізінде ондай жағдайда хаттама толтырып, келісімшартты тоқтату керек. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Себебі Қазақстан бойынша автобусқа жүргізушілер жетіспейді. Қазіргі жүргізушілердің орташа жасы – 40-50 жас. Шынымды айтайын, қазір қаладағы автобус жүргізушілерінің барлығын танимын. Себебі олардың бірі менен кетсе, оның орнына басқа автобус паркінен басқасы келеді. Жүргізуші жетіспейтіндіктен олар бір парктен шығып, екінші паркке кіріп, жүре береді, – деп сөзін жалғады ол.

Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Еркін Өтегенов жол ережесінің сақталуы жүргізушілердің және жолаушылардың ішкі мәдениетіне де байланысты деп санайды.

– Жол ережесінде қоғамдық көлікке, жеке көлікке жаяу жүргіншіге нақты талаптар бар. Бірақ бұл талаптар сақталмай жатады. Полиция Алматыда күн сайын 100 адамға хаттама толтырып, ескерту береді. Бірақ онымен мәселе шешілмейді. Бүгін 100 адамға хаттама толтырсаңыз, ертеңінде оның орнына басқа 100 адам тұрады. Жол ережесінің сақталуы әр адамның ішкі мәдениетіне, өз отбасында алған тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Себебі жол ережесін білу және орындау ішкі мәдениетпен тікелей байланысты, – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі.

"ӘКІМДІК ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ ДҰРЫС НАЗАР АУДАРМАЙДЫ"

Алматыдағы қоғамдық көліктер мәселесін ұзақ жылдан бері жазып жүрген журналист Серікжан Мәулетбай жолдағы және аялдамадағы апатқа адамдардың өзі кінәлі деген пікірмен келіспейді.

– Бұл – Алматының инфрақұрылымын жасаудағы мәселе, ал әкімдік қоғамдық көлікке дұрыс назар аудармайды. Қала билігінің жасаған осындай жағдайы адам өліміне әкеліп жатыр. Әр әкімнен тек жоспар естиміз, жаңа келген әкім ол жоспарды өзінше өзгертеді. Бұл жобаны талқылап, қабылдап, жоба құжатын жасағанға бір-екі жыл кетеді. Осының бәрі жасалып жатқанда әкім ауысады да, келесісі келіп бәрін басынан бастайды. Бұл ылғи қайталанады, – дейді BES.media жобасының бас редакторы.

Серікжан Мәулетбай қалада халық пен көлік саны өскен сайын қоғамдық көлік мәселесі нашарлап бара жатқанын айтады.

- Әкімдік жүргеніне көп болмаған автобустардың орнына жаңа автобустар сатып ала береді. Бұрын жүргендер неге қатардан шығып қалды? Оларды неге күтіп ұстамады? Мұны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Автобустардың көбі бес жыл жүрмей қатардан шығады. Қала сыртына шығатын бағыттардың жағдайы қиын. Себебі қала шетінде және "Қалқаманда" автобус аз. Жұрт жолдан такси тоқтатуға мәжбүр. Ал жолай кетіп бара жатқан көлікті тек жолға шығып тоқтата аласың, - дейді ол.

Алматыда істен шыққан автобустар. Жұрт мұны "автобустар зираты" деп атап кеткен. 2023 жылдың тамызы.
Алматыда істен шыққан автобустар. Жұрт мұны "автобустар зираты" деп атап кеткен. 2023 жылдың тамызы.

Журналистің мәліметінше, қазір әкімдік қала шетіне шығатын шағын автобустар сатып ала бастаған, бірақ "бұл автобустар шағын болғаны сонша жағдайды реттеуге әсер ете алмайды".

– Билік қоғамдық көлікпен не істеу керегін білмейді. Оларда атүсті ойлар ғана бар. Бауыржан Байбек әкім болып тұрғанда Қалқаман шағын ауданын дамыту туралы шешім қабылданған. Алматының сол бөлігі мен облысты қамтитын "Батыс" автовокзалы болады деп хабарланған. Жаңа әкім келіп, бәрі өзгерді, - дейді Мәулетбай.

2022 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география факультетінің қызметкері Қуаныш Көшербай бастаған бір топ зерттеуші "Алматыдағы қоғамдық көліктің жағдайына анализ" атты зерттеу жариялады. Зерттеушілер 154 бағытты саралап, бағыттарды түзгенде баланс сақталмайтынын анықтаған.

"Кейбір көшелерде (мысалы Науаи не Шевченко көшесінің батысында) халық тығыз орналасып, адам көп болса да, бір ғана автобус бағыты жүреді" дейді зерттеуде.

ҚазҰУ зерттеушілері басты мәселе қаланың бәр жерінде автобустарға арналған біріңғай жолақ жоқ екенін айтады.

"Қаланың барлық жерінде автобусқа арнайы жолық бөлінбеген соң олар жеке көліктермен араласып жүреді. Бұдан соң халық жеке көлік сатып алып, жолдағы уақытын аз да болса жайлылықта өткізуді ойлайды" деп жазылған зерттеуде.

"МӘСЕЛЕ ШЕШІМІ – ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ЖҮЙЕСІН ДАМЫТУ"

Ал автобус паркінің басшысы Абылай Өстемір "Жол жүрісі туралы" заңға 2016 жылы енгізілген өзгерістердің де автобус жүргізушілерін даярлауға кері әсерін тигізгенін айтады. "Жол жүрісі туралы" заңға 2016 жылы енгізілген өзгеріске сай, "D1" санаты 16 адамдық автобусты жүргізуге рұқсат етсе, "D" санаты 90 орындық автобусты жүргізуге құқық береді. Бірақ адамдар бұл санаттарды бірден ала алмайды.

Ол үшін әуелі 18 жасқа толғаннан кейін жүргізуші куәлігінің "В", "С1" санатына ие болуы керек. Ал "Д" санатын алу үшін 25 жасқа толған, кемінде бес жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде "D1" кіші санатына жататын көлікті кемінде үш жыл жүргізген тәжірибесі болуы қажет.

Көлік жүргізуге рұқсат беретін санаттар.
Көлік жүргізуге рұқсат беретін санаттар.

"City-Bus" мекемесінің директоры бұл талап қиын екенін, сондай-ақ қазір ешқандай оқу орны автобус жүргізушілерін даярламайтынын айтады.

– Алматыда таңғы сағат бес жарымда бастайтын бағыттар бар. Оған үлгеру үшін түнгі үштен бастап дайындалу керек қой. Кешке үйіне жеткенше түнгі он-он бір болады. Кемінде күніне 16 сағат жұмыс істейді. Сонда әр жүргізуші екі жарым-үш сағат қана ұйықтайды. Ал бізде бір автобуста екі шопыр ұстауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан жүргізушілерге санат берудің шарттарын қайта қараса, – дейді Абылай Өстемір.

"City-Bus" өкілі "қоғамдық көліктер жүйесін дамыту – мәселенің жалғыз шешімі" деп біледі. Абылай Өстемір де автобусқа арналған қосымша жолақтарды, троллейбус пен метроны кеңейтуді ұсынады. Бұған қоса, аялдамаға, автобус жолақтарына көлік қоятындарды, жол ортасына шығып такси тоқтататындарды полиция үнемі бақылауға алуы қажет деп санайды.

2015 жылы Алматының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек рельстер ескірді деп трамвайларды алып тастады. Бұған трамвайлардың екі рет жол апатына ұшырауы себеп болған. Қазір қалада негізгі қоғамдық көлік – автобус.

Қазақстан билігі Алматыда көлік жүйесін шешу үшін 1989 жылы метро құрылысын бастап, алғашқы станция тек 2011 жылы ашылған еді. Қазір метро Алматыны толық қамтымайды, тек 11 станция бар. Метро құрылысы да баяу жүріп жатыр. Алматы әкімдігі 2025 жылы "Қалқаман" метро станциясы ашылатынын, 2030 жылға дейін "Барлық" базарына дейін тағы да үш станция салынатынын айтады.

Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Еркін Өтегенов 2023 жылы қалада қоғамдық көліктерге байланысты 407 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, 541 адам жараланып, бес адам қаза тапқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG