Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азия басшылары неліктен екінші жыл қатарынан Мәскеудегі әскери парадқа төрт көзі түгел барғанын талдады. Сонымен қатар Ресейде наурыз айының аяғында болған терактіден соң Қазақстан еңбек мигранттарына бақылауды күшейткенін жазды. Одан бөлек Астана, Баку мен Ташкент Еуропаға электр энергиясын экспорттайтынына тоқталды.
АЙМАҚ БАСШЫЛАРЫ НЕЛІКТЕН МӘСКЕУДЕГІ ЖЕҢІС ПАРАДЫНА БАРДЫ?
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Орталық Азия басшылары 9 мамыр күні Мәскеуде өткен Жеңіс парадының «құрметті қонағы» болғанын жазды.
Совет Одағының 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны тізе бүктіргеннің құрметіне өтетін парадқа Орталық Азияның басшылары осымен екінші жыл қатарынан түгел қатысты.
Бұл жолғы парадқа аймақ президенттерінен басқа Беларусь, Лаос, Гвинея-Бисау мен Куба басшылары барған.
Мақала авторы Кэтрин Путц Мәскеу Украинада шабуылды күшейтіп жатқан тұста Ресейде Жеңіс күні мерекесінің мән-маңызы арта түсті дейді. Ал посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерде бұл мейрамның, керісінше, маңызы төмендеген. Қазақстан 2019 жылдан бері Жеңіс парадын өткізбейді. 2020-2021 жылдары парад коронавирус пандемиясына байланысты өтпеді. Қорғаныс министрлігі 2022 жылы да парад өткізуден бас тартты. Парламент депутаттарының бірі сол тұста мұны экономикалық себептермен негіздеді. 2023 жылы қорғаныс министрлігі парад «ақша үнемдеуге» байланысты өтпейді деген. Биыл да тура сол себепті алға тартты.
2022 жыл Өзбекстанның қорғаныс министрлігі әскери парад өтпейтінін мәлімдеді, ал министрліктің өкілі «9 мамыр Өзбекстанда Жеңіс күні емес, еске алу күні» екенін жеткізді. Бішкекте биыл әскери парад та, соғысқа қатысқандарды еске алуға арналған «Мәңгі өлмес полк» шеруі де өтпеді. Әскери парад Тәжікстанда да өтпеген.
Ресей 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алғалы бері Жеңіс парадын пропаганда құралы мен әсіреұлтшылдықтың көрінісіне айналдырды. Ал 2022 жылы Украинаға басып кірген соң, әскери парадты соғысты ақтауға пайдаланатын болды.
Орталық Азия басшылары Мәскеудегі әскери парадқа түгел қатысқанына қарап, Ресей мен бұл елдердің қарым-қатынасы жайлы қандай ой түюге болады? Путцтың жазуынша, Орталық Азия басшылары бұл жағдайда Ресейді елемей қоюдың қажеті шамалы деп есептейді. Жеңіс күнінде Путиннің қасында тұрып, сән-салтанатқа құштарлығын қанағаттандыру – басқа тараптармен қарым-қатынас ұстанудың азғантай өтеуі. Орталық Азия басшылары бұл үшін Батыс олардан теріс айналмайтынына сенімді.
"ҚАЗАҚСТАН МӘСКЕУДЕГІ ТЕРАКТІДЕН СОҢ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТТІ"
Eurasianet басылымы Мәскеуде "Крокус сити холдағы" терактіден кейін Қазақстан Орталық Азияның өзге елдерінен, әсіресе Тәжікстаннан келген еңбек мигранттарына бақылауды күшейткенін жазды.
Мәскеуде 22 наурыз күні 140-тан астам адам қаза болған терактіге қатысты Тәжікстан азаматтары күдікке ілінген. Мақала авторы Алмаз Куменовтің жазуынша, елде тәжік мигранттарын қудалау белгілі бір дәрежеде Ресейде терактіден кейін еңбек мигранттарын қысымға алуға ұқсас.
7 мамыр күні Азаттықтың Тәжік қызметі Қазақстан полициясы бүкіл елде иммиграция режимін бұзғандарды анықтау үшін құжаттарды тексеріп жатқанын хабарлады.
«Тәжікстаннан келгендердің жағдайы нашарлады. Рейдтер жүргізіліп, көпшілікті депортациялап жатыр. Тіпті уақытша тіркелгендерді ұстап депортациялаған оқиғалар болды», дейді Қазақстанда алты жыл жұмыс істеп жүрген Тәжікстан азаматы Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында.
Полиция мамыр айының басында Ұлытаудың орталық ауданында жүргізген арнайы операция нәтижесінде елде жұмыс істеуге рұқсаты жоқ Тәжікстан мен Өзбекстанның 16 азаматы ұсталып, өз елдеріне қайтарылғанын хабарлаған.
Орталық Азиядағы ең гүлденген ел ретінде Қазақстанға көрші мемлекеттерден, әсіресе Өзбекстаннан еңбек мигранттары бұрыннан көп келеді. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстанға 725 мың адам қоныс аударған. Олар негізінен жұмыс мақсатында келген, арасында Ресейдегі мобилизациядан қашып келгендер бар. Төрт жыл ішінде ең көп мигрант Өзбекстаннан келген.
Тәжікстанның ресми дерегіне қарағанда, 2022 жылдың шілдесінде Қазақстанда Тәжікстанның 10 мыңнан астам азаматы жұмыс істеген, бірақ тәжік диаспорасының өкілдері бұл көрсеткіш төмендетілген деп есептейді. Автордың жазуынша, көптеген тәжіктер Ресейге қарағанда қонақжай Қазақстанда жұмыс істегенді қалайды. «Бірақ соңғы кезде бұл атмосфера өзгерген болуы мүмкін».
2023 жылы шыққан «Еңбек миграциясының перспективалары: Қазақстандағы түсінік» атты зерттеуге қарағанда, билік еңбек мигранттарының елге ағылуын әрең реттеп отыр.
2023 жылы жарияланған «Еңбек миграциясы: Қазақстаннан көзқарас» атты зерттеу мигранттар мен жұмыс берушілер еңбек заңнамасын бұзатынын, шетел азаматтары еңбек келісімшартынсыз жұмысқа тұратынын анықтады.
Басылым Мәскеудегі терактіден соң Қазақстан билігі заңсыз миграциямен күресті күшейтті деп топшылайды.
7 мамыр күні Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанға баратын азаматтарына қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін ескертті.
ҚАЗАҚСТАН, ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН ӨЗБЕКСТАН ЕУРОПАҒА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ЭКСПОРТТАМАҚ
Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Қазақстан, Әзербайжан мен Өзбекстан экологиялық таза электр энергиясын өндіріп, Еуропаға экспорттауды жоспарлап жатқанын жазды. Мамыр айының басында үш ел Ташкентте энергетика жүйесін интеграциялау саласындағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.
Бұл меморандумға сәйкес, үш ел өзге елдердің аумағы және Каспий теңізінің түбімен жоғары вольтты кабель жүргізу арқылы өз энергетика жүйелерін қосу және жасыл энергияны сату мүмкіндігін зерттеп көрмек.
Мақала авторы Сеймур Мамедовтың жазуынша, Каспий түбімен теңіз кабелін тарту жобасының техникалық сипаттамасы әзірленді.
2018 жылы қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы конвенцияға сәйкес, теңіз түбімен кабель не құбыр жүргізу үшін сол теңіз аумағы тиесілі тараппен келіссөз жүргізу керек. 2019 жылдың қарашасында Әзербайжан мен Қазақстан Каспий түбімен талшық оптика кабелін жүргізе бастады. Астананың жоспарына сәйкес, бұл кабель Қытайды Каспий теңізі және Әзербайжан арқылы Еуропамен жалғайды.
Енді кезек электр кабеліне жетті. Былтыр ақпанда Бакуде өткен оңтүстік газ дәлізінің консультативті кеңесінде Әзербайжан мен оның серіктестері Еуропаға жасыл энергия тасымалдайды деген келісімге келді.
Мамедов үш елдің энергия жүйелерін қосудан алынған ресурстар аймақтағы энергетикалық балансты өзгертеді деп болжайды.
Дегенмен Қазақстанда электр энергиясы тапшы болғандықтан, оны экспорттау жоспары ел ішінде алаңдаушылық туғызды. Бірақ энергетика министрлігі елдің батысында жаңаратын энергия көздері – жел және күннен электр энергиясын өндіруге әлеует жеткілікті деп алаңдаушылықты сейілтті.
Басылым үш ел не себепті электр энергиясын Еуропаға экспорттауға мүдделі екенін түсіндірген. Еуропа электр энергиясының импортын әртараптандырғысы келеді. Себебі Еуроодақ елдері он жыл ішінде қазба отынынан бас тартуды жоспарласа да, оған өз бетінше қол жеткізе алмайды. Еуропа халқы шағын аумақта өте тығыз орналасқан, ал күн мен жел электр орталықтары үшін үлкен аумақ керек. Еуропадан басты айырмасы сол, Әзербайжан, Қазақстан мен Өзбекстанда жасыл энергияны дамыту үшін барлық мүмкіндік бар. Оны былай қойғанда, Қазақстан мен Өзбекстанның күн панельдері мен жел турбиналарын өндіру үшін қолданылатын маңызды шикізаты бар. Оларға литий, кобальт, мыс, никель, күміс пен басқа элементтер жатады. Осылайша аймақ жаңаратын энергия көздерімен қатар жасыл энергияны өндіру үшін қолданылатын шикізатты ұсына алады.
ПІКІРЛЕР