Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы оның екінші мерзімге сайлану үшін бақ сынап көретінін айтты. Бұл шешімді президенттің жақын серіктесі, ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Ташиев те қолдады. 2020 жылғы наразылық кезінде билікке келген бұл жұп оппозицияның түбіне жетіп, азаматтық қоғамға шүйлігіп, тәуелсіз журналистерге қырғидай тиген еді.
Кейінгі үш жылда Қырғызстандағы саяси жағдайды бақылаушылар Садыр Жапаров екінші мерзімге билікте қалу үшін сайлауға түседі деген хабарға таңғалмайды. Бірақ президент пен оның серіктесі Қамшыбек Ташиевтің елдегі саяси ландшафтты қалай өзгерткені бәріне қызық.
29 қаңтарда министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов халық 55 жастағы Жапаровтың президент қызметінен кетуіне жол бермейді деген пікір айтты.
— Президентіміз келесі сайлауға қатысады, — деді ол Азаттықтың Қырғыз қызметі дайындаған “Эксперт талдайт” (Сарапшы талдауы) бағдарламасында. — Конституцияда осындай мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан Жапаров жарты жолдан тастап кетпейді. Халықтың өзі бұған жол бермейді. Ел үміті бар, алдағы үш жылда үлкен жетістіктердің куәсі боламыз.
Көп ұзамай Байсаловтың сөзі расталды. Жапаровтың ресми өкілі президент 2026 жылы өтетін сайлауға қатысатынын айтты.
Жапаровтың жақын серіктесі, ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Ташиев те президенттің екінші рет сайлауға қатысу идеясын қолдады. Ол осылай Ташиевтің президент тағынан дәмесі бар деген сыбыстарға нүкте қойды.
Ташиев Жапаровтың 2021 жылы ескі Конституция кезінде билікке келгенін, сондықтан сол кездегі заң бойынша алты жыл президент бола алатынын айтты. Бірақ бұрынғы Конституция бойынша президенттер екінші мерзімге сайлана алмайтын. Ал кейін қабылданған жаңа Конституцияда мұндай мүмкіндік қарастырылған.
“Сондықтан 2027 жылы Жапаров тағы 5 жылға екінші мерзімге сайлана алады”, — деп жазды Ташиев Facebook парақшасында.
— 8 жылдан кейін елде Садыр Жапаров сияқты халық жанашыры шығатынына сенемін, — деді ол.
Бұл Жапаров билігі ұзаққа созылуы мүмкін екенін көрсетеді. Қырғызстанда билік режимдерінің ғұмыры ұзаққа созылмайтын. Бұрынғы үш президент жаппай наразылық кезінде биліктен қуылған еді.
Бірақ қазір Қырғызстан өзгерген.
Сахна сыртындағы ықпалды ойыншылар, президентпен бірдей құзыретке ие болған тұлғалар қалмаған сияқты. Үкімет пен оппозиция арасында жүретін, сайлаудан қалмайтын саясаткерлер мен бизнес магнаттар да көрінбейді.
Журналистер, белсенділер мен билік сыншылары түрмеге жабылғаннан кейін Қырғызстанның азаматтық қоғамы да тынышталып қалды.
— Қазіргідей аралық кезеңде бұрынғы режимдермен салыстырғанда, президент үшін билікті орталықтандыруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Қырғызстанның осыған дейінгі тарихынан сабақ алсақ, үкімет тым асыра сілтеп жібергенде бәрі тез арада өзгеруі мүмкін екенін білеміз, — дейді Швециядағы халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Йохан Энгвалл.
Жапаров пен Ташиев билікке келмей тұрып 10 жыл бұрын Қырғызстанда президентке бар билікті қолына жинауға мүмкіндік беретін Конституция болатын. Бірақ ескі Конституция бойынша жалпыхалықтық сайлау негізінде билікке келген Алмазбек Атамбаев екінші рет сайлауға түсуден бас тартты.
2010 жылғы Конституцияға революция нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің хикаясы негіз болды. Қос президент те отбасы мүшелерінің көмегімен, ашық түрде билігін күшейтуге тырысып, мұның соңы революцияға әкеліп соқты.
Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстандағы билік режимдерінде мұндай мәселе болмады. Сондықтан көрші елдермен салыстырғанда, Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық бірден көзге түсетін.
Қырғызстан туралы “Мемлекет инвестициялық нарық сияқты” деген кітап жазған Энгвалдың пікірінше, Бішкек пен Орталық Азиядағы басқа билік режимдерінің арасындағы айырмашылық — саяси экономикада.
— Қырғызстандағы саяси билік пен экономикалық байлық өзара тығыз байланысты. Бірақ елдің экономикалық ресурстары әртүрлі кәсіпкерлер мен депутаттардың қолында. Президенттер тиімді табыс жолдарын толықтай бақылауына ала алмады, — дейді Энгвалл Азаттық редакциясына жіберген хатында.
Қазір Жапаров пен Ташиев авторитар Бакиевтің қателігінен сабақ алуға тырысып жатыр. Екеуі де Бакиевтің тұсында жоғары лауазымға ие болған.
2021 жылы үкімет шетелдіктерге басқаруға берілген “Құмтөр” алтын кенішін мемлекетке қайтарды. Канадалық Centerra Gold компаниясы үкіметпен мәселесін соттан тыс тәртіпте шешіп алды.
Жапаров пен Ташиев билікке келген бірінші жылы “Құмтөр” кенішінің мемлекет иелігіне қайтуы бюджет табысын арттырып, жалақыны көтеруге сеп болды. Бұл жаңа президенттің рейтингін көтерді. Бакиев үшін халықтың ықыласына бөлену қиын мәселе еді.
Билік алтын шахтасын қайтаруға кіріскенде, Құмтөрдегі жемқорлық ісі бойынша тергеу бастап, лауазымды шенеуніктерді қамауға алды. Олар көп ұзамай бостандыққа шықты, бірақ мемлекетке біраз ақша төлеуге мәжбүр болды.
Ташиевтің айтуынша, бұрын президент сайлауына қатысқан экс-премьер-министр Өмірбек Бабанов мемлекетке 1 миллиард сом (11 миллион доллардан астам) ақша төлеген.
Байлығы аздау шенеуніктер де мемлекетке қарызын өтеді.
Былтыр билік елдегі ең ірі арақ өндіруші “Аю” компаниясы мемлекет иелігіне өтетінін хабарлады. Компания басшысы шетелде тұратын науқас кісі деп айтылады. Ол 2015 және 2020 жылдардағы парламент сайлауына қатысқан партияны қаржыландырған.
Ал қырғыз халқы үшін жемқорлық пен күйреген жүйе белгісіне айналған тұлғалардың жайы не болады?
Контрабанда және ақша жымқыру жөніндегі зерттеулер кезінде Азаттық пен басқа да ақпарат құралдарына сұхбат берген ақпарат көздері криминалды авторитет Қамшыбек Көлбаев пен кеден қызметінің бұрынғы басшысы Райымбек Матраимовты миллиардтаған долларлық астыртын империя мүшелері деп атаған.
Қос азамат та АҚШ қаржы министрлігінің санкциясына іліккен. Бұл Көлбаевтың трансұлттық адам және есірткі саудасына қатысы бар “заңдағы қылмыскер”, Матраимовтың кеден қызметіндегі жемқорлықтан жүздеген миллион доллар табыс тауып отырған шенеунік екенін көрсетеді. «Заңдағы қылмыскер» — постсоветтік елдердегі қылмыстық топтарға берілетін жоғары атақ.
Қырғызстанда Көлбаев пен Матраимов тиісті жауапқа тартылған жоқ. Жапаров билікке жаңа келгенде қос шенеунік біршама уақыт түрмеде отырып шықты. Кейін қамаудан босап, билікке қайта оралды.
Бірақ енді бәрі өзгерді.
Қазанда Көлбаев Бішкек орталығындағы мейрамханаға жасалған рейд кезінде Ташиев басқаратын ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет қызметкерлерінің қолынан қаза тапты. Бұл шара ықтимал бандиттерді қудалау бойынша жалпыұлттық операцияның бастамасы болды.
Елге аты белгілі қылмыскерлердің көбі видео жариялап, өздерінің криминалды әлемге қатысы жоғын айтып, ақтала бастады.
Жапаров Көлбаевтың қазасы туралы көп пікір білдірген жоқ.
Бірақ 25 қаңтарда Жапаров мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында парламент сайлауынан кейін басталған наразылық кезінде өзінің билікке келуіне Көлбаев көмектесті деген қауесетті жоққа шығарды. Жапаров ол кезде түрмеде отырған оппозициялық саясаткер еді.
Матраимов қазір ресми түрде тұтқындалған. Бірақ оның қай жерде қамауда отырғаны белгісіз.
Ташиев 27 қаңтарда бұрынғы шенеуніктің туған жері — Ош қаласында сөйлеген сөзінде билік Матраимовтың бар байлығын тәркілеуді бастағанын айтты. Ол “Матраимов болашақта Қырғызстанда тұрғысы келсе, қарапайым Шевроле Матиз көлігін мініп жүреді” деп әзілдеді.
Тәуелсіз саясаттанушы Айжан Шаршенова Көлбаев қылмыс әлеміндегі адалдық кодексімен өмір сүретін мықты адамның образын қалыптастырғанымен, қырғыз халқы бұл жұптың биліктен кеткенін қолдайды дейді.
Сарапшы пікірінше, Қырғызстанның авторитар саяси жүйесі ықпалды тұлғаларсыз-ақ “ретсіз, институционалды даму белгілері аз” жүйе болып қала береді.
— Қазіргі мемлекеттік билік тармақтары тұлғаларға бағытталған және қос көшбасшы — президент Жапаров пен ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Ташиевке байланған, — дейді Шаршенова.
ПІКІРЛЕР