Accessibility links

Кэмерон аймаққа не үшін келіп кетті? Орталық Азия еркін сауда аймағын құра ала ма?


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Самарқанда жүрген сәті. Сәуір, 2024 жыл.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Самарқанда жүрген сәті. Сәуір, 2024 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның аймаққа не үшін келіп кеткенін талдады. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің сауда кедергілерін жойып, бірыңғай нарықты қалыптастыру талпынысы Кремльді алаңдататынын жазды. Бұдан бөлек әйелін «асқан қатыгездікпен өлтірді» деп айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сот процесі қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы пікірін түбегейлі өзгерткенін талдады.

КЭМЕРОННЫҢ САПАРЫ: ҰЛЫБРИТАНИЯ "АЙМАҚТА БЕЛСЕНДІ ОЙЫНШЫ БОЛУҒА ДАЙЫН"

Британдық Independent газеті Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Орталық Азияға «Ресей аймақ елдері арқылы Батыстың санкцияларын айналып өтіп жатыр» деген хабар тараған шақта сапарлағанына назар аударды.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон осы аптада Орталық Азиядағы бес ел мен Моңғолияға келіп кеткен. Ол аймаққа сапары кезінде Ұлыбритания мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың «жаңа дәуірі» жайлы сөз қозғады. Аймақ «біз тап болған ең үлкен қатердің дәл бел ортасында тұрғанын» айтып, «қиындықпен қол жеткізген егемендікті» қолдайтын шараларды жария етті.

«Біз бұл жерге “серіктестікті күшейте түсейік, көп нәрсені бірге істейік” деу үшін келіп отырмыз», деді Кэмерон.

Мақала авторы Нина Ллойд Кэмеронның сапары кезінде ақпарат құралдары британдық қымбат көліктер посткеңестік мемлекеттер арқылы Ресейге әлі де жеткізіліп жатыр деген ақпарат таратқанына қайырылады. Мәскеу екі жылдан астам уақыт бұрын Украинаға басып кірген соң, Ұлыбритания Ресейге жоғары класс автомобильдерді экспорттауға тыйым салды. Бірақ Ресеймен көрші елдердің мұндай көліктерді кенет көп алдырта бастағаны күдік тудырады.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі Кэмеронның сапары алдында ол аймақ басшыларымен келіссөзде «санкцияларды айналып өту мәселесі төңірегіндегі талқы, адам құқықтары мен реформалар жайын көтереді», деп хабарлаған.

Видео: "Қазақстанға бізді ғана таңда демейміз". Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронмен сұхбат

"Қазақстанға бізді ғана таңда демейміз". Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронмен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Ал АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Дэвид Кэмерон бұл сапарда екі мақсат көздегенін жазды. Біріншіден, Кэмерон Орталық Азия арқылы қосалқы мақсаттағы тауарды Ресейге санкцияларды айналып өтіп жеткізуді барынша азайту қажетін жеткізеді. Екіншіден, аймақта экспорт бойынша негізгі серіктестер – Қазақстан және Өзбекстанмен коммерциялық қарым-қатынасты кеңейту, екіжақты қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылады.

Мақала авторы британдық Montfort консалтинг компаниясының Montfort Eurasia дамушы нарықтар бөлімшесінің талдау мен зерттеу бөлімінің жетекшісі София Нина Бурна-Асефи Орталық Азия мен Моңғолия аймақта ықпал үшін таласып жатқан ойыншылар – Ресей, Қытай, Иран мен Ауғанстанның бел ортасында қалғанын жазды.

Бұған дейін Ұлыбритания аймаққа Қытай және Ресеймен бәсекеге түсе алатындай міндеттемелер мен сауда бойынша серіктестікті ұсынбаған. Бірақ бұл сапар Лондонның Орталық Азияға қатысты ұстанымында өзгерістер болып жатқанын көрсетеді. Автор 2023 жылдың қарашасында британ парламентінің сыртқы істер комитеті Ұлыбританияның Орталық Азиядағы іс-қимылы бойынша баяндама жариялап, Лондон аймақпен серіктестікті күшейтуі керектігін жазған.

Ұлыбритания және Қазақстан сыртқы істер министрлерінің БАҚ алдына шығуы. Астана, 24 сәуір 2024 жыл.
Ұлыбритания және Қазақстан сыртқы істер министрлерінің БАҚ алдына шығуы. Астана, 24 сәуір 2024 жыл.

Ресей мен Қытай географиялық жағынан жақын болғандықтан, аймақта ықпалды ойыншы болып қала береді. Бірақ бұл басқа ойыншылар аймақпен серіктестіктен бас тартуы керек дегенді білдірмейді.

София Нина Бурна-Асефи бұл ретте Ұлыбритания үшін «мүмкіндік терезесі» ашылды дейді. Автордың ойынша, аймақтың өзі де Батыспен серіктестікке мүдделі, себебі оларға балама керек. «Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Моңғолия дәл қазір Ұлыбританияның [аймаққа] қатысуын қалайды. Орталық Азияда динамика өзгеріп жатқандықтан, Ұлыбритания бұл саладағы сыртқы саясатын түзеп, аймақта ірі және белсенді ойыншы болуға дайын», дейді ол.

БИШІМБАЕВТЫҢ СОТЫ "ҚОҒАМНЫҢ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЖАЙЛЫ КӨЗҚАРАСЫН ӨЗГЕРТТІ"

Associated Press ақпарат агенттігі өзінің азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы «асқан қатыгездікпен өлтірді» деген айып тағылған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен өтіп жатқан сот процесі елдің жанды жеріне тигенін жазды. Ондаған мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға үндейтін петицияға қол қойды.

11 сәуір күні сенат тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын мақұлдады, төрт күннен кейін оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Көпшілік бұл заңды қаза болған Нүкенованың құрметіне «Салтанат заңы» деп атап кетті.

Автор Джоанна Козловска Қазақстанда алғаш рет онлайн көрсетіліп жатқан сот процесіне қоғам назар бұрғанын, ол туралы әлеуметтік желіде пікірталас жүріп жатқанын байқаған. «Көпшілік мұны Тоқаевтың реформаларды іске асыру және шенеуніктерді жауапқа тарту жайлы уәдесін сынақтан өткізетін сәт деп санайды».

Бір кезде Батыста білім алған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында үкіметте жаңа тұлға болып көрінген 44 жастағы Бишімбаев 2017 жылы қаңтарда жемқорлық айыбы бойынша ұсталып, 2018 жылы наурызда он жылға сотталған. 2019 жылы қазанда шартты жазамен босап шыққан.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев (әйнек қоршау ішінде арғы жақта) пен немере бауыры Бақытжан Байжанов (берірек отыр) сот залында. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев (әйнек қоршау ішінде арғы жақта) пен немере бауыры Бақытжан Байжанов (берірек отыр) сот залында. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.

31 жастағы Нүкенова қарашада Астанада күйеуі Бишімбаевтың туысына тиесілі мейрамханада өлі күйде табылды. Оны «аса қатыгездікпен өлтірді» деген айып тағылған Бишімбаев сотта бірнеше апта бойы өзінің кінәсіз екенін айтумен болды, ал 24 сәуір күнгі отырыста оны ұрып-соққанын, «абайсызда» оның өліміне себепкер болғанын мойындады.

Нүкенованың ағасы, сот процесінде жәбірленуші Айтбек Амангелді ақпарат агенттігіне берген сұхбатында қарындасының қайғылы тағдыры қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көзқарасын, санасын өзгерткенін жеткізді.

2017 жылы «ұрып-соғу», «денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылып, негізінен айыппұл салынатын болды. Нүкенованың қазасынан кейін оның туыстары тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға үндеген онлайн петицияға қол жинай бастады, оған аз уақыттың ішінде 150 мыңнан астам қол қойды.

Тоқаев жақында қол қойған заң тұрмыстағы зорлық-зомбылық мен педофилияға қарсы жазаны күшейтеді. Алайда Айтбек Амангелді заңның соңғы нұсқасында оның отбасы мен жақтастары талап еткен кей баптар жоғын айтты. «Бізде аңду мен харассментке қарсы заң нормалары жоқ» деді ол.

Агенттік заң қабылданып жатқан тұста тәуелсіз құқық қорғаушыларға қысым жасалғанына назар аударды. 8 наурыз күні тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарын қолдап митинг өткізбек болған феминистер тобының наразылық акциясына рұқсат берілмеді. Желтоқсан айында Қазақстан зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қорғайтын «НеМолчи.KZ» қорының жетекшісі Дина Смаиловаға іздеу жариялады. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Смаиловаға қарсы алты қылмыстық іс қозғалған, арасында «алаяқтық» бабы да бар. Смаилова агенттікке берген сұхбатында Тоқаев қол қойған заңды «алғашқы қадам» деп бағалады, бірақ оны полиция мен соттардағы «сыбайлас жемқорлық пен непотизмді жойған соң» іске асыруға болатынын айтты.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БІРЫҢҒАЙ НАРЫҚ ҚҰРУ ТАЛПЫНЫСЫ МЕН КРЕМЛЬДІҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ

Eurasianet басылымы Орталық Азия елдері сауда кедергілерін жойып, аймақта бірыңғай нарықты қалыптастырудың алғышарттарын жасап жатқанына назар аударды. Бірақ Кремль бұған алаңдаулы, себебі Орталық Азиядағы еркін сауда Ресейді айналып өтетін коммерциялық байланысты күшейтеді.

АҚШ қолдауымен іске асып жатқан B5+1 форматының мақсаты − аймақта тауар мен қызметтің еркін қозғалысына жол ашатын бірыңғай нарық құру. Business 5+1 – АҚШ пен Орталық Азия елдерінің бизнес-қауымдастығы мен үкіметтері арасындағы диалог алаңы. Бұл форматтағы алғашқы форум наурызда Алматыда өтті.

B5+1 аймақта кеден процедурасын жеңілдетіп, коммерциялық дауларды реттеу мен меншік құқығын қорғайтын механизмдерді дамытуды көздейді, бұл көбірек инвестиция тартуға және Батыспен тауар айналымын арттыруға жол ашады. Басылым сәуір айында аймақта дипломатиялық белсенділік Орталық Азияның бұл жоспарды іске асыруға құлықты екенін көрсетеді дейді.

Сәуірде Қазақстанға келген Қырғызстан басшысы Жапаров пен ел президенті Тоқаев трансшекаралық тасымалды жеңілдететін келісімдерге қол қойды. Осы айда Өзбекстан президенті Мирзяев пен Тәжікстан президенті Рахмон 28 келісімге қол қойды, оның екеуі сауданы жеңілдетуге бағытталған.

Орталық Азияның сауда тосқауылдарын жою әрекеті Мәскеуді алаңдатып жатқанға ұқсайды. Кремльшіл «Независимая газета» басылымы 21 сәуір күнгі мақалада аймақта бірыңғай нарықтың жұмыс істеу мүмкіндігіне күмән келтіруге тырысты. Мәскеу мемлекеттк халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Александр Князев аймақта экономикалық интеграция туралы сөз қозғау ерте, көпжақты сауда жайлы келіссөз бірыңғай нарықты қалыптастыра алмағанын айтты. Ол B5+1 концепциясын сынап, аймақта сауданы «қиялдан туған көпжақты формат» емес, екіжақты келісімдер қалыптастыратынын жеткізді.

Eurasianet Алматыда өткен B5+1конференциясының қорытынды құжатында аймақ елдері адамдар мен тауардың трансшекаралық қозғалысына кедергілерді жою арқылы сауда шығынын азайтуға келіскенін келтіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG