Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азия елдері бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынасты күшейткенімен, ол негізінен тек екіжақты форматта жүріп жатқанын талдады. Сонымен қатар Транскаспий дәлізінің қаншалықты табысты болатыны Астана мен Бакудің қарым-қатынасына байланысты екенін жазды. Бұдан бөлек бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен өткен сот процесі тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы пікірді қалай өзгерткеніне тоқталды.
"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС КҮШЕЙДІ, БІРАҚ ОЛ ЕКІЖАҚТЫ СИПАТҚА ИЕ"
Көптеген сарапшы соңғы екі жылда Орталық Азияның сыртқы державалармен қарым-қатынасы күшейгеніне назар аударып, оны Ресейдің Украинаға басып кіруімен байланыстырған. Дей тұрғанмен сыртқы геосаяси өзгерістер мен аймақтағы оқиғалар Орталық Азияның өз ішіндегі дипломатиялық қарым-қатынасқа қалай әсер етті? Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ассистент профессоры Айзада Нұридденова мен Назарбаев университетінің ассистент профессоры Жәнібек Арынов АҚШ-та шығатын Diplomat басылымында осы сұраққа жауап іздеді.
Авторлар бұл үшін ресми дерекке сүйеніп, Орталық Азияның президенттері, премьер-министрлері мен сыртқы министрлерінің аймақ ішіндегі екіжақты және көпжақты қарым-қатынасы, сапарлары, телефон әңгімелері, видеоқоңыраулар мен жеделхаттар алмасуы жайлы мәлімет жинады. Бұл ретте зерттеушілер төрт жылдың деректерін саралаған: 2015 жыл (Өзбекстанда президент ауысқанға дейін), 2019 жыл (Өзбекстанда президент ауысқан соң және COVID-19 пандемиясы мен Ресей Украинаға басып кіргенге дейін), 2022 және 2023 жылдар (пандемиядан кейін және Ресей Украинаға басып кірген соң).
Деректер жоғары деңгейдегі қарым-қатынас күшейгенін көрсетті. 2015 жылдан бастап аймақта жоғары лауазымды шенеуніктердің арасындағы байланыс айтарлықтай артты. 2015 жылы 60 шақты кездесу, телефон әңгімесі, бейнеқоңырау мен жеделхат алмасу тіркелсе, 2019 жылы оның саны 87-ге жетті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 147-ге, ал 2023 жылы 158-ге жетті.
Сонымен қатар осы кезеңде аймақтағы өзара байланыстың саны ғана емес, мазмұны да өзгерген. Мысалы, 2015 жылы өзара байланыстың жартысы жеделхат алмасу (66-ның 34-і) арқылы іске асты. Аймақтағы қарым-қатынастың күшеюіне келгенде жеделхаттан гөрі кездесу мен телефон әңгімелері маңыздырақ. 2015 жылмен салыстырғанда 2019,2022 және 2023 жылдары шенеуніктердің арасындағы телефон әңгімелері көбейген. 2015 жылы аймақтағы шенеуніктер арасында 23 кездесу тіркелсе, 2023 жылы оның саны үшке артқан.
Зерттеу аймақтағы серіктестікті президенттер белгілейтінін, премьер-министрлер мен сыртқы істер министрлерінің кездесуімен салыстырғанда президенттердің кездесуі айтарлықтай көп болғанын көрсетті. Зерттеушілердің жазуынша, бұл Орталық Азияда сыртқы саясат дәстүрлі түрде президенттің қолында екенінің көрінісі.
Нұридденова мен Арынов аймақтағы қарым-қатынас көп ретте екіжақты түрде жүрген деген қорытындыға келді. Бұл зерттеушілердің пайымдауынша, Орталық Азияда аймақтық қарым-қатынастың институцияланбағанын көрсетеді. Мысалы, 2015 жылы өзара байланыстың бәрі екіжақты болған, ал 2019 жылы тек екі іс-шара көпжақты форматта өткен. 2022 жылы 110 байланыстың, ал 2023 жылы 160 байланыстың төртеуі ғана көпжақты түрде болған.
Авторлар жоғары лауазымды шенеуніктер арасында неліктен екіжақты қарым-қатынас күшейіп, ал көпжақты форматтағы кездесу негізінен тағы бір сыртқы ойыншының қатысуымен өтетінін қосымша зерттеу керек деп түйіндейді. Сонымен қатар аймақтағы байланыс сауда, инвестиция мен адамдардың қарым-қатынасына қалай әсер ететініне үңілген жөн. Үшіншіден, Ресей, Қытай, Түркия тәрізді сыртқы ойыншылар аймақтағы осы оқиғаларға қалай қарайды және олар Орталық Азияның серіктестігін қолдай ма, әлде керісінше тежей ме деген тақырып бөлек зерттелуге тиіс.
"ТРАНСКАСПИЙ ДӘЛІЗІНІҢ ТАБЫСЫ БАКУ МЕН АСТАНАНЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ"
Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Азия мен Еуропаны құрлық, темір жол мен теңіз арқылы жалғап, Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізінің мән-маңызы артты. Бірақ Орта дәліздің қаншалықты табысты болатыны немесе, керісінше, сәтсіздікке ұшырайтыны Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасына байланысты, деп жазады сарапшы Уайлдер Алехандро Санчес АҚШ-тағы World Politics Review басылымындағы мақалада.
Дәліздің өткізу мүмкіндігі мен дамуы Каспийдің батыс және шығыс жағалауында орналасқан екі елдің серіктестігіне барып тіреледі. Наурыз айында Бакуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Орта дәлізді дамытуды көздейтін құжатқа қол қойды. Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг компаниясының директоры Санчестің ойынша, бұл Орта дәліздің болашағы жайлы үміт ұялатады.
Транскаспий халықаралық көлік дәлізі 2013 жылы тауарды Орталық Азиядан Еуропаға жеткізу үшін Әзербайжан, Қазақстан, Грузия мен Түркия компанияларының консорциумы ретінде құрылған. Мәскеу 2022 жылы Украинаға басып кірген соң, Еуроодақ Ресейді айналып өтетін Орта дәлізге басымдық бере бастады.
Сарапшы бұл бағыт арқылы тасымалданатын тауар көлемі өскенімен, ол жылдам көлік бағыты ретінде Ресейді алмастыра алады дегенге күмән бар дейді. Себебі тарифтер, кедендегі кедергі, теміржол жылдамдығы, тар жерлер, Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы Баку портына жеткізілетін тауардың шектеулі көлемі дәліздің өткізу қабілетіне әсер етеді.
Дегенмен дәліз бойындағы елдер тауар өткізуді жылдамдату үшін инфрақұрылымды жақсартуға тырысып жатыр. Баку жаңа контейнер терминалын салып жатыр, ол Баку портының өткізу қабілетін қазіргі жылына 15 миллион тоннадан 25 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Ақтау портының өткізу қабілетін арттыруға ұмтылып жатыр.
Дәліздің табысы Украинадағы соғыстың қалай өрбитініне, Ресей мен Батыс қарым-қатынасына және қымбат инфрақұрылымға салынатын ақшаны дәліздің кірісі ақтай ма дегендей факторларға байланысты болмақ.
Тіпті Орта дәліз Ресей арқылы өтетін бағытқа тәуелділікті айтарлықтай азайтпаса да, бұл бастама Кавказ бен Орталық Азияның ішкі саудасын және аймақ мемлекеттері мен Еуропа арасындағы сауданы әртараптандырып, кеңейтеді. Дүниежүзілік банктің 2023 жылғы есебіне қарағанда, 2030 жылға қарай Әзербайжан, Грузия мен Қазақстан арасындағы сауда – 37 пайызға, ал үш ел мен Еуроодақ арасындағы сауда 28 пайызға өседі.
Украинадағы соғыстың әзірге қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан Ресейді айналып өтетін Орта дәліздің маңызы арта береді. Санчестің пайымдауынша, жаңа инвестицияның арқасында дәлізге қосылып жатқан мемлекеттермен байланыс орнап жатыр, мұндай жағдайда бағыттың қаншалықты табысқа жететіні Баку-Астана қарым-қатынасына байланысты бола береді.
БИШІМБАЕВТЫҢ ҮКІМІ МЕН ТОҚАЕВТЫҢ АЛДЫНАН ШЫҒАТЫН "НАҒЫЗ СЫНАҚ"
Ұлыбританияда шығатын Economist басылымы «әйелін аса қатыгездікпен өлтірді» деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жыл түрме жазасына кесілгенін жазды.
Жоғарғы сот пен ақпарат құралдарының Yotube арнасында көрсетілген соттың тікелей эфирлерін күн сайын миллиондаған адам тамашалады. Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Джоанна Лиллистің жазуынша, сот процесі тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы жан тебіреністі қайта сүзгіден өткізуге түрткі болды, ықпалдылар мен дәулеттілердің жазаға тартылмаймыз деген сенімін көрсетті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қоғам пікірі" мен "саяси астар" Бишімбаев үкіміне әсер етті ме?«Қазақстандағы саясаткерлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жеңіл қарауға бейім. Дегенмен жыл сайын әрбір алтыншы әйел оны бастан кешіреді». 2017 жылы үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны жеңілдетіп, «ұрып-соғу», денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске ауысты. Бірақ Салтанат Нүкенованың қазасы мұны өзгертті. Тоқаев жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатаңдататын заңға қол қойды.
44 жастағы Бишімбаев 2017 жылы жемқорлық айыбы бойынша ұсталып, 10 жылға сотталған. Оның үш жылға толмай шартты жазамен бостандыққа шығуы билік өз адамдарына жұмсақ қарап, жазадан құтқарады, ал қарсыластарын ұзақ жылға темір торға қамайды деген сын тудырды. Бишімбаевтың ісін қараған судья жақында оппозициялық саясаткер Нұржан Әлтаевты жемқорлық айыбы бойынша он жылға соттады. Әлтаевтың қарсыластары істің саяси астары бар дейді.
Бишімбаев саяси мансапқа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қол жеткізді. Лиллис Назарбаев «мұрагер ретінде таңдаған» Тоқаев одан алыстап, «жаңа Қазақстан» құрып жатқанын мәлімдегенін келтіреді. «Ол заң үстемдігін сақтап, соттарды тазартуға уәде берді. Бірақ Тоқаев үшін нағыз сынақ келесі жолы саяси диссидент сотқа тартылғанда болмақ».