Кремль жылда 9 мамыр – Жеңіс күнінде өтетін салтанатты шара – "Мәңгілік полк" шеруінен бас тартып отыр. Путин мұны Украинаға қарсы соғысқа байланысты қауіпсіздік шарасы деп түсіндірді. Бірақ кей сарапшылардың пікірінше, Мәскеу жиынға Украинадағы соғыста қаза тапқан жауынгерлердің суретін ұстаған наразылар келіп, Ресей басқыншылығының салдарын биліктің бетіне басады деп қорқады.
Мәскеу Украинаға қарсы соғыс ашқалы майданға қыруар қаржы жұмсап, соңы көрінбейтін қақтығыс шеңберінде қалды. Сондықтан биылғы Жеңіс күні де бұрынғыдан өзгерек өтеді.
Билік қауіпсіздікті сылтауратып, елдің түкпір-түкпіріндегі Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шаралар мен шерулерге тыйым салды.
Биыл Совет Одағының Екінші Дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны жеңгенін насихаттайтын "Мәңгілік полк" шеруі де өтпейді. Жылда жүздеген мың ресейлік соғыста қаза тапқан жақындарының портретін ұстап, президент Владимир Путин мен басқа да өкілетті тұлғаларға еріп, шерулетіп шығатын.
Путин билікте болған жылдары фашистік Германияға қарсы соғыста опат болған батырлардың ерлігін насихаттау Ресейдегі ұлттық рухты көтерудің амалы болып келді. Бақылаушылардың пікірінше, Кремль енді, керісінше, Ресей әскерін ұлықтаудың орнына Украинаға қарсы соғыста қандай үлкен шығынға ұшырағанын жасыруға тырысып отыр.
– Біреу Украинаға қарсы соғыста қаза тапқан туысының портретін алып шықса ше? Жүздеген адам солай жасаса, қайтеді? Бұл үлкен шок болар еді. Кремль Украинаны күліп жүріп-ақ жеңеміз, "бәрі майданға" деген түсінік қалыптастырғысы келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, "Мәңгілік полк" шеруі идеологиялық зиян келтіруі мүмкін, – дейді тарихшы Максим Кузахметов.
ҚЫРШЫН ҚИЫЛҒАН ПОЛК
Ресейдің бірнеше қаласында жергілікті билік азаматтарды мерекені көлігіне портрет іліп атап өтуге шақырды.
Нижний Новгород әкімдігінің баспасөз хабарламасында "Бұл шараға тұрғындар ғана емес, қоғамдық көлік, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметі сияқты субъектілер де қатыса алады" делінген.
Татарстан астанасы Қазан қаласында тұрғындарға төсбелгілер тағып, көліктерге портрет ілу немесе Жеңіс күнінің ресми сайтына естелік жазып, жұмыс орнына мемориал тақта орнату ұсынылған.
Мәскеуде Қызыл алаңда өтетін әскери техника парадына халық қатыса алмайды. Бірақ шара мемлекеттік телеарналардан көрсетіледі.
Тарихшы Кузахметов Кремльдің әскери парадты жабық өткізу идеясын "бұл шараны жай күндері де тамашалайтын адам аз" деп сынады. Ол "Ресей президенті 1981 жылы Египетте Анвар Садатты әскери парад кезінде өз офицерлері өлтіргенін ұмытқан жоқ" дейді.
– Египеттегі жағдай қайталанса ше? Әскери көліктердің бірінде снаряд болса ше? Путин айналасынан үнемі сатқындық іздеп тұрады. Қорқады, – дейді тарихшы.
Мәскеуде тұратын саяси белсенді Эльвира Вихарева мен басқа да сарапшылар "Кремль наурызда «Лужники» стадионында өткен соғысты қолдайтын митингіге ондаған мың адамды жинағанда "террористік шабуылдан" қорықпаған еді" деп мысқылдады.
Ол 18 сәуірде жариялаған жазбасында "Адамдар аталарының емес, әкелерінің, ағалары мен балаларының портретін алып шығар еді. Сонда "мәңгілік полк" емес, "қыршын қиылған полк" болар еді. Арнайы операцияның салдары көзге айқын көрінер еді. Билік осыны біліп, шеруге рұқсат бермей отыр" деп жазды.
Ресей үкіметі Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атайды. Елде соғысты "соғыс" деп атағандар жауапқа тартылады.
– Қорғаныс саласына триллиондаған рубль қаржы бөлді. Енді келіп, қауіпсіздік сақтай алмаудан қауіптеніп отыр. Әлде олар халықтың жиналуынан қорқа ма? – дейді актриса әрі блогер Алиса Ковалева.
ХАЛЫҚТАН ҚОРҚУ
– Адамдар Украинада қаза тапқан жақындарының портретін ұстап шығып, Ресей қорғаныс министрлігі ұсынған деректен әлдеқайда көп шығынға ұшырағаны белгілі болып қалады деп қорқады. Ең ықтимал себебі – осы. Билік қоғамдық акциялардан, көпшіліктің алдында ашық пікір айтатындардан қорқады. Бұл анық, – дейді тарихшы Иван Курилла.
2022 жылы Жеңіс күнін тойлау кезінде соғысқа қарсы наразылық білдірген 125 адам ұсталған. Олардың көбі "Мәңгілік полк" шеруінде қарсылық білдірген.
Ресей үкіметі Украинада қанша жауынгерінен айырылғанын ашып айтпайды. 2022 жылы 21 қыркүйекте жеті айға созылған соғыс кезінде 5937 ресейлік қаза тапты деген ақпарат тараған. Бұл ақпарат содан бері жаңарған жоқ. Батыс сарапшылары Ресей қазірге дейін 200 мың адамынан айырылды дейді.
Билік соғысқа қарсы азаматтарды қудалауды күшейтіп, кейінгі айларда "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша қыруар адамды түрмеге жапты.
"Мәңгілік полк" шеруі 2011 жылы Томск қаласында басталған. Бір топ азамат қаладағы Мәңгілік алау мемориалына барып, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан ата-бабасының рухына тағзым еткен. Олар осы шара арқылы өскелең ұрпаққа өткен күннің тарихын жеткізіп, насихаттағысы келген.
"Соғысты еңсеріп, бізді бүгінге жеткізген басты қаһарман – Адамға мерекесін қайтарғымыз келеді" деген 2017 жылы шерудің негізін қалаушылардың бірі, журналист Сергей Лапенков.
Бірнеше жылдан кейін бұл идеяны Путиннің әкімшілігі қолдап, Лапенковтың пікірінше, жасанды шараға айналдырып жіберген.
Ресейлік қолданушылардың бірі әлеуметтік желіде халық Кремльдің шеруге тыйым салғанын елемей, бәрібір көшеге шықса, не болатынын топшылап көрген.
"Елестетіп көріңізші: Адамдар рұқсат етілмеген "Мәңгілік полк" шеруіне шығады. Арнайы жасақ оларды да, ата-бабасының портретін де таяқтың астына алады. Ессіздік!" – деді ол.
ПІКІРЛЕР