Бір апта бұрын Қырғызстандағы Vertex Gold компаниясының директоры ұсталып, кәсіпорын жұмысы тоқтаған еді. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті қылмыс әлеміне танымал Қамшы Көлбаевтың "Братский круг" халықаралық қылмыстық ұйымына кіретін тобын қазақстандық кәсіпкер, Шатқалдағы Vertex Gold Company тау-кен өндіру компаниясының иегері Владимир Жұманбаев қаржыландырған деп есептейді. Комитет дерегінше, ол Қырғызстандағы қылмыстық топ басшысымен жақын араласып, ай сайын оған 1 миллион сом аударып отырған.
Арнаулы қызмет кәсіпорын қызметінен де қаржылық заңбұзушылықтар тапқан. Мәселен, компания табысын жасырған. Қазір Жұманбаевқа Интерполдан іздеу жарияланды.
"Владимир Жұманбаев пен Қамшыбек Асанбек (Қамшы Көлбаев) ақша бопсалау, кәсіпкерлерден ақша жинау, кісі өлтіру, адам ұрлау, қылмыстық топ құру және басқа да ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп айыпталып отыр. Жұманбаев Vertex Gold иесі ретінде Қырғызстанда бизнеспен айналысып жүріп, компаниядағы өкілетті тұлғаларға ай сайын Көлбаевқа миллион сом көлемінде ақша аударуды тапсырған. Бірнеше рет Көлбаевпен демалыс орнында кездескен. Ол жаққа жеке ұшағымен барған. Бішкек аудандық салық департаментіне жалған есеп өткізген. Сот шешімі бойынша, Жұманбаевқа Интерполдан іздеу жарияланды", – делінген ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет хабарламасында.
Forbes Қазақстан басылымының дерегінше, Жұманбаев Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 25-орында тұр. Оның байлығы 364 миллион доллар деп бағаланған. Кәсіпкер "Алтын Алмас" және "Қаражыра" компаниялары акциясының 20 пайызына ие. "Бенкала", "Ронсон-2000", Vertex компанияларының 30 пайыз акциясы да соның қолында. Бұған қоса, Жұманбаев – "Қазақмыс" компаниясы топ-менеджерлерінің бірі.
Tengrinews.kz сайты "Қазақмыс" компаниясының кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалуына байланысы пікірін жариялады:
"Владимир Жұманбаевтың Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті атаған топтарға еш қатысы жоқ. Ол қазір еңбек демалысында. Жұманбаев құқық қорғау органдарынан жасырынған жоқ, тергеуге көмектесуге дайын. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен ресми хат келмеді".
Жақында Қырғызстандағы Vertex Gold компаниясының директоры Денис Ярмошкиннің тұтқындалғаны белгілі болды.
Компания өкілі Азаттыққа Ярмошкиннің 30 мамырда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің Талас аудандық бөлімшесіне тергеуге барғаннан кейін ұсталғанын айтты. Оған дейін компанияда тексеру жүріп, директор ұсталған күні кәсіпорын жабылған. Компания өкілдері Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездескен. Қазір ресейлік компаниямен серіктестік мәселесі қаралып жатыр.
– Кәсіпорын жабылды, жұмыс тоқтап тұр. Нысанда күзет қызметі ғана қалды. Президентпен сөйлестік, тергеу тоқтаған соң, компания ашылады деді. Директор 30 мамырда ұсталды. Оған дейін компанияда қысқарту жүрді, кейін жабылып қалды. Қазір ресейлік компаниямен сөйлесіп жатырмыз. Солармен жұмыс істесек деген ниетіміз бар. Шатқалда ақша жоқ дейді. Шахтада 700-дей адам істейтін. Жалдамалы компанияларды қосқанда 1000 шақты кісі бар. Қазір бәрі жұмыссыз отыр. Қазақ инвесторлар не өз үлесін алып кетеді, не компаниямен бірге қалады. Фабрика жабылған жоқ, қайта іске қосылады. Президенттің өзі өндіріс тоқтамауы керек деді. Бүгін президентке кірдім. Ол "сот шешімі шыққан соң, қанша салық төленбегені анықталады. Содан кейін 3-4 ай уақыт береміз. Сол уақыт ішінде қарызын төлемесе, түрмеге жабылады" деді.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет Vertex Gold компаниясы директорының ұсталуына қатысты пікір білдірмеді. Президент әкімшілігі Садыр Жапаровтың компания өкілдерімен кездесуі жайлы ақпарат жариялаған жоқ.
Шатқал ауданы әкімі Алтынбек Сенірбаевтың айтуынша, жергілікті билік кәсіпорын жұмысының тоқтауы зауытпен байланысты деп естіген.
– Жаңа зауыт салынған. Кен құрамы фабрика талаптарына сай келмепті. Бұрын кенді Қазақстандағы Балқашқа апаратын. Шығынды есептеген соң былтыр өзімізде зауыт салды. Зауыт жұмысы басталғанда кен түрі өзгеріп кетті. Күтілген кен шықпады, құм мен лай аралас болды. Фабрика оны дұрыс тазалай алмаған, жұмыс технологиясын өзгерту үшін кәсіпорын жабылып қалды. Жұмысшыларды 2 айға таратып жіберді, жалақының 65 пайыз төлейтін болды. Қазір компания жұмысында заңбұзушылықтар анықталды деп жатыр. "Директордың ұсталғаны жайлы ештеңе білмейміз", – деді Сенірбаев.
Осыған дейін Vertex Gold компаниясына қатысты кикілжің болған, біраз сын-пікір де айтылған. Жергілікті тұрғындар кәсіпорынның су айдыны жанына улы қалдықтар жинайтын қойма салғанына қарсылық білдірген. Қойманы жабуды талап етіп, митингіге де шыққан. Компания өкілдері кәсіпорын суды қалдықпен ластайды деген айыптауларды жоққа шығарды.
2021 жылы жазда Жогорку Кеңештің алдыңғы шақырылымында Vertex Gold компаниясы қызметі мен оның қоршаған ортаға әсерін, тау-кен саласындағы заңдардың сақталуын зерттейтін депутаттық комиссия құрылған. Комиссия мүшесінің бұрынғы орынбасары Сайдулла Нышанов ол кезде кей кәсіпкерлер билік тарапынан қорғауға ие бола алмағандықтан, қылмыстық топтарға ақша төлеуге мәжбүр болды дейді.
– Талас асуы арқылы шахтаға бардық. Кенді Майма станциясына жеткізіп, ары қарай Қазақстанға жіберетін. Шахтаға барғанда компания иесі кім екенін білмедік. Өз басым сұраған да жоқпын. Тексеру барысында айқын бір заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Зауыт салайын деп жатқан еді. Біз келді деп естіген жұрт сол маңға жиналды. Олардың кей аргументтері дұрыс болды. Бірақ кей адамдарды компанияға айдап салып отырған топтар барын байқадым. Меніңше, кәсіпкерлер қылмыскерлерге өздері бармайды. Билік әлжуаз болса, бизнесті қорғай алмаса, қылмыстық топтар келіп, кәсіпкерлерді ай немесе жыл сайынғы төлемдерге міндеттеп қояды. Салық төлемесе де, қылмыстық топтардың сұраған ақшасын кешіктірмейді. Қазір кәсіпкерлердің қылмыстық топтарға қатысы бар деп айтылып жатыр. Бірақ бизнесмендердің біразы қорыққаннан ақша төлеген, – дейді ол.
Vertex Gold Company Шатқалдағы Жамғыр кен орнын 2011 жылдан бері игеріп келеді. Кен орнынан 1,5 тонна алтын және 685 килограмм күміс табылған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Элеонора Бейшенбекқызының материалынан аударылды.