Өзбекстанда "ұнамсыз тұлғаларға" қатысты үкімет саясатын реттейтін жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Өзбекстанның кей шенеуніктері оны кейінгі кезде Өзбекстанға қатысты шовинистік сипатта мәлімдемелер жасап жатқан ресейлік тұлғаларға қарсы заң болады деп қуанды. Алайда аталған заң билікке жақпайтын сұрақтар қоятын шетелдік журналистердің елге кіре алмауы жиілеген тұста пайда болды.
Ресейлік шовинистерге "лайықты жауап" па әлде бұл шетелдік сыншылардың Өзбекстанға кіруіне тосқауыл ма? Бұл сұрақтың жауабы кімнен сұрағаныңызға байланысты.
Сұрақ кімге бағытталса да, Өзбекстан "ұнамсыз тұлғалар" туралы заң қабылдауға дайындалып жатқан тәрізді. Бұл билікке Өзбекстан мемлекеті мен өзбек халқын қорлады деген сылтаумен шетел және азаматтығы жоқ тұлғаларды депортациялауға немесе елге кіргізбей қоюға мүмкіндік береді.
Өзбекстан парламентінің төменгі палатасының баспасөз қызметі заң жобасын дайындауға "жаһандану дәуірінде Өзбекстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғауға қосымша шаралар қажеттігі түрткі болды" дейді.
Өткен айда заң жобасы төменгі палатада соңғы рет қаралып, мақұлданған. Енді сенат та дәл осындай шешімге келіп, президент қол қойса, заң жобасы қабылданады.
Заң күшіне енген соң Өзбекстанның тәуелсіздігі, территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігіне қарсы мемлекетаралық, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни араздық туғызатын үндеулер мен іс-қимылдар жасаған, өзбек халқының ар-намысы, беделі мен тарихына тіл тигізген шетелдіктерге шара қолданылады.
Бұл заң ресейлік шовинистер өзбек халқының намысына тиетін мәлімдеме жасағаннан кейін қарала бастады.
Кейінгі жылдары Өзбекстан билікке қолайсыз сұрақтар қоятын шетелдік журналистер мен белсенділерге қысымды күшейткен. Сондықтан жаңа заң шетелде тұратын өзбек белсенділері, журналистер мен құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр.
ПРИЛЕПИН ЗАҢЫ МА?
Ресейлік саясаткер, әсіре ұлтшыл жазушы Захар Прилепин желтоқсанда Мәскеуде өткен баспасөз конференциясында Өзбекстан мен өзбектерді қорлап, әжуалады. Өзбекстан халқына бұл ұнаған жоқ.
Прилепин Ресейге еңбек мигранттарын жіберетін елдерді «қосып», азаматтарына жергілікті жерлерде, мәселен, Өзбекстанда орыс тілін үйретуге шақырды.
“Ресей Совет Одағының тарауы туралы құжаттарды жарамсыз танып, постсоветтік елдерді өзіне қосып алса болады”, — деді ол.
«2 миллион азаматтарыңыз біздің елде жүрген соң, біз де сіздердің территорияларыңызды талап ете аламыз», — деді Прилепин.
Өзбекстан мұны жауапсыз қалдыра алмады.
Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Олег Мальгиновты жедел шақырып алып, Прилепиннің мәлімдемесіне қарсы наразылық білдірді.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі “Прилепиннің мәлімдемесі Ресейдің ресми позициясын білдірмейді” деді.
Азаттықтың Telegram топтарына жүргізген мониторингі азаматтардың көбі Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы мақұлдаған заңды қабылдауға шақырып жатқанын көрсетті.
Қаңтарда тағы бір ресейлік қоғам қайраткері Михаил Смолин НТВ арнасындағы ток-шоуда өзбек халқының тарихына күмән келтірді.
Үкімет кеңесшісі, бұрынғы депутат, президент әкімшілігі жүргізген реформаларды қолдайтын Расул Көшербаев Telegram арнасында Прилепин мен Өзбекстанды басып алғысы келетіндерге қатысты балағат сөз айтты.
Жарты жылдан кейін Көшербаев шовинистердің үстінен мысқылдай сөйледі.
«Осыған дейін шетел саясаткерлері Өзбекстанды қорлайтын мәлімдемелер жасап еді. Болашақта күшіне енетін жаңа заң осындай шовинистерге лайықты жауап болады», — деді ол.
Еуропа мен Орталық Азияда орналасқан 30 шақты құқық қорғау тобы бұл пікірмен келіспейді.
Олар 5 шілдеде ортақ мәлімдеме жасап, заңға ұсынылған өзгерістер пікір еркіндігін бұзып, елді оқшауландыра түседі деді.
Мирзияев билікке келгелі өзін бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсында әлемнен оқшау мемлекетке айналған Өзбекстанды ашық, еркін елге айналдыратын басшы етіп көрсетуге тырысты. Сондықтан қазір Өзбекстанның Каримов дәуіріне қайта оралып жатқаны ақылға қонбайды.
Елге кіруге тыйым салудан бөлек, ұнамсыз тұлғалар туралы заң жобасында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға депортацияның екі түрі қарастырылған. Біреуі – жұмсақ, екіншісі — қатаң. Екі жағдайда да депортацияланған азаматқа бес жылға дейін елге кіруге тыйым салынады.
Құжатқа сәйкес, заңды бұзған шетелдіктерге ерікті түрде елден кетуге 10 күн уақыт береді.
«[Ұнамсыз] тұлға белгіленген мерзім ішінде ерікті түрде елден кетпесе, ішкі істер органдары оны күштеп депортациялайды…», — делінген заң жобасында.
Басқа шектеулер жағымсыз тұлғаларға банк шотын ашуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға, мүлікті жекешелендіруге, Өзбекстан азаматтарымен қаржылық және шартты қарым-қатынас құруға тыйым салады.
Өзбекстан билігі Ресейде «ұнамсыз ұйымдар туралы» заң барын, Беларусь, Польша да Ресейдің ізімен осындай заңдар қабылдағанын алға тартады.
Заңда жазылғандардың көбі Прилепинге арналмаған сияқты. Ол Өзбекстан туралы мәлімдеме жасағаннан кейін Ташкентке баруды немесе ол жақтан үй сатып алуды ойлап жүрмегені анық.
Бірақ бұл заң шетелдік құқық қорғаушылардың өмірін қиындатады. Әсіресе, Өзбекстанда туып, басқа елге көшіп кеткен азаматтар туған жеріндегі әріптестерін қолдауға келгенде, қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Мақта өнеркәсібінде істейтін жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғаумен айналысатын ғаламдық Cotton Campaign коалициясы мамырда құқық қорғаушы Умида Ниязованың Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болғанын жазды. Ниязова мен жергілікті журналист Шарифа Мадрахимованы үйінің жанында бірнеше ер адам қорқытқан.
Құқық қорғаушыны қорқытқан азаматтардың бірі үкіметшіл блогер болған. Ол Ниязованы “Өзбекстанға ақпараттық шабуыл ұйымдастырдың” деп айыптаған.
Ниязова Өзбекстанда туған, қазір Берлинде тұрады. Өзбекстандағы еңбек құқықтарын бақылайтын Өзбек форумын басқарады.
Ол 2007 жылы Өзбекстанда 4 ай түрмеде отырған. Ол кезде билік Әндіжандағы көтерілісті күшпен басқаннан кейін азаматтық қоғам өкілдері мен ақпарат құралдарын қыспаққа алған еді.
Қазір Германия азаматтығын алған Ниязова 2021 жылы Өзбекстанға қайта оралды. 2023 жылы оны Еуропалық қайта құру және даму банкінің Самарқанда өткен жиынына шақырды.
«[2024 жыл] қатты қиын болды. Аңду. Қорқытып-үркіту. Сізді жақтырмаймыз дегенді барынша түсіндіруге тырысты», — дейді Ниязова.
Ниязова мен Мадрахимова Ферғанада қоқан-лоқы көрген соң, құқық қорғаушы Ташкентте Өзбек форумдағы әріптестерімен кездесе алмаған. Өйткені ұйым өкілдерін полиция шақырып, бірнеше сағат бойы тергеген.
«Оларға ешқандай айып тағылған жоқ. Психологиялық қорқыту амалы. [Полиция] «Еліміздің жауларымен неге жұмыс істейсіңдер?» дегендей сұрақтар қойған», — дейді ол.
СЕНЕН БАСҚАСЫНЫҢ БӘРІНЕ ЕСІК АШЫҚ
Мирзияев үкіметі Орталық Азиядағы жағдайға немқұрайлы қарайтын азаматтардың өзін алаңдатып отыр.
Мирзияев билікке келмей тұрып, өзбек азаматтары елден шығу үшін виза алатын. 2020 жылы қаңтарда Өзбекстан Орталық Азиядағы туризмге ашық елге айналып, 85 елге визасыз режим ұсынды. Бірақ бұл елдер қатарында АҚШ жоқ.
Халықаралық имидж тұрғысынан алғанда, Өзбекстан билігі азаматтарды мақта жинауға күштеп жегуге тыйым салып, сәтті науқан жүргізді. Халықаралық еңбек ұйымы мақта жинау науқанын “әлемдегі ең ірі маусымдық жұмыс күші мобилизациясы” деп бағалаған.
Осы өзгерістердің арқасында өзбек мақтасына салынған 10 жылдық бойкот жойылып, 2019 жылы Economist журналы Өзбекстанды “жыл мемлекеті” деп атады.
Мирзияевтің 8 жылға созылған билігінің екінші жартысында блогерлерді түрмеге жабу, шетелдік журналистер мен белсенділерді депортациялау, жазалаушы заңдар қабылдау жиілеп, 2022 жылы Қарақалпақстандағы үкіметке қарсы наразылық күшпен басылды.
Кейінгі жаңалықтардан кейін Ташкент өзіне қарсы сынды азайтқысы келетін сияқты.
Өзбекстанды «жыл мемлекеті» деп атаған басылым тілшісі Джоанна Лиллис 2023 жылы ақпанда аккредитациясын ұзартуға өтініш беріп, әлі ала алмаған. Билік журналистен Өзбекстанға сапары кезінде кәсіби қызметпен айналыспауды сұраған.
АҚШ азаматы, Human Rights Watch зерттеушісі Мира Риттман биыл сәуірде өзбек визасын алуға өтініш берген. Ол Өзбекстанға соңғы рет 2023 жылдың соңында барған.
Бірақ Өзбекстан билігі Мира Риттманға да виза бермей қойған.
Каримовтың тұсында Өзбекстаннан қуылғандар әлі күнге қара тізімде екенін айтады. Бұл тізім 1990-жылдардан басталады.
Кей азаматтарға елге оралуға рұқсат берген, бірақ кейін қайта қудалаған.
Журналист әрі режиссер-документалист Шахида Якуб — Өзбекстанда туған, қазір Ұлыбритания азаматы. Ол 2022 жылы Өзбекстанға туысын жерлеуге барғанда, шекарада бір сағат бойы жұмысы жайлы сұрақтарға жауап беріп, тергеуде болған. 2023 жылы сәуірде туған жеріне қайта барған Шахиданы елге кіргізбей қойған.
Бұл — Өзбекстандағы қысымды дәлелдейтін жалғыз мысал емес. Мәселен, Польша журналисі Агнешка Пикулицка-Вильчевская 2021 жылы Өзбекстаннан депортацияланды. Елден қуылған азаматтар арасында ресейлік шовинистер жоқ.
Өзбекстан “жақсы көретін” шетелдік қонақтар қатарында Украинаның оккупацияланған Донецк облысын басқаратын Денис Пушилин бар. АҚШ, Еуроодақ пен тағы алты мемлекет оған санкция салған.
Өзін республика деп атаған «Донецк Халық Республикасының» 23 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Пушилиннің Өзбекстанға баруы «жұмыс сапары» деп сипатталған.
Ол Ташкент облысындағы технологиялық бизнес парк идеясын жүзеге асырып, Мариупольдегі бұрынғы болат құю зауыты – Азовстальде эко-технопарк құрғысы келетінін айтты. Қазір зауыт Ресей әскері қоршауға алған қанды шайқастан кейін қирап жатыр.
“Дос мемлекеттермен әріптестік арқасында, жаңа тәжірибе алмасуға, интеллектуалды капиталды арттырып, заманауи технологиялар мен инновациялар енгізуге мүмкіндік бар”, — деді Пушилин.
Азаттық Өзбекстанның сыртқы істер министрлігіне Ниязова, Риттман, Лиллис ісі бойынша сұрақтар жіберді, бірақ мақала жарияланғанға дейін жауап келмеді.